"Арбат" шамы жағылды

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 2864
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жексенбі күні болатын. Тереземнен сығалаған күн нұры мойнымнан қытықтап, маңдайымды қыздырып, тұрмасыма қоймады. Ұйқым шайдай ашылып, сергек тұрдым. Дала жап-жарық, күз дегеніңіз болмаса күннің қызуы даланы жіпсітіп жібергендей. Көңілім бір жаққа елегзитін секілді. Күйбең тіршіліктен бір босап, демалысты тиімді пайдалану ойыма оралды.

Отбасыңмен бірге жүріп, демалғанға не жетсін?! Құлыншақтарымды алып, қала ортасындағы  «Арбатқа» қарай бет алдым. Осының алдында ғана орталықтағы «Арбатты» қайта жөндеуден өткізіп, атына сай етіп жаңартып қойды дегенді естіген едім. «Арбат» демекші, еліміздің көп қаласында болдым. Барған жерімде тарихи орындар мен осындай әсем саябақ, демалыс  алаңдарын аралап көретін әдетім бар. Сол мәдени орындардың қатарында «Арбат» та бар. Мысалға Алматы шаһарындағы «Арбаттың» өзіндік ерекшелігі керемет. Күндіз екі жағасын суретшілер алып, қылқаламынан туындаған тамаша картиналарын қойып, бірі саудалап жатса, екіншісі дәл сол жерде сурет салып отырады. Қолдан жасалған бұйымдар да  келген қонақтың көзін қытықтап, мені ал дегендей сыңай танытады. Ал кешкісін ше, әуесқой әншілер ән орындап, демалысқа келген қала қонақтары мен тұрғындардың жан дүниесін тербетеді. Қаланың шуылынан бір сәтке айығып «Арбатқа» келіп демалып қайтасың. Мәскеу Арбаты тіпті тамаша. Оның ұзындығы 1,2 шақырымды алып жатыр. Ол жерден адамның қарасы үзілмейді. Мәскеуге барған адамның басым көпшілігі Қызыл алаңнан кейін сол жаққа асығады. Осындай демалыс орнының біздің қаладан да орын тепкеніне мен қуаныштымын. 
Иә, бұған дейін де «Арбат» болған. Бірақ, жыл өткен сайын көнеріп, ескі орындықтарының тозығы жетіп, жетім баланың күйін кешіп тұр еді. Енді, міне, бүгін көріп тұрған «Арбат» басқаша. Оған келушілердің де қатары көбейгендей. Біржан сал көшесінің бойына орналасуының да өзіндік сыры бар ма, қалай? Атақты Біржан жүрген жерін мерекеге айналдырып, барған ауылының барлығы той жасап күтіп алатын сері емес пе? Әуезді әнімен жасты да, жасамысты да рахатқа бөлеген Біржан салдың бүгінгі серілердің символы екені анық. Осындай мықтының атындағы көшеге «Арбаттың» орналасуы да тегін емес-ау. 
Жаңарған «Арбаттың» көркіне көз тояды. Жерге заман талабына сай кірпіш төселіп, бей-берекет өскен ағаштары кесіліп, орындықтар орналасқан. Бұрынғы «Арбатты» көзіңе елестете алмайсың. Расында да неше жыл жөндеу көрмей тұрған «Арбаттың» сиқы қашқан болатын. Демалыс орындықтары сынып, ортасындағы шамдардың әйнегі түсіп, «Арбат» деуге келмейтін еді. Ал қазіргі кейпі демалуға келген тұрғынның көңілін бірден көтереді. Ортасына гүлзарлар орналастырылып, әншінің мүсіні де қойылған. Қабанбай мен Тәуелсіздік көшелерін байланыстырып жатқан «Арбаттың» дәл ортасына үлкен сағат қойылған. Төрт құбыласы теңдей, төрт жағынан төрт аймақтың уақытын көрсеткен сағат та келген адамға жақсы ой салатындай. Әсіресе, ардагерлерге қолайлы орын жасалған. Екі жерден төбесі мен жан-жағы қалқаланған орындық пен үстел қойылып, оның үстіне дойбы, шахмат тақтасы бейнеленген. Кез келген адам отырып бір сәт интеллектуалды ойын ойнап, ми сергітуге де болады. Күніне бір уақыт немересімен серуендеп жүрген әжелерді де көп кезіктіресің. Кешкісін бір уақыт көше әншілері  домбыра, гитарасын алып ән салып, демалыста жүрген жұрттың көңілін көтереді. Дамыған мемлекеттердің барлығында да осындай орталықтар бар. Көпшіліктің демалыс орнына айналған «Арбат» біздің де көңілімізден шықты. Осындай тамаша жерді  қалпына келтірген әкімдікке де елдің ықыласы жоғары деп ойлаймын. 
Уақыттың біразға барғанын да білмей де қалдық. Асыр салып жүгірген балаларымның ойыны қанар емес. «Арбат» біздің де көкірегімізге қуаныш сыйлағандай. Әртүрлі әңгіменің тиегі ағытылып, бір жадырап қалдық. 
Күн ұясына кірді. «Арбаттың» шамы жағылды. Қол ұстасқан ғашықтар жағылған шам түбіндегі орындыққа жайғасты. Біз де бір- біріміздің қолымыздан ұстап, қос ғашыққа «Арбатты» тапсырып, үйге қарай бет алдық.

***Тақырыпқа орай

Арбат туралы сыр шертпес бұрын бұл атаудың шығу тарихына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар.
«Жетісу» газетіне 2003 жылғы қараша айының 29 жұлдызында шыққан «Арбат қазақтың сөзі» атты Иманғали Құдайбергеннің мақаласында бұл атауға мынадай түсініктеме беріледі: «Жошының Ордадан кейінгі қоңырат руының қызынан туған екінші ұлы Сайын хан билікті қолына алады. Ол әкесі Жошының жер қайысқан әскерімен жол-жөнекей барлық ірілі-ұсақ мемлекеттерді бағындырып, орыстарды жаулап алуға бел байлайды. 1116 жылы Мәскеуге жақындап келгенде өзінің қоңырат қызынан туған екі баласымен  25 татар, қыпшақ, қоңырат, керейіттерді тыңшылыққа барлауға жіберді. Үш тәулік қалада болып келген тыңшылар Бату ханға Улуг жирчинганы жіберіп болған жайды баяндап айтқызады:
Урташинда қаланың биік күрең бел икән,
Қоршап биік қамалмен кузет койган жер икән.
Жұряди икән адамдар арбаминән, атпинән
Тунимэнэ әскери болады икән мәскунәм.
Бату хан көп кедергісіз-ақ Мәскеуді жаулап алады. Жошының Орда мен Сайыннан кейінгі үшінші ұлы Есен (Әсен) Мунфорд (Мәскеу қаласының көне атауы) қаласын жаулап алғанда аралап жүріп, қаланың ортасындағы қамал салынған биіктеу жерді көреді. Бұл жерді халық арбалы атпен келіп, сауда-саттық жасағандықтан «Арба-ат көшесі» деп атаған. Кейіннен қала басшылары тас төселген үлкен көшеде арбаның жүруін тоқтатып, жаяу жүргіншілердің бір мезет дамылдап демалатын орнына айналдырады. Бұрынғы «Арбалы ат» атауы «Арбат» болып қысқартылып, бүгінгі күнге дейін сақталған».

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