Қомақты табыс

Уақыты: 25.10.2016
Оқылды: 1391
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Статистика комитетінің «Келушілерді таңдап тексеру туралы» деректеріне сәйкес «ЭХРО – 2017» көрмесіне келетін шетелдік туристің портреті жасалды. Олардың сараптамасына сенсек, әрбір шетелдік турист Қазақстанда орташа есеппен 6 күн болады. Осы уақыт аралығында ол көрменің билетін сатып алуға, қонақүйлерде жайғасуға, кәдесыйлар алуға, іс-шараларға қатысуға, емдеуге, тамақтануға, Астана қаласының маңындағы елді мекендерге қыдырып қайтуға 64 200 теңге жұмсайды, яғни, күніне 11 300 теңгеден айналады.

Жалпы, көрмені тамашалауға шамамен 2 миллионнан астам адам келеді және 5 миллион келуші болады деп күтілуде. Алдын ала болжам бойынша, шетелдіктердің 65 пайызы 3-5 мың теңге тұратын билеттерді сатып алуға ниет танытуда. Сондай-ақ, туристердің 60 пайызы Астанаға жақын орналасқан Бурабайдың, 36 пайызы Көкшетау мен Қарағанды облысының, қалғаны еліміздің басқа өңірлерінің таңғажайып табиғатын тамашалауды мақсат етіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде табыстың негізгі көзі халықаралық тасымалдар болады. Оның үлес салмағы 36 пайыз. Ал кірістің 18 пайызы азық-түлік емес тауарларға тиесілі көрінеді. Соның ішінде киім-кешек пен аяқкиімнен түсетін табыс 39 пайызды құраса, кәдесыйлар мен сыйлықтардан келетін кіріс жалпы табыстың 27 пайызын құрайды. Сонымен қатар тағы 17 пайызы тамақтану мен азық-түлікке тиесілі. 
Статистика комитетінің мәліметінше, жалпы көрмеге туристерден бөлек 300-ге жуық шетелдік қонақ қатысатыны белгілі болды. Олардың әрқайсысы 44 мың теңге шамасында ақша жұмсайды. Демек, көрмеге келіп қатысатын қонақтардан түсетін кіріс шамамен 13 млн. 200 мың теңге болмақ.
Бұл туралы «Астана «ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің Ватикан елшісі Фрэнсис Чулликаттпен кездесуінде сөз болды.  Елші алдағы көрме тақырыбының маңыздылығы мен әлеуетін атап өтіп, Ватиканның ұлттық павильонының тақырыптық тұжырымдамасын жақын арада ұсынатындығын айтты. 
Бұл өңірлердегі туризм саласымен айналысатын кәсіпкерлер үшін үлкен серпіліс тудыратыны анық. Себебі, Астана қаласынан шалғай өңірлерді тамашалуға ниетті туристер мен қонақтарды күтіп алу, еліміздің бай экономикалық және туристік әлеуетімен жақыннан таныстыру ертеңгі іргелі жоспарларға жол ашатыны белгілі.

Қажет АНДАС