Бірлескен жұмыс берекелі

Уақыты: 27.10.2016
Оқылды: 1508
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде облыстық мәслихаттың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, тіл, спорт, мәдениет және этносаралық қатынастар, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, аграрлық сала, жер қатынастары және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссиялары мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының дәл осындай комиссияларының бірлескен көшпелі отырысы өткізілді.

Алқалы жиында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Бірінші кезекте облыстағы жастар саясаты мәселелері сарапқа салынып, содан кейінгі жерде көлік саласындағы бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру және жергілікті жерлерде ветеринария қызметінің жұмысын жандандырып, эпизоотиялық қолайсыздықты жою, малды вакциналаудан өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы әңгіме өзегіне айналды.
Кербұлақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары Күмісбек Әйпейісов жиынның беташар сөзін айтып өткеннен кейін облыстық мәслихаттың депутаты, мәслихаттың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, тіл, спорт, мәдениет және этносаралық қатынастар мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Төлеу Сарпеков бірлескен комиссиялар отырысын ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелер мен талқыға салынатын жайттардың маңызы  жөнінде қысқаша айтып өтті.
Алғашқы сөз кезегін алып, «Алматы облысында жастар саясаты мәселелері жөнінде атқарылған жұмыстар туралы» баяндама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айдын Нұрмұхамбетов, осы мәселе жайында қосымша баяндама жасаған Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев, Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебай бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Облыста жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Айдын Нұрмұхамбетұлы атап өткендей, жастар саясаты мәселелері басқармасы құрылған 2012 жылы бұл бағытқа 77 млн. теңге бөлінсе, биылғы 2016 жылы бұл көрсеткіш 435 млн. теңгеге жетіп, яғни бес еседен астам мөлшерге көбейіп отыр. Соған орай жастармен жұмыс та жүйелі жүргізілуде. Осы бағытта облыс аумағында 20 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Барлық орталық көлікпен қамтамасыз етілген. 
«Жас Отан» жастар қанаты республика бойынша әрдайым алдыңғы қатарда болса, «Жасыл ел» штабы үшінші жыл қатарынан «Үздік штаб» және жүйелі ақпараттық жұмысы үшін «Үздік онлайн штаб» атанып отыр. 
Осындай жетістіктер мен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды тілге тиек еткен сөйлеушілер жұмыссыз жастармен, радикалды діни ағымдар шырмауындағы азаматтармен және жазасын өтеп келген жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жайына да тоқталып өтті. 
Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Елухан Баймулдинов «Алматы облысы бойынша көлік саласындағы бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы» баяндама жасап, атқарылған жұмыстармен қатар шұғыл шешімін табуы тиіс бірқатар өзекті мәселелер жайын да бірлескен комиссия мүшелерінің назарына салды. 
Аталған көліктік бақылау инспекциясы ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің автомобиль, теміржол және су көлігіндегі бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Көліктік бақылау «Алматы – Өскемен» автожолының 270 шақырымында орналасқан «Еркін» стационарлық бекетінде және автомобильдер базасында жасақталған жылжымалы бекеттерде жүзеге асырылады. Бекеттер бақылаудың барлық техникалық құралдарымен толықтай жабдықталып, онда ақпарат берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілген, телефон және жерсеріктік байланыс жұмыс істейді. 
