Сенім артылып, жауапкершілік жүктелді

Уақыты: 10.11.2016
Оқылды: 1682
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімдігінде жаңа кадрлық өзгерістерге байланысты актив жиыны өтті. Президент Әкімшілігінің келісімімен Жақсылық Мұқашұлы Омар облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Дәл осындай жиындар Текелі мен Қапшағай қалаларында да болды.

Актив отырысын Жетісудағы жағымды жаңалықтармен бастаған өңір басшысы Амандық Баталов идеология саласына жетекшілік жасайтын жаңа орынбасарын таныстырды. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омар мемлекеттік басқару ісінде тәжірибелі маман. Ал осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары болған Бақтияр  Өнербаев өз кезегінде ауқымды жұмыстарды атқаруға көмек көрсеткен әріптестеріне ізгі ниетін білдіріп, зор сенім артқаны үшін облыс басшысына алғысын жеткізді. Жақсылық Мұқашұлының іскерлігін тілге тиек етіп, қызметіне сәттілік тіледі.  
Жаңа лауазым иелерін құттықтау үшін мінберге көтерілген Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов пен «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов Бақтияр Әлтайұлының өткен уақыт аралығында атқарған жұмысына ризашылықтарын жеткізіп, жауапты қызметтің жемісті болуын тіледі. 
Үлкен еңбек жолынан өтіп, білім мен біліктілік қасиеттерімен танылған Жақсылық Мұқашұлы облыс әкімі артқан сенімді ақтап, өңірдің өрлеуі жолында аянбай қызмет атқаратынын айтты. 
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов қасиетті өлкенің жарқын болашағы үшін атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі. Бұл жолда әр маманның ел үшін, жер үшін аянбай тер төгуі керектігін тілге тиек етті. 
***
Текелі қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. 
Кенді қаланың тізгінін үш жылдан аса уақыт ұстап, өзінің жұмысын қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттап, мемлекеттік «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында индустриалдық-инновациялық жобаларды, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, халықты тұрақты жұмыспен қамту, өнеркәсіп өнімі көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлген Талғат Қанатұлы қаланы абаттандыру, көркейту бағытындағы жұмыстарды да жүйелі атқарды. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов өзі жүргізген сессияда айтып өтті. 
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 23-1-бабына және «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің № 828 Жарлығына сәйкес ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Текелі қаласының әкімі қызметіне Бақтияр  Өнербаев тағайындалды. 
Текелі қаласының бұрынғы әкімі Талғат Қайнарбеков мінберге көтеріліп, облыс әкімі Амандық Баталовқа және өзімен қызметтес болған Текелі қаласы әкімінің аппаратына алғыс айтып, қаланың жаңа әкімі Бақтияр Өнербаевтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.  
Облыс басшысы тәжірибелі жаңа әкімнің еңбекқорлығы мен жоғары жауапкершілік сезімі Текелі қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда биік жетістіктерге жеткізеді деген сенімін білдірді.
***
Қапшағай қаласына ресми сапармен барған облыс әкімі Амандық Баталов шаһар активіне жаңа тағайындалған әкімді таныстырды. Алдымен қалалық мәслихат депутаттарымен кездескен өңір басшысы халық қалаулыларына Қапшағай қаласы әкімінің лауазымына ұсынылып отырған  Талғат Қайнарбековті таныстырып, қолдау көрсетулерін сұрады. Соған сай мәслихатпен, активпен, халықпен бірлесе, кеңесе отырып жұмыс істегенде ғана жетістікке жетуге болатынын Талғат Қанатұлының есіне салды.
– «Мемлекеттік билік жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №828 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен мен сіздерге Қапшағай қаласының әкімі ретінде Талғат Қанатұлы Қайнарбековті ұсынып отырмын, – деген облыс әкімі Амандық Баталов жаңа әкімнің өмір жолын таныстырып өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, Текелі қаласының жұмысын жандандырып, моноқаладағы кәсіпорындардың ісін өрге жүргізген Талғат Қанатұлы жүктелген жауапкершілік салмағын сезініп, еліміз үшін туризмнің орталығына айналатын Қапшағайдың дамуына лайықты үлес қосады. Соған байланысты жергілікті халық тарапынан қолдау көрсетуді ұсынған Амандық Ғаббасұлы Қапшағай қаласының маңында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырып өтті. 
Бұған дейін Сарқан, Көксу аудандарында қызмет етіп, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Текелі қаласының әкімі сынды жауапты қызметтер атқарған Талғат Қайнарбеков тапсырылған жауапкершіліктің салмағы ауыр екендігін атап өтіп, жүктелген сенім үдесінен шығатындығына уәде берді.
Жаңа тағайындалған әкімнің жұмысына сәттілік тілеген қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Владимир Барвинов, «Қапшағай фарфор» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты Съезбек Ақылтаев, «Ақөзек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Думан Майлыханов, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Мұхтар Айсауытов кезекпен сөз алып, өңір басшысына ризашылық білдірді.
Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов жаңа әкімді кабинетіне апарып, орнына отырғызды.
Құралбек СӘБИТОВ,
Еңлік КЕНЕБАЕВА,
Мәди АЛЖАНБАЙ, 
«Жетісу».