Әлі бар құпиясы ашылмаған

Уақыты: 04.10.2016
Оқылды: 2048
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемнің жеті кереметі деп алысқа көз тігетініміз бар. Әйтсе де иегіміздің астында тұрған «Алтын­емел» мемлекеттік ұлттық паркін көру бір арман. Расында барған да арманда, бармаған да арманда. Тауы тылсым, құмы әнші, тарихтан сыр шерткен көне мекеннің аты бүгінде алысқа кеткен. Жер әлемді шарлаған саяхатшылар бір соқпай кетпейтін Жетісудың таңғажайып мекені Алтынемелге біз де барып қайтуды жөн санадық. Мемлекеттік ұлттық парк болып құрылғанына да биыл аттай жиырма жыл болыпты. Жас жігіттің жасына жеткен парктің тыныс-тіршілігі мен атқарған ауқымды жұмысымен танысып, саяхатшылардың сұранысына жағдай жасап отырған «Алтын­емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктің бас директоры Қалық Баядиловпен тілдесудің сәті түсті.  Басшымен болған сұхбатты назарларыңызға 
ұсынайық.

– Қалық Оңғарұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын жиырмажылдық мерейтойларыңызбен құттықтап өткім келеді. Осы мерейтойды қалай атап өткелі жатырсыздар, әңгімені осыдан бастасаңыз?
– Рахмет! «Тойдың болғанынан – боладысы қызық» дегендей, бар қарқынмен дайындалып жатырмыз. Бізде той өткізудің түрі көп. Атам қазақ той дегенде жанын салып, бар жақсысын көрсететіні бар ғой. Ал бұл той, сіз ойлағандай емес, өзгеше болады. Ат шаптырып, ән шырқатып, ас беріп емес, ғылыми-танымдық конфереция түрінде өтеді. Өздеріңізге белгілі, Алтын- емел аймағы зерттеуді қажет ететін мекен. Көне заманнан сыр шертіп, құпиясын жасырып жатқан аймақ. Бүгінгі заманның талабы да осы. Барымызды сыртқа танытудың бір қыры – ғылыми жетістіктер. Ғылыми конференцияға алыс-жақын шетелдерден ғалымдар келеді. Мәселен, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыз елінің мамандары келіп, осы жерде жұмыстарын көрсетеді. Сол кезде біз де өзіміздің ғылыми жұмыстарымызды көрсетіп, ғалымдардың назарын Алтынемелге бұрамыз деген ойымыз бар. Мұның себебі, бүгінде біз БҰҰ мен келісімшартқа отырып, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ұйымның бізге берері көп және туризмді дамытуда көптеген алғышарттары бар. Бұл заман талабы.
– Келетін қонақтарға және жалпы саяхатшыларға дайындаған қандай жаңалықтарыңыз бар? 
– Жаңалықтар көп. Ең алдымен атап айтарымыз – бас ғимараттың қасынан үлкен мұражай жасап жатырмыз. Оның іші екі бөлікке бөлінген. Біріншісі Алтын­емелде кездесетін жануарлар, өсімдіктер, тарихи орындардың мүсіні болса, екіншісі «визит центр» деп отырмыз. Саяхатшы бұл жерден толық мағлұмат алып, парктің төрт бағыты бойынша жұмыстармен танысады. Мысалға, бізде төрт бағыт бар десек, сол бағыттар бойынша мұражай қызметкерлері мағлұмат береді. Сол кезде келген саяхатшы осы арқылы өзін қызықтырған аймақты таңдап, сол бағытқа баруға тапсырыс береді. Егер төрт бағытты да көремін десе, оған да жағдай туғызамыз. Ал көре алмай кеткен аймақты осы арқылы біліп, қанығып, келесі жолғы жоспарына енгізуге мүмкіндік туады. Осы үшін үлкен мұражай ашқалы отырмыз. Оның сыртында бізде көптеген шығармашылық бірлестіктер бар. Мектеп, жоғары оқу орындарымен байланыс үзілмейді. Мұны қызыққан студенттердің де сұранысы деуге болады.
