Сүт әкелген құт

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 1785
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауыл. Түс әлеті болғанын жария етіп, қораз біткен қабаттаса мақамға салды. Бұл дырдудан Електің айдары жақұттай жалт-жұлт еткен көк бөрте қоразы да шет қалмаған. Қанатын қағып-қағып жіберіп, өңешін созып, үлкен дүрмекке өз үнін қосты. Ішін тартып, он шақты мекиенге уәж айтқандай болып, қоқиланып қойды.
Елек бос. Елек жұмыссыз. Осы жұмыссыздық-ақ оның қайратын құм, жігерін жүн қылып, жасытып бітті. Тепсе темір үзер жас жігіттің екі қолын қайда қоярын білмей, там жағалап, жәутеңкөз тіршілік кешкені рас еді. Өз мезетінде үйге татымды табыс, қомақты дүние әкелмесе, еркектің күні не болмақ. Әйелдің де, баланың да алдында еш парқы болмайды екен. Електің көзі осыған әбден жетті.
Күні кеше қандай еді?! Колхоздың белді бухгалтерлерінің бірі болатын. Кейін бас бухгалтерлікке де қолы жеткен. Жалы күдірейіп, шермитіп қарын салды. «Елеке, Елеке» деп елпең қаққан қошеметшіл топтың ортасында тойтаңдай басып, айдарынан жел есті. Жанашыр дос, қауымдасы мол болатын. Екі күннің бірінде қонаққа шақырушы табылып, ерні жылтырап, мұрты майланып жүретін. Ол күндер енді түс секілді. Өтті де кетті. Дүние өңін өзгертіп, замана басқаша репет танытқандай. Қызыл империяның шаңырағы ортасына түсті. Колхоз тарады. Кеңсе жабылды. Пәлен адам саудырап бос қалған. Сол көп кәсіпсіздердің бірі – осы Елек.
Басына бір байлам, жұқалтаң қызғылт түсті, шатыраш гүлі бейнеленген капрон орамал салған, әлі де ажары тая қоймаған қоңырқай пішінді, бүйрек бет, қара торы келіншек шай құйып, тайқы маңдайлау келген, жасы отыз бестер шамасындағы жас жігіт сораптап, шай ішіп отыр.
– Елеке, шай алыңыз, – деді кезекті кесені ұсынып жатқан жас келіншек. Дауысы хрусталь шынысындай сыңғырлап, тым нәзік шықты. Сол тым нәзік шыққан дауыстың арғы жағында бір бұқпантайдың да бары шын еді. Елек оны сезбеді емес, сезді. Әйтсе де демі ішінде тұншыққан. Жігіт жалт қарағанда келіншек те оның осы сәтін күткендей күрек тістері ақсиып, жадырай күліп отыр екен. 
Қырмызы тегінде текті келіншек. Үй-ішіндегі жайсыздықты түсін бұзып, түлен түрткендей шабынып айтпайды. Өстіп жадырай күліп, құпиялап, күле сөйлеп қана көңіл нысанасын дәл табады. Демек, қазіргі жымиыстың да бір кілтипаны бар болғаны...
– Бірдеңе демексің бе? – деді жігіт назарын төмен салып.
– Ұн таусылуға таяу, – деді келіншек жаймен ғана, – осы аптаға жетпейтін де шығар...
– Қазан аузы жоғары, реті келіп қалар, – деді ері де ештеңені елемегенсіп.
– Шай, май, тұз дейсің бе, соның бәрі сарқылып барады, – деді әйелі келесі жоқтықты көлденең тартып, –  әй, құдай-ай, осы жоқтық дегеннен қашан құтылар екенбіз. Өзге ел машина алып, байлыққа малынып, асығы алшысынан түсіп тұр. Біз болсақ түріміз мынау...
Осыны айтып, үніне діріл араласқандай болып, көңілін жұқалтаң, ұшпа мұң қабыздаған жас келіншек жеңіл күрсініп қойып:
– Баяғының ерлері осындай қысылтаң шақ туғанда құмырсқадан қию тауып, жол табады деуші еді. Сендерге не болған? Тапсаңшы соны сүрлеу, жібек белбеу, – деді.
Енді күрсініс жігіт жаққа ауысқан. Сыр білдіргісі келмеді. Сазбеттеніп, салқын сырбаздықпен шайын сораптай берді. Бұрынғының ерлері осындай тарыққанда төте жолды қалай тапқанын кім білсін. Елек ештеңенің ебін таппай басы қатты. «Әй, жоқтық-ай» – деді іштей түйіліп. Сөйтті де, назаланған пішінмен басын шайқап қойды.
– Жұт жеті ағайынды деген рас, – деді келіншек, – «жығылғанға жұдырық» деп тоңазытқыштың да бұзылып қалғанын қарашы.
– Қашаннан бері, – деді Елек қабағын шытып.
– Кешеден бері, – деді Қырмызы істің мәнін түсіндіріп, – ақ сиырдың сүті еді аузымызды ағартып, ернімізді жылтыратып тұрған. Енді қайтпекпіз. Күн ысыса ірітіп алып, аймандай болармыз әлі...
– Онда, – деді есіне тосын жай түскен жігіт тікелей қарап, – онда ақ сиырдың сүтін сат. Өзімізге күнделікті жететінін алып қалып, қалғанын сат.
– Иә, тапқан екенсің сатушыны, – деп әйелі іле дау айтты, – «Пәленшенің әйелі сүт сатып жүр» деген ұят емес пе? Құрысын сатпаймын...
– Онда «пәленшенің күйеуі сүт сатып жүр» деген жақсы атақ болса, мен-ақ сатайын, – деді жігіт әдейі қитығып сөйлеп.
