Еңбектің еңлік гүлі

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1609
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қасиетті Жер-ананың төсінде маңдай терін төгіп, табан етін сөгіп жүріп еңбек етіп ел анасына айналып, Еңбек Ері атанған Зылиха апа Жанболатқызы тірі болғанда сексен жастың төрінде ақ қырау шалған самайы ажарын ашып, өзінің биязы мінезі, мейірімді жүзімен жайнап-ақ отыратын еді. Амал қанша? Асыл адам, қимас жанның дүниеден өткеніне де жылдар ауысты. Бір кездері облыстық «Жетісу» телеарнасындағы «Аманат» бағдарламасында журналист     Мейрам Жанәділов сыр-сұхбат жүргізген еді. Аяулы ананың мерейлі жасында сол дидарласуды газет бетіне лайықтап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Мейрам Жанәділов: – Зылиха апай, өзім сонау Арқада тусам да сіздің есіміңізге бала кезімнен қанықпын. Өйткені біздің бала шағымызда телевизор жоқ, газет-журнал оқимыз. Сонда анау Қостанайда механизатор Кәмшат Дөненбева апайымыз бар. Киелі Жетісу өңірінде Еңбек Ері өзіңіз барсыз.Тіпті, бертін келе қоғам қайраткері болдыңыз. Сол сәттерде арада бірнеше жылдар өткеріп, тура сол Зылиха Тамшыбаевадан, Еңбек Ерімен телеарнада сұхбат жүргіземін деп ойламаппын. Дәл осы дидарласуды өмірімнің қайталанбас кезеңі, маңдайыма жазылған бақытты сәттің бірі деп ерекше күй кешіп отырмын.
Зылиха Жанболатқызы: – Рахмет, айналайын!
Мейрам Жанәділов: – Енді әңгімемізді кеудеңіздегі жарқыраған «Алтын Жұлдыздан» бастасақ. Бұл «Алтын Жұлдыз» кешегі тарих қойнауына енген Кеңестер одағының ең үлкен наградасы емес пе? Кез келген жанның кеудесіне қадала бермейтінін бәрі біледі. Ендеше, осы наградаға жету жолындағы алғашқы қадамыңыздан бастасақ әңгімемізді?
Зылиха Жанболатқызы:
– Мен «Алтын Жұлдызға» дейін бірауыз сөз айтқым келеді. Жаңа өзіңіз айтып отырсыз анау Арқада жүрсек те біліп, тани бастадық деп.  Енді осы ұлғайған кезімде де Қазақстанның қай түкпіріне барсам да Зылиха апай деп қол алысып амандасып жатады. Сондай сәтте – біздің еңбегімізді ел алдында насихаттап, ер атандырған бұқаралық ақпарат құралдары деп ылғи айтып, алғысымды білдіріп жүремін. Өйткені журналистерсіз бізді ешкім білмеген болар еді. Айтып отырмын ғой, бірінші қадамымнан бастап ақпарат құралының алдындамын. Соның арқасында бүкіл ел таныды. Кеңес одағының тұсында басқа да мемлекет біліп жатты, шүкір деймін. Өзіңіз айтқандай Еңбек Ері оңайшылықпен берілетін марапат емес. Бұл маған сексен бірінші жылы берілді. Өзім қазірге дейін қырық жылдан аса уақыт басқарып отырған шаруашылыққа келемін деген ойым да болған жоқ. Көксу ауданы құрылғанда атқару комитетінің орынбасарлығына жіберген. Содан бір жылдан кейін қысқартылды. Сол райкомның хатшысы Махметов деген жақсы адам бар еді, шынымен де тамаша кісі болатын. Сол кісі шақырды да: «Қарағым, Зылиха сен істеп жүрген қызмет қысқарып жатыр, басқа қызметке ауыстырайық», – деді. Ол кезде ұяңмын көп сөйлемеймін де «өздеріңіз білесіздер» дедім. Сонымен бұл кісі ана жұмысты бір, мына жұмысты бір айтады. Содан бір күні «Зылиха сен Еңбекшіге порторг болып бар», – деді. Еңбекші аудан, облыс, республикада артта қалған шаруашылық. Осы кеңшардың тамырына қан жүгіртіп, алдыңғы қатарға шығару керек. Бұл сенің қолыңнан келеді», – деді. Ауданда қызмет істеп жүргендіктен ол кеңшардың жағдайын мен де жақсы білемін. Таяқ жемейтін жері жоқ. Көрсеткіш өте төмен. Ол кезде партияның жұмсаған жері заңды, одан бас тартуға болмайды. Жылап келдім. Райкомның бірінші хатшысы машинасына отырғызды, жаныма райисполкомның бірінші хатшысы отырды. Сонда да машинаның ішінде көзімнен жасым сорғалап келеді. Қарсы тұрар дәрмен жоқ. Біраз уақыт істеп кетермін, болмаса бір жаққа кетермін деп ойлап отырмын. Сонымен жаңа ортада еңбекке араласып кеттім, әне-міне, дегенше, жыл аяқталды. Жетпіс төртінші жылдың күзінде аудандық партия комитетінің хатшысы шақырып: «Зылиха сен енді сол жерге директор бол, – деп тұр. Бұл ұсынысқа не дерімді білмей: «Тұрсын Махметович күлесіз бе, ашуланасыз ба, білмеймін. Бірақ еркектер атқармаған шаруаны мен қалай атқарам. Мұндай жауапкершілігі жоғары, жүгі ауыр жұмысты қалай атқарамын», – деп қарсылық білдірдім. Сонымен үш ай бұл кісі кабинетіне шақырып алып та айтады, машинасына отырғызып, шаруаны аралаған болып та айтады көнбедім. Содан Тұрсын ағаның бәрібір директор етіп қомай тынбайтынына көз жетті. Содан үйге келіп, ағаларыңмен ақылдастым.
М. Жанәділов: – Аталарымыздың «Қабырғаммен кеңесейін» дегені болған екен ғой. Ағамыз не қызмет атқаратын еді?
Зылиха Жанболатқызы:
– Ол кісі сол ауылда мал дәрігері. Бірге істейді. Сөйтіп ойымды айтып едім: «Басшылардан ұят болмасын. Көнбей жатса келісе бер. Қиналып, қолыңнан келмей жатса, көздері жеткен соң өздері де басқа шаруаға ауыстырып жіберер», – деді. Мен айтам: «Үйбай-оу, әй елден жұрттан ұят емес пе? Тамшыбаеваны директор жасаған екен қолынан келмегеннен кейін қуып жіберіпті», деген жақсы сөз емес. Сонымен қысқасы көндік қой. 1971 жылдың сегізінші наурызы күні Тұрсын Махметов өзі әкеліп, осы Еңбекші ауылына директор етіп тағайындады. «Менен асқан жомарт еркек жоқ 8 мартқа Зылихаға сыйлық жасадым, – деп мәз болды. Сөйтіп, істеп кеттік қой.
М. Жанәділов: – Міне, көреген басшы сіздің қолыңыздан бір шаруашылықты дөңгелетіп әкететініңізді білген екен ғой. Сонымен Еңбекші кеңшарын қанша жыл басқардыңыз?
Зылиха Жанболатқызы:
– Табан аудармай, көшіп-қонбай сол ауылда отырғаныма 41 жыл болды. Шаруашылықты басқармай тұрғандағы  он шақты ай партия ұйымының хатшысы болғаным маған қатты көмектесті. Мен халықты таныдым халық мені таныды. Ылғи сол елдің ортасында болдым. Алғашқы күннен сенім жүгін арқалап, орта жолда қалдырмауға белімді бекем буа кірістім. Нәтижесінде 100 центнер өнім ала алмай жүрген шаруашылық бес жылдан кейін қант қызылшасының әр гектарынан алған 400-500 центнермен  сөйлестік қой. 
Мұның бәрі менің ғана емес, сол кеңшардағы еңбеккерлердің табан ет, маңдай терінің жемісі. Мен дұрыс ұйымдастыра білген шығармын, еңбек елдікі. 3600 гектар жеріміз бар соның 30 пайызы қызылша. Бұл өзі өте бір дұрыс дақыл ғой. Егер есебін тапса, күтіп-баптаса, жақсы өнім беретін дақыл. Қызылшадан жом болады, ол жомды сиырға бересіз, сиырдан сүт шығады, ет болады. Осылайша табысы көбейіп жататын өнім. Бар пейіліңді жерге берсең, жер елге береді. Сол тынымсыз еңбек пен ұтымды ұйымдастырудың арқасында арада он жыл өткенде 1981 жылы еңбегім бағаланып, «Алтын Жұлдызды» кеудеме қададым. Бірақ ол менің ғана еңбегім деп ешқашан айтып көргенім жоқ. Ол осы жердің халқының еңбегі. Төрт рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болдым. Бір рет Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болдым. КПСС-тің үш съезіне қатыстым. Хрущевті, Брежневты, Горбачевті тыңдадым. 
М. Жанәділов: – Зылиха апай, Хрущев, Брежнев, Горбачев сынды ел басқарған қайраткерлерді көрдіңіз. Әңгімені олар жайында емес, өзіңіз бірге еңбек еткен Дінмұхамед Ахметұлы туралы, кеше ғана өмірден өткен Бәйкен Әшімұлы ағамыз  жайлы өрбітсек. 
З. Жанболатқызы:
– Димаш Ахметұлы ғасырда бір туатын дара тұлға ғой. «Тау алыстаған сайын биіктейді», дейді ғой. Уақыт өткен сайын Дінмұхамед Ахметұлының қасиеті қандай биіктеп жатыр. Бұл кісі жайлы өзің де білесің. Димекеңнің ұлты үшін жасаған еңбегі ұлан-асыр. Ол кісінің жақсылығы ғасырдан-ғасырға жалғасып, қайраткердің жарқын бейнесі ұрпақ санасында мәңгі сақталары сөзсіз. Димаш Ахметұлы осы ауылға 83-ші жылы келіп, шаруашылықты аралап болған соң, жаңадан ашылған Мәдениет үйіне әкелдім. Сонда: «Пах, шіркін! Мынау ауылдық Мәдениет үйі ғана емес. Мынау дегеніңіз ақсарай ғой, ақсарай», – деп таңғалысын білдіріп, бәрімізге алғысын айтты. Сыртқы үлгісі сол кездегі Мәдениет үйлерімен бірдей болғанымен, ішкі үйлесімін түгелдей өзгертіп салдық, сол мәдениет ошағын. Өзім прораб болып кеттім ғой. Әйтеуір өзгеде жоқ құрылыс заттарын, мрамор тастарын, люстраларын бәрін-бәрін ешкімде жоғын салуға тырыстық. Содан болар ағаның «Ақсарай ғой, ақсарай» деп таң-тамаша болып жүргені. Дастарқанымыздан дәм татып, емен-жарқын әңгімесін айтып, батасын беріп кеткен. Ал Байкен Әшімұлы да ерекше, еңбек үшін туған жан ғой. Бір таңғалатынымыз қай жерде, қандай жиында отырса да тұлғаланып тұратын.  Сабырлы, байсалды. Совминнің бастығы болып тұрғанда алдына бірнеше рет бардым шаруамен. Ақылын айтады, қолынан келгенше көмектеседі. Содан кейін Президиумның төрағасы болып біраз уақыт істеді. Сонда айтқаны ғой: «Зылиха айналып-айналып келіп тапқан шаруам мынау болды», – деп. 