– Ауыз толтырып айтатын жаңалықтың бірі екен. Жаңа бір сөзіңізде шығармашылық байланыс деп қалдыңыз. Осы жайына кеңінен тоқталсаңыз?
– Сөзімнің басында айттым, Алтынемел жай ғана саяхаттап кететін аймақ емес, зерттеуді талап ететін жер. Тарихы тереңде жатыр. Әрбір тасы мен құмының, мекен еткен аң-құстарының да құпиясы жетерлік. Осының барлығы ғалымдар мен тарихшылар үшін таптырмас жұмыс. Сол себепті де біз республиканың көптеген жоғары оқу орындарымен байланыс жасап, екіжақты келісімшартқа отырғанбыз. Олар арнайы ғылыми-практикалық жұмыстарын жүргізуге бізге келеді. Өздерінің жұмыстарын көрсетіп, осы жерден зерттеулер жасайды. Білімгерлер де практикалық жұмысқа келіп, қажеттерін тауып жатады. Шығармашылық байланыс дегеніміз осы. Жас ғалымдар ғылыми жұмыстарын қорғап, үлкен басылымдарға жариялайды. Осындай жақсы үрдістердің арқасында Алтынемел паркі әлемге әйгілі болуда деп тұжырымдауға болады. Мұнымен қоса біз біраз жылдан бері конкурстар ұйымдастырып келеміз. Ол конкурс «Парктер шеруі» деп аталады. Онда түрлі номинация бойынша бәйгеге түседі. Талап бойынша сурет, үздік мақала, үздік өлең, зерттеу жұмыстары қабылданып, қорытындысы шығарылады. Жеңімпаз атанғандар арнайы сыйлықтармен марапатталып, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тарихына есімдерін алтын әріппен жазады. Бұл да жарнаманың бір түрі. 
– Расында да ойланатын, қызығатын жаңалық екен. Ал жарнама жағы қалай жолға қойылған?
– Бұл жайынан да көптеген іс атқарылып келеді. Жыл сайын туристік слеттерге қатысып тұрамыз. Әлемнің туристік компаниялары бас қосқан жиында көптеген туристік компаниялармен меморандумға қол қойып, келісімшарттар жасаймыз. Сол кезде Алтын­емелдің барлық құндылықтары белгіленген брошюра, буклет, журналдарды ұсынып, бейнероликтер көрсетіледі. Сонымен қатар шет мемлекеттегі туристердің слеттеріне де қатысып тұрамыз. Мекеменің қызметкерлері бара алмаған жағдайда облыстық туризм басқармасының қызметкерлері және әріптестік танытып отырған компаниялар, министрлік қызметкерлері Алтынемел жайлы жарнама жасайды. Соның арқасында туристердің саны артып келеді.
– Саяхатшылардың келуі қалай? Жалпы келушілердің басым көпшілігі отандық па, шет мемлекеттен бе?
– Біз бұған дейін ішкі туризмді дамытуға көп еңбек еттік. Қуанышқа қарай, ішкі туризм жақсы қарқын алып келеді. Отандық саяхатшылардың да саны артуда. Жыл санап Алтынемелге аңсары ауатындардың қарасы молаюда. Кейінгі жылдарда сырт елдерден келушілер саны артты. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл бес пайызға көбейді. Олардың көпшілігі Еуропадан. Азия да қалысатын емес. Мысалға, бүгіннің өзінде Италиядан он жеті турист келіп біздің аймақты аралап жүр. Оның сыртында Түркия, Голландия, Франция елінің өкілдері де бар. Ресейдің де саяхатшылары көп келеді. Бірнеше рет қайталап келіп жатқандар бар арасында. Олар келген сайын өздерімен қоса басқа да саяхатшыларды ерте келеді. Бұл біз үшін қуанарлық жағдай. Жиырма жылдың ішінде істелген ауқымды жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады.