Әйел тігінен кетті.
– Несі бар, сен секілді жігіттердің бәрі болмаса да, көбі сол кәсіпті нәсіп қып жүр. Керек десе, қамыр илеп, нан сатып жүргендері де бар. Оған не дейсің? Қарай гөр бәлсіне қалуын?.. 
– Бәлсінген емес, – деді Елек елдесуге шақырғандай болып, емекси сөйлеп. – Сен әйелсің ғой және мықты әйелсің. Сен сүт сат. 
– Жоқ, сатпаймын, сен сат.
– Ұят ештеңесі жоқ, әлі-ақ үйреніп кетесің. Ал, сен дайын сатушысың. Сата берсең де болады. 
– Сатпаймын. 
– Сатасың.
Ерлі-зайыпты екеуі осылайша ұзақ тәжікелесті. Ақыры, қақпаның сыртына «Сүт сатылады. Бағасы 25 теңге» деген хабарландыру жазып қоюға келісті. 
Келесі күні Қырмызының ақ сиырды енді сауып бола бергені сол еді, ақ мойнақ күшік арсалаңдай үріп, қақпаға ұмтылды. Демек, біреулердің келгені ғой.
Расында ит бекерге үрмеген екен. Қолдарында жылтыратып жуған әйнек банкілері бар екі-үш сүт алушы өзгеше ізет білдіріп, қақпа сыртында сызылып тұр екен. Бәрі де жүзі таныс, өз ауылдастары.
– Сүт сатасыздар ма? – деді жастау келіншек көзі күлім қағып.
– Иә-иә, – деді Қырмызы да сасқалақтағандай болып. – Тоңазытқыш бұзылып, сонымен сүт іріп кетпесін деп...
– Күнде сатасыздар ма? – деді жаңағы келіншек суыртпақтай сөз қозғап, – күнде сатқандарыңыз бізге көрім болар еді. Салпақтап көшенің анау шетіне барғанша, сіздерден-ақ ала беретін едік.
– Иә, сөйтетін едік, – деп екінші әйел оның сөзін қостап қойды. 
– Ақ сиыр әлі сауылады, – деді Қырмызы асыға сөйлеп. – Келіп тұрғандарың жақсы. Бар болып жатса, ала беріңдер.
Сөйтті де жаңа ғана сауылған сүтті үшеуіне теңдей қып бөліп, құйып берді. Ақысына 75 теңге алып, адымдай басып үйге беттеген. Шелек түбіндегі жарты литрге жетпейтін сүтті үстелдің шетіне қоя салып:
– Елек, – деді дауысы саңқ етіп. – Елек.
Түпкі үйден ері шықты.
– Не болып қалды, – деді бәсең үнмен.
– Сүт өткіздім, – деді әйел баяу басып қасына келген еріне қиыла қарап, – 75 теңге таптым. Бұған бір шай, бір келі тұз келеді. Әне, пайда деген сол.
– Сата бер, – деді Елек қуанышын жасыра алмай. – Мен де қарап тұрмаспын.
– Соның жөн, – деді әйел көзі жайнаң қағып, – екеулегеніміз жақсы. 
– Мақұл.
Сүт сату бұлардың басты кәсібіне айналды. Жануар ақ сиыр да бұлардың осы пиғылын сезген сыңайлы. Сөткесіне жаңылмай 6 литрден сүт берді де тұрды. Оның бір литрі өздерінің таңдайын жібітсе, қалғаны саудаға асып, күніге 125 теңгеге бағаланып жатты. Он күн дегенде жиналған ақша 1225-ке жетіп, алғашқы жалғыз қорап шай мен тұз, бір қап ұн, тағы басқадай дастарқан мәзіріне айналғанда, Елек бойынан жоқтық атаулы біртіндеп сырғып түсіп бара жатқандай еді. «Уһ» деп рахаттана дем алған жігіт бойында сүт саудасына деген қызығушылық бұрынғыдан да арта түскен. Көп ұзамай ақ сиырға тағы екі сиыр қосылды. Сүт саудасы жандана түсті. Ақыры сауын сиыр саны беске жеткенде, Елек айналайын Зеңгібабаның басыбайлы бақташысына айналғанын өзі де сезбей қалып еді. Балалар бұзау бақты. 
Сүт саудасы жаз, күз түгіл қыс айларында да жалғаса берген. Жыл айналмай сүттен жиналған ақшаға жеңіл көлік сатып алған Елек сауда жайын есептей келе енді өздерінен 50 шақырымдай алыста тұратын аудан орталығына да сүт сатуға машықтанып еді. Бұл сауда тіптен оңды болып шықты. Аудан ор-             талығына келген бойда арнайы келіскен адамына әкелген сүтін тегіс өткізіп береді де, даяр ақшаны қалтаға басып, тайып тұрады. Ал, алушы қалай сатады, өз еркі. 
Сүт саудасы жылдан асқанда Елек ауыл орталығындағы көшелердің бірінен арнайы дүңгіршек сатып алып, оған «Қырмызы» деп ат қойды. Әдейі сатушы да белгіленген. 
«Қырмызы» дүңгіршегінен сүт тағамдарының барлық түрін табуға болар еді. Шикі сүттен тартып май, кілегей, қаймақ, ірімшік, қатық, сүзбе, құрт, ежігей, сықпа, малта тәрізді аса іңкәр дүниелер еріксіз көз арбайтын. Кім білсін, байлықтың суалмас алтын бұлағының бір саласы осы Зеңгібабаның бауырында бұғып жатқан болар... 
Дәнеш Ахметұлы.