М. Жанәділов: – Зылиха апай, сол партия кезінде, кеңестер тұсындағы қайраткерлер жөнінде айтып отырмыз ғой. Сіз осы жасқа келгенше көптеген облыс басшыларымен еңбек еттіңіз. Облыстың бірінші хатшылары кейіннен облыс әкімдері болды. Әр басшы мен әр қайреткердің барлығы бірдей емес қой. Дегенмен, солардың арасында өзінің ерекшелігімен, іскерлігімен тұлға ретінде  кімдерді айта аласыз?
З. Жанболатқызы:
– Адам есейген сайын жас күніне мән бермейді. Осы күні жазатын болып жүрмін анда-мында қанша обкомның басшысымен жұмыс істестім, қанша ауданның хатшысымен дегендей. Серік Әбікенұлы дәл қазіргі уақытта облысты басқарған басшылардың он алтыншысы екен. Бала кезімдегі обкомның хатшыларын көп білмеймін енді. Ілиясов Губайдулла деген кісі болды мен фермада істеп жүргенде. Ол кісіні сол бір екі-ақ рет көрдік. Одан кейін облыс қосылып кетті. Жаңа ғана жоғарыда айтқан Бәйкен Әшімов келді. Сонда облисполкомның орынбасары Бәтима Сақауова: «Мына Зылиханы пленум мүшелігіне кіргізейік», – деп ұсыныс айтыпты. Сонымен мені обком партияның  пленум мүшесі етіп сайлады. Өзім ойлаймын сол адамдар осылай жетектемесе, сені көрмесе кім болар едім. Түсіне білген адамға өмір үлкен мектеп қой. Бұл өмірде жақсы да, жаман да бар. Сол жақсы адамдар қатарында Димаш Ахметұлы, Бәйкен Әшімұлы, Бәтима Есболатқызы, Бижамал Рамазанова, Асанбай Асқаров сынды ел таныған тұлғалар бар. Бұлардың бәрі өз еңбегімен есейіп, елге танылғандар. Менің мақсатым: «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, соларға ұқсауға тырыстым. Димекеңнен кінәрат табамыз деп оның белді кадрларының бірі Асанбай Асқарұлын түрмеге де қамады. Қанша күйе жаққанымен ақ дүние өзінің ақ екенін көрсетіп тұрмай ма? Түймедей нәрсе тапса, Асекеңмен бірге Димекеңді де қамайтын еді. Оларды адалдығы қорғап қалды. Өйткені бұл кісілер адам деген ардақты атты аялай білді. 
Ал облысты он алтыншы басқарған Серік Әбікенұлы да бір қалыпты жаратылған жан ғой. Қазақы көңілі. Үлкенге құрмет жасап, алдында иіліп тұратыны. Қал-жағдайыңды сұрап, көңіліңді аулап тұратыны. Өзіне ғана тән ерекшелігі-ау деймін. Қандай жерде жүрсін кіммен қалай сөйлесу керектігін жақсы біледі. Үлкенге іні, кішіге аға бола білу қасиеті керемет. Жүрген жерінің бәрінде әйтеуір, көмегін бергісі келеді де тұрады. «Барған жеріңе шеге тастама, елдің есінде қалатын із таста», дейтін мақалды айтып жүрмін ғой. Серік Әбікенұлы сондай жүрген жерінде жақсы із қалдырып жүрген жан. 
М. Жанәділов: Сіз тек дала төсінде еңбек етіп қана жүрген жоқсыз. Отбасында да ұлағатты ұл, қылықты қыз өсіріп, аяулы анаға айналдыңыз. «Тегіңді сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең қызыңды тәрбиеле», – деген. Ендеше, ұлт болашағы болатын қыз-келіншектерге айтар ақыл-кеңесіңіз қандай? 
З. Жанболатқызы:
–  Иә, қыз-келіншектерге айтарым өте көп. Бұл өмірдің жалғасы сол қыз-келіншекке байланысты. Мысалы, қыз бала ертеңгі ана. бүрсігүні апа, арғы күні әже мен сияқты. Сол әжелердің жиналысында айтамын ара-тұра: «Әй, бәйбішелер сендер қызметімізді жасадық, баламызды тудық, енді бітті демеңдер. Біздің міндетіміз үлкен. Мына өсіп келе жатқан жеткіншектерді тәрбиелеуіміз керек. Соларды өмірге баулу керек», – деп. Ал енді шынында да жүрегім ауырады қазіргі қыздардың тәрбиесі, жас келіншектердің жүріс-тұрысы, әр халықтың өзіндік бір қасиеті, салты бар. Соның барлығын жоғалтып барамыз. Бұл, әрине, өте ойланатын, өте қатты айтатын, өте мән беретін шаруа. Оған енді отбасынан бастап, билікке дейін көңіл бөлу керек. Өйткені біз бүгінге дейін заманға еліктеп, біраз нәрседен айырылдық, енді ес жимасақ, тағы да айырылып қалуымыз мүмкін. 
М. Жанәділов: – Әр баланың тәрбиесі шаңырақтан басталады ғой. Тағы да реті келген сауал, өзіңіз төрт бала тәрбиелеп, өсіргенсіз. Одан кейін құдайға шүкір, немерелеріңіз, шөберелеріңіз бар. Өзіңіз айтқандай үлкен шаңырақтың әжесі болып отырсыз. Балаларыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Қоғам жұмысы бар, ел басқардыңыз. Сол арада тәрбиеге қалай көңіл бөлдіңіз?
З. Жанболатқызы: – Менің өмірімнің осындай баянды, тамаша болуы үйдегі ағаларыңның көмегі ғой. Ағаларың әйтеуір, менің қарбалас шаруамен көңіл бөле алмай жатқан жерімді, ағаларың бүтіндеп жүрді. Және менің жолдасымның жақсы бір қасиеті мынау әйелдің жұмысы, мынау еркектің кәсібі деген жоқ. Мен жоқта қазанның басына барып балаларға былай істе, былай істе деп соғанға дейін үйретті. Ағаңмен отасқан елу үш жылда жақсы ғұмыр кештік. 
М. Жанәділов: – Зылиха апай, құдай қаласа биыл жетпіс төрт жасқа келесіз. Ойлап отырсам, соноу аштық жылдары дүниеге келген екенсіз. Тағдырлы жылдарды басыңыздан өткіздіңіз. Сөйтіп жүріп, бойжетіп, ой түзеп, ел басқардыңыз. Осы уақытқа дейін небір даму мен дағдарысты басыңыздан өткердіңіз. Өмір-керуенін тағы бір көз алдыңыздан өткізіп көрсеңіз.
З. Жанболатқызы: – Балалық шақтағы қиыншылықты айтудың өзі қиын. Аш-жалаңаш күндер өтті. Соғыстан кейінгі жылдары бейбіт заманда өмір сүріп, аққа аузымыз еркін тиеді деген тұста анам кетіп қалды. Әкем екеуіміз-ақ. Өзіңіз ойлап көріңіз – не отын жоқ, не су жоқ, май шаммен отырып, сабағымды оқыдым. Әйтеуір күнкөрдік. Және менің таңғалатыным сол кездегі балаларды ешкім оқы деп қинамайды. Омбылап қар кешіп, аяғымыздан су өтіп жүріп оқимыз. Сабақтан қалу деген жоқ. Қайтсек те ел қатарлы білім алып, ел қатарына ілінуіміз керек деген  ұмтылыс санамыздан шықпайтын. Кейін Хрущевтің тұсында да халық бір қиналып қалды. Бірақ одан кейін жаман болғанымыз жоқ. Әрине, Кеңес одағы ыдыраған уақытта біраз қиналдық. Ол күндердің бәрі қазір ертегі сияқты. Ұрпағымыз біз көрген қиындықты көрмей, еркін елде еркелеп өсе берсін деймін. 