– Сырттан келушілер көп дейсіз, олардың сұранысына сіздердің мүмкіндіктеріңіз сай келе ме?
– Әрине, олар келер алдында өздерінің талаптарын ұсынады, біз соған қарай жұмыс жасаймыз. Бағана айтып кеттім ғой, турис­тік компаниялармен бірлесіп жұмыс жасау­дамыз деп. Міне, сол компаниялар талаптарды орындауға талпынады және біз де өз тарапымыздан бар күшімізді саламыз. Осы жерде айта кетейін, сырттан келгендердің барлығының біздің табиғатқа және тарихи тылсым жерлерге деген сұранысы жоғары. Бізде төрт бағыт бар. Сол төрт бағытта орналасқан құндылықтарымызды толық қамти аламыз. Ең бірінші, қауіпсіздік шарасы, одан кейін тазалық, сосын тарихымен таныстыру мәселесі басты қағидамыз. Оның сыртында жататын орны, тағамы өз алдына. Осы жерде біз ұлттық мәдениетімізді де көрсетіп үлгереміз. Оған сонау сақ моншасы, этноауыл, ұлттық тағам әзірлейтін орындар  қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда бізде барлығы қарастырылған. Парк қызметкерлері төрт бағытта орналасқан орындар жайлы толық мағлұмат бере алады. Барлығы да өз ісінің кәсіби шебері. «Айғайқұм», «Ақ тау», «Қату тау», «Бесшатыр» қорғаны, «Таңбалы тас» және қорықта мекен ететін жануарлар мен өсімдіктер жайлы да әңгіме айтып, келген жұрттың  қызығушылықтарын арттыра түседі. Саяхатшы көретін әр нысанның басында қолайлы жағдай туғызылған. Демалыс орындары, әжетхана, жататын, тамақтанатын орындар бой көтеріп, бүгінде қызмет атқаруда. Жолсеріктер осының барлығын аралатып, келген адамның көңілінен шығуға тырысады. 
– Табиғатымен талайды тамсандыр­ған Алтынемел аң-құсымен де танымал. Осы жерде сирек кездесетін жануарлардың өсу барысы қалай?
– Рас айтасыз, табиғатын былай қойғанда аң-құстары ерекше. Мұнда келушілердің қызықтайтыны да осында мекендейтін жануарлар. Бүгінде құландардың саны төрт мыңға жуықтады. Оның сыртында 60-тан аса өсімдік түрі бар. Оның ішінде жоғалу қаупі бар өсімдіктер де кездеседі. 29 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Ұлттық паркте тауешкі, арқар, бұқар бұғысы, Пржевальский жылқысы мекен етеді. Аталған жануарлардың барлығы жергілікті табиғатқа бейімделген. 
– Бұлардың қорғалуы қалай?
– Жалпы ұлттық паркте 150-ден аса адам жұмыс істейді. Әрқайсысы үш бағытқа бөлінген аймақтарда қырықтан аса қорықшы қызмет атқарады. Белгіленген қызметкерлер жануарлардың қауіпсіздігіне жауапты. Оның сыртында қазір БҰҰ-мен бірлесіп қызмет атқтарып жатқанымызды айттым. Сол жобаға сай құландар мен қарақұйрықтың өсуіне қолайлы жағдай жасалады. Қазір Іле – Балқаш резерваты құрылуда. Міне, осы жоба үлкен істі атқарғалы отыр. Балқаш көлінің жағасынан арнайы орын белгілеп, Алтынемелмен араны жалғайтын дәліз жасалады. Бұл  құландар осы дәліз арқылы көл жағасына дейін жайылып, кері қайтуға мүмкіндік туады деген сөз. Дәліз арқылы жайылған жануарлардың қауіпсіздігі қорғалып, жайылым да кеңейе түседі. Бұл алдағы істелетін жоба. Оның да өз шешімін табатынына деген сенім мол. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Ришад Тұрғанбаев