Менің сүйікті газетім

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 3592
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өз басым жыл сайын облыстық «Жетісу» газетін жаздырып аламын. Аптасына үш рет шығатын басылымды асыға күтемін. Маған газет бетіндегі түрлі айдарлармен берілетін алуан тақырыптағы мақалалар ұнайды. Тіл тағдыры – ел тағдырынан бастап, «Ұлы Дала ұлылары», «Ұлы Дала жауһарлары» айдарындағы материалдарды қызыға оқимын. Билер сөзі, «Көкжиек», Ұлт ұяты, Тарих-таным, Ардагер, Қазына, Жайдарман, Дара тұлға, «Тал бесік», «Балбұлақ» балалар мүйісі мен осындай тақырыптардағы көптеген маңызды дүниелерді ой елегінен өткіземін, көкейге түйемін. Осындай тың, жаңа туындылармен оқырманын сусындатқан «Жетісу» газетінің қаламгер тілшілеріне аналық алғысымды айтамын. Алаш азаматтарының қиын-қыстау заманда біздің болашағымыз бен тәуелсіздігіміз үшін күресіп жанын қиғанын, олардың ұлт тағдырын, ұлт мұратын, ұлт мүддесін өздерінен жоғары қойғанын, сонша азап шексе де артына ұлы мұра қалдырғанын сүйікті газетім арқылы жас түлектердің оқып білгеніне қуаныштымын. Барша оқырман қауымға айтарым, рухани жан дүниелеріңіз тазарсын десеңіздер, саяси-мәдени, әдеби сауатты болғыларыңыз келсе, «Жетісу» газетіне жазылыңыздар демекпін.
Газет бетіндегі туындылардың жастарға берер үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі ұшан-теңіз. Салт-дәстүр, діни парасат, қазақ тілінің қадір-қасиетін танып білуге, тарихи тағылым беретініне кәміл сенемін.


Зияш СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
Қарғалы ауылдық округі аналар кеңесінің
төрайымы, «Асыл әже, ару келін» ансамблінің мүшесі.
Жамбыл ауданы.