М. Жанәділов: – Жалпы ел арасына көп жүресіз ғой. Көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз де аз емес. Еңбегіңіз арқылы көпке үлгі де болып отырсыз. Осындай биікке жеткізген сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
З. Жанболатқызы: – Мейрам шырағым, менің өз ойым – адам баласына береке орнауы үшін, отбасында береке болуы керек. Отбасында береке орнаса, қандай қызмет жасасаңыз да, қандай шаруа тындырсаңыз да ісіңізде нәтиже болады. Ал мені сол отбасындағы қолдау, шаңырағымдағы береке биіктерге жеткізді. «Отан – отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Яғни, әрбір отбасы дұрыс болса, Отанымыз тыныш, шаңырағымызға ырыс қонады. Мені өмірімде ағаларың мен бес балам қолдап, қолпаштап отырды. Балаларым анамызға ұят келтірмейік деп есейсе, әкелері мал дәргері болып жүріп-ақ бір жағыма шығысты. Істеген ісіміз бен жеген асымыз адал болды. Директор екенмін деп кеңшардан тышқақ лақ пайда көрмеппін. Есесіне, осы жерде мен 41 жыл отырмын, бір арыз, бір сөз ілесіп көрген жоқ. 
М. Жанәділов: – Зылиха апай, енді ел азаматтарына, өсіп келе жатқан жастарға, өзіңіз туып-өскен Жетісу жұртына деген аналық тілегіңізді айта кетсеңіз.
З. Жанболатқызы: – Мәңгі өмір сүретін адам жоқ. Адамды өлтірмейтін артында қалдырған өнегелі сөзі мен өшпейтін ізі. Біз атымызды еңбекпен шығардық. Мына бастамаларың өте жақсы. Осындай көп көргендер мен көңілге түйгені мол жандармен сұхбаттасу өте жақсы дүние. Аз айтсақ та, көп айтсақ та біз шындықты айттық. Көрген адам керегін алар, бір кәдесіне жарар. Бір көңілге көлеңке түсіретіні қазіргі жастардың арасында Димаш ағаны білмейтіндер де бар. Анада бір жерде Бәйкен Әшімұлы туралы айтып отырсам, «ол кім» дейді. Бұл ұят енді. Ол кісілер осы Қазақстанды көгертуге, көктеуге қаншама еңбек жасады. Анау орыстың арасында шайқасып жүріп, Қазақстанды аяғынан тұрғызды ғой. Қаншама жақсылықтар жасады, ол кісілерді ұмытуға бола ма? Осы жағын көп насихаттаңдар. Бағзы бабаларымыздан бастап, кешегі кеңестік кезеңде еңбек еткен есіл ерлерді ұмытуға болмайды. Ол үшін осындай насихат керек. Ал енді қазақ еліме, Жетісу жеріме тілейтінім бірлік пен береке. Бірлік болса барлық дүние бізде бар. Баяғыда ата-бабаларымыз осы үш жүздің басын қоса алмай арманда кетті ғой. Қазір не арманымыз бар?! Бәріміз бір шаңырақтың астында бақуатты өмір сүріп жатырмыз. Бір-бірімізді сыйласақ, ертеңгі күнді ойласақ, келешекке көз жүгіртсек бәрі жақсы болады. Қазақта мақал бар: «Елдің қадірін көшкенде білесің, ердің қадірін өткенде білесің», – деген. Осы асыл сөздің парқын білейік, қадіріне жетейік. Басымызға амандық, ел-жұртымызға тыныштық берсін. Ел арасында ауызбірлік берік болсын. Сонда бәріміз де жаман болмаймыз. Енді арамыздағы бірен-саран жалқауларымыз қатарға қосылса, жақсы болар еді! 
М. Жанәділов: Зылиха апай, көргеніңіз бен көңілге түйгеніңізді бөлісуге алтын уақытыңызды қиып келгеніңізге рахмет. Сіздің өміріңіз ұрпаққа өнеге. Ұрпағыңыздың қызығын көріңіз.