Баяндамашы келтірген деректерге қарағанда, 2016 жылдың 9 айында бекеттерде 5 559 автотранспорт құралы тексерілген. Мұның өзі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тексерілген автокөліктер санының 1,5 пайызға артқандығын көрсетеді. Анықталған бұзушылық фактілері бойынша 1 074 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл орайдағы көрсеткіштер де 38,4 пайызға артып отыр.
Бір мезгілде ауыр салмақты және ірі габаритті автотранспорт құралдарының белгіленген ережелерді бұза отырып жүріп өту фактілерінің де арта түсіп отырғандығын айтып өтпей болмайды. Талдау көрсетіп отырғандай, атқарылған шараларға қарамастан, ірі мөлшерде салынған (кейде бір сапар үшін миллион теңгеден астам) айыппұлдарға қарамастан мұндай бұзушылықтар жүйелі сипат алып отыр, тіпті өсу тенденциясы байқалады. Қарапайым тілмен айтқанда біздің жолдарымыздың бүлінуі одан ары жалғасуда. Осы жайттарды ашып айтқан Елухан Әділханұлы жол желісінің қанағаттанғысыз жағдайы жолдың өткізу мүмкіндігін шектейтінін, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсерін тигізетінін, ең бастысы, жол қозғалысына қатысушылардың өмірлері мен денсаулықтарына елеулі қауіп төндіретіндігін атап өтті. 
Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында көліктік бақылау инспекциясы өз өкілеттігі аясында жұмыстар жүргізуде. Баяндамашы осындай жұмыстардың қатарында прокуратура органдары мен қоғамдық ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстыра отырып өткізілетін «Жол бойындағы қабылдау» акциясын атап, тікелей көліктік бақылау бекеттерінің өзінде жүк тасымалдаушылармен әңгімелер өткізіліп, кеңестер берілетіндігін айтты. Бақылау жұмыстары су мен теміржол көлігінде де жүйелі жүзеге асырылуда. 
«Жергілікті жерлерде ветеринария қызметінің жұмысы және эпизоотиялық қолайсыздықты жою, малды вакциналаудан өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» баяндама жасаған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асқар Нұрбаев ең алдымен облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жұмыстарының 9 айлық жоспарының орындалу көрсеткіштерін тізбеледі. Баяндамашының келтірген мәліметтеріне қарағанда, бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Нақтырақ айтатын болсақ, биылғы жылға қажетті ветеринариялық препараттардың негізгі бөлігі, яғни 99,9 пайызы алынған. Тек түйе құтыруына қарсы 7001 доза вакцина жеткізілмейтін болып отыр. Нәтижесінде үй жануарлары сібір жарасы мен аусыл, пастереллез, лептоспироз, листериоз, құс тұмауына қарсы толықтай немесе толықтай дерлік егілген, жануарларды, ит пен мысықтарды құтыруға қарсы егу жоспары да толықтай орындалған.
Ағымдағы жылы облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 66 ошағы тіркеліп, оның 40 ошағында ветеринариялық сауықтыру шаралары атқарылып, эпизоотиялық ахуал қалыптастырылған, 26-сында сауықтыру шаралары жүргізілуде. 
Сібір жарасы ауруынан малдың өлімге ұшырап, көмілген орындарына тану белгілері қойылып, қоршалуда. Мұндай орындардың топаграфиялық картасы әзірленіп, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Асқар Ханұлы атқарылып жатқан жұмыстармен қоса шешімі табылмай тұрған бірқатар өзекті мәселелер жайына да тоқталып өтті. Мәселен, облыс аумағында ветеринариялық стансылардың ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес келетін типтік үлгідегі ғимараттары жоқ. Мұның өзі ветстансылар мен ветпункттердің өздеріне жүктелген міндеттерін толыққанды орындауына кедергі болып отыр. Сонымен қатар жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алу үрдісі Ауылшаруашылық министрлігі тарапынан жүргізілуіне байланысты жоспарда межеленген ветеринариялық препараттардың дер кезінде толығымен қажетті көлемде түспеу деректері орын алуда. 
Көшпелі жиналыс соңында сұрақтарға жауап беріліп, күн тәртібінде қаралған мәселелерді талқылау барысындағы депутаттардың ұсыныстары ескеріле отырып қаулы қабылданды.
Жиналыс аяқталғаннан кейін қатысушылар «Жол бойындағы қабылдау» шарасына куә болып, автокөлік құралдарының салмағын бақылауға арналған алып жүруге қолайлы автомобиль таразысының мүмкіндіктерін тамашалады.

Нүсіпбай Әбдірахым