Азат елдің аспаны

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 2083
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көк – киелі. Кейде көк пен көңілден асқан шексіздік ұғымы жоқтай көрінеді бізге. Расында солай. Көңіл көзімен көк жүзін шарлап, қиял құсымен он сегіз мың ғаламды аралап кететініміз ақиқат. Алайда екеуінің де шегіне жеткен емеспіз. Қазақтың сол қиялының жүйріктігі шығар, аспанды әлдеқашан ертегілерімен, аңыз-әпсаналарымен аралап қойғаны. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық аңсарымыз – тәуелсіздік қолымызға тигелі ертеден жеткен ертегілеріміз іс жүзінде тәжірибемен ұштасты.

Ұштастырған – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Үшеуі де Ұлы Даланың алып таулары іспеттес. Үшеуі де қазақтың даңқын ғарышқа шығарған өр рухты ел перзенттері. Сөйтіп, кілеммен көтерілетін қазақ ертегілеріндегі ғажайыптарға нүкте қойылды. Тұңғыш Тоқтар ғарышқа жол салғанда да, екінші Талғат көкке көтерілгенде де, үшінші Айдын Айға самғағанда да көзіне жас алмаған қазақ кемде-кем еді. Қазақ жеріндегі Байқоңырдан тұңғыш қазақ – Тоқтардың көтерілгенін кім ұмыта қойсын? Талғаттың ата дініміздің негізі – Құран мен елдігіміздің нышаны – Туды жұлдыздардың жанына алып барып, жердегі туған халқымен тілдескенін ше? Айдынның аспанда Қазақстанның ұлан-байтақ даласы туралы айтқаны бәріміздің жүрегімізге рух берді. Есімізде, бәрі есімізде. Алаштың даңқын асырған үш ұланын ел мәңгі құрметтейді.
Тәубе, тәуелсізбіз. Қазақтың көгі – азат. Азат көкте Айдын Айымбетов аттай он күн бойы зерттеу жүргізді. Бала кезден бергі асқақ арман қазақ жігітінің 43-ші өмір белесінде орындалды. Ол төзімсіздік танытқан жоқ. Өйткені, оның жүрегі отаншылдық рухпен суарылған еді. Тәй-тәй басқаннан шап-шағын туған жерін, ауасы жұпар Талдықорғанын сүйіп өсті. Баланың бұғанасы бекіп, арман жолында алысқа аттанғанда да аңсары Жетісуға ауып тұрды.
Ғарышты бағындырып қайтқан қайсар жігіт қарапайымдылықты жақсы көреді. Отбасы да, өзі де кеуде соғып, кердең басқан емес. Керісінше, тәубесін айтып, сабырды серік етеді. Әсіресе, жұлдыздарға жол салғалы тұрған перзентін шығарып салуға келген анасы әлі көз алдымызда. Ақ орамалы басында. Жүзінде дәл аспан секілді шексіз мейірім тұр. Бірде толқиды. Бірде терең тыныс алып, уайымдап қояды. Ұлының мақсаты, ұлының ғана емес, қалың елінің мақсаты орындалғалы тұрса қалай тебіренбес? Анасының сүтімен дарыған сол қарапайымдылық, сол сабыр Айдында айна-қатесіз қайталаныпты. Егер осындай көркем мінез болмаса, қазақтың үшінші ғарышкері шетелдің дүниемен қызықтырған ұсыныстарына көңілі ауып кетер ме еді, кім білсін?! Жоқ, ол туған жерін, ақ орамалды анасын, тәуелсіз Қазақстанын бәрінен биік қояды. Шексіз сүйеді. Халқымыздың: «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол», – деген тәлімін алып өскен ер ғой өйткені.
– Егер маған екінші рет өмір сүру мүмкіндігі берілсе, мен бәрібір қайтадан ғарышкер болуды армандайтын едім, – деп еді туған жеріне жасаған бір сапарында. – Мен аспанға жасайтын сапарымды ұзақ күткен сайын ғарышты зерттеуге деген махаббатым бұрынғыдан да ашыла түсті. Алыс-жақын шетелден сан мәрте ұсыныстар келді. Қыруар қаржы, ең озық көлік, ең әдемі пәтер – бәрі-бәрі берілді. Бірақ мен алдыма тек Қазақстанның төлқұжатымен ұшамын деген бұлжымас мақсат қойдым.
Көңіл тербететін сөз ғой бұл. Өзі ең алғаш жоғары білім алған Жетісу мемлекеттік университетінде дәл осылай ағытылған. Осы бір ауыз сөзінен қазақтың миллиондаған жастары жігер алғаны анық. Осы бірауыз сөзден мыңдаған жеткіншек Отан алдындағы міндетін сезінді. Аспанда азат елінің Туын желбіретіп қайтқан Айдын бәрімізге үлгі болды. Ол саналы ғұмырын әскери салаға арнаса да жүрегі нәзік. Туған еліне еміренеді. Ал өз міндетіне келгенде мінсіз орындайды. «Жер – ғарыштан қараған кезде құшағыңа сыйып кететіндей нәп-нәзік жаратылыс. Тура тірі организм сияқты. Маған солай көрінді. Осыншалықты нәзік жұмыр жаратылыста адамдардың бір-бірімен қырқысып жататына іштей қынжылдым», – дейді ғарышкер тебіреніп. Есіңізде ме, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те жер туралы тарихта мәңгі қалатын дәл осындай сөз айтып еді. Шындығында да әрбір адам аядай жерді қадірлей білуді ғарышкерлерден үйренсе ғой.
Айдын Айымбетов ғарышқа қазақтың ұлттық тағамдарын, кішкентай қызының ойыншығын, тәуелсіз Қазақстанның Көк Туын алып шыққанда оның Отанға, отбасына деген шексіз сезімін тағы бір мәрте байқадық. Айдынның жүріп келе жатқан жолы әр қазаққа өнеге. Арманын ұштаған әр жасқа ғибрат. Көк жүзінен Қазақстанды, оның ішінде жасыл желек жамылған Жетісуды көргенде тебіренісін жасыра алмады. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім ғой бұл сәт.
Шегі жоқ аспан әлеміне алғашқы қақпа қазақ жерінен ашылды. Байқоңыр тәуелсіз Қазақстанның мерейі, мәңгілік нышаны тәріздес. Байқоңыр қазақтың үш қыраны үшін салынғандай көрінеді бізге. Өйткені, дәл осы жерден ұлтымыздың үш перзенті көкке самғап, даңқымызды асырды. Ең бастысы, олар тәуелсіздігімізді тағы бір мәрте паш етті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР