Ау құралдары тәркіленді

Уақыты: 25.10.2016
Оқылды: 1242
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жері табиғатымен талайды тамсандырып, көркіне көз сүйсінетін аймақтың бірі. Жаратушының адамзатқа берген сондай үлкен сыйына да қасақана қол сұғушылар көп. Әсіресе орман-тоғайын отап, өзендегі балығын сүзіп, далада жортқан аң-құсын заңсыз ататындардың қатары көбеюде. Осындай зиянкестіктің алдын алу мақсатында Алматы облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы «Қазавиа» орман қорғау мекемесімен бірлесіп рейдтік шара ұйымдастырды.

Тікұшақпен көктен бақылау кезінде Қаратал өзені бойымен Балқаш көліне дейінгі және шығыс аймақтағы тау шатқалы Арғанаты аймағын аралап қайттық. Рейдтік шара кезінде заңбұзушылықтар көп анықталған жоқ. Талдықорған қаласынан көтерілген тікұшақ бірінші Қаратал өзенінің бойын барлап өтті. Өзен бойының екі жағасы ну орманға толы. Кей жерлерінің сиреп кеткені де байқалады. Малшылар мен табиғатқа шығып демалушылардың және саятшылыққа шыққан аңшылар да өрт қауіпсіздігін дұрыс сақтамағандықтан орманды өртке орайтыны көрініп тұр. Осындай жауапсыздықтың салдарынан өзен жағалауындағы біраз жерді қызыл жалын шарпыған. Отынға шауып алған жерлерді де көзіміз шалды. Бірақ ол оталған аймақ арнайы орман шаруашылығының рұқсат етілген бөлігі. Яғни, қураған ағаштар отынға пайдалануға берілген. Мұның да табиғатқа тигізетін өзіндік пайдасы бар. Ескірген, қураған, шіріген ағаштар сау орманға залалын тигізеді. Міне, осыны анықтаған орман шаруашылығының қызметкерлері тазарту жұмыстары ретінде қураған ағаштарды кесуге рұқсат береді. Осындай рұқсат етілген аймақтың бірінде жұмыс істеп жатқан ағаш кесушілердің құжаттарын тексердік. Қаратал ауданына қарасты аймақта «ГАЗ-53» жүк көлігіне отын толтырып алған екі азаматтың арнайы рұқсат қағазы барлығы және белгіленген орын да орман шаруашылығының рұқсат еткен аймағы екені белгілі болды. Мұнан кейін осы өзеннің бойымен жағалап ұшқан тікұшақ Қоржынкөл мен Байшегір ауылдарының арасында аң атып жүрген азаматтарды байқады. Мұздай қаруланған екі азамат пен жер талғамайтын көлігін тексеру кезінде заңға қайшы келетін тұстары байқалмады. Аң атуға рұқсат беретін арнайы орталықтан алынған қағаздары мен қару ұстауға арналған құжаттары да толық болды. Жергілікті полиция қызметі Қаратал аудандық табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкері аң атушыларға саятшылық кезінде қандай қауіпсіздікті сақтауы және қаруды қолдану кезінде қандай ережелерді естен шығармауы жайында аздаған мағлұмат беріп, ұсақ заңсыздықтарды көрсетіп ауызша ескерту жасады. Балқаш көліне дейінгі жерден және көлден заңсыз балық аулаушылар көзге ілікпеді. Есесіне шығыс аймағын аралау кезінде Ақсу өзенінің жағасынан екі көлік ұсталды. Тексеру кезінде рұқсат етілмеген ау құралы табылып, Андрей Тепериков пен Александр Ромащенко есімді азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылды. Инспекция басшысының орынбасары Н. Қонысбеков пен аға мемлекеттік инспектор Р. Құмашев, Б. Сұлтановтың айтуынша екі азаматқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 383-бабтың 1,3 тармағы бойынша хаттама толтырылып, біреуінің ісі сотқа жіберілді. Сонымен қатар ау құралдары мен резина қайығы сот шешімі шығарылғанға дейін тәркіленді. 
Мұнан кейінгі бағытта заң бұзған азаматтар тіркелмеді. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы мен облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полициясы қызметінің табиғатты қорғау полиция бөлімшесінің қызметкерлері жыл басынан бері жүзден аса рейдтік шара өткізген. Осындай жұмыстардың арқасында көптеген заңбұзушылықтың жолы кесіліп, табиғат байлығы қорғауға алынып келеді. Нәтижелі жұмыс жыл бойы жалғасын тауып, табиғат байлығына зиянкестік жасаушыларды бақылаудың назардан тыс қалмасы анық.

Ришад Тұрғанбаев