Таңбалы тастар сыр шертеді

Уақыты: 25.10.2016
Оқылды: 5558
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел тарихынан, көшпенділер өмірінен сыр шертетін құнды мұра – Таңбалы тастар дер едік. Жамбыл ауданы аумағында орналасқан ашық аспан астындағы жәдігерлер қазақ халқының ғана мақтанышы емес, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген аса құнды тарихи орын.

Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2003 жылдың қазан айында құрылған. Ондағы республикалық маңызы бар ескерткіштер саны 100-ге жуық. Атап айтқанда, шатқал іші археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды. Ашық аспан астындағы қорық-музейіндегі ерекше қорғалатын ортаңғы аймақта 5000-ға жуық жартас суреттері  кездеседі.
Таңбалы шатқалының аумағында ескерткіштер қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі 13-14-ғасырдың ортасынан 19-20- ғасырларға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары орналасқан. Олардың бәрі бірігіп  үш мың жыл бойы біздің еліміздің көптеген ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен құрайды.
Мұндағы әрбір сурет-бейне ата-бабаларымыздың ой-санасының қаншалықты биік болғандығын, олардың қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болғандығынан мағлұмат береді. Мысалы, шатқалдың батыс жағындағы биік жазық жартастағы «Күн құдайы» мен «Ай құдайы» бейнеленген суретте он екі жанның қоршап, билеп жүргені айқын аңғарылады. Сурет өте анық, әрі қай жағынан қарасаңыз да анық көрінеді. Күн мен Айға табынып, оны ұлы күш, құдірет деп түсінген адамдардың санының 12 деп бейнеленуі тегін емес. Оған адам жасының әр мүшелін 12 жаспен өлшеп, әр жылды 12 аймен теңейтіні дәлел бола алады. Сондай-ақ, жартастың бетіндегі аша тұяқты аңдардың бейнесіне аса сақтықпен көз тіккен арқар, киік, бұғы мен қолына садақ ұстап, аң аулауға шыққан аңшы бейнесі, тағысын тағы суреттер өте ертеде өмір сүрген адамдардың ұшқыр қиялына арқау болғандығын аңғарамыз. Мұның үстіне бұл – олардың көшіп-қонып жүргенде малды негізгі кәсібіне, күнкөріс көзіне айналдырғанының дәлелі. Тастағы жәдігерлер осылай деп сыр шертеді. Әр тасты айналып қарап, өткеннен сыр шертетін суреттердің мазмұнының бай екендігіне таңданасың. 
Мұнда түркі дәуірінің ту ұстаған атты адам бейнесі де кездеседі. Таңбалы қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі бабалардың «Мәңгілік Ел» орнату жолы бейнеленген рәміздер жүйесі деуге болады. Мысалы, жартастағы бөрілі байрақ көтерген, ту желбіреткен салт атты бір топ жауынгерлердің бейнесі елдік пен ерлікті паш етіп тұрғандай. Міне, осындай құнды мұраны қастерлеп, кейінгі ұрпаққа сол қалпында жеткізу бүгінгі күннің басты талабы болмақ.


Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ.