Өңірдің дамуымен танысты

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 1202
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жеріне бір күндік жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин келді. Іс- сапар кезінде бірінші вице-премьер Талдықорған қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі, экономикалық даму деңгейімен танысты. Қарқын алған құрылыс жұмыстарын да көріп, жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысын байқады. Асқар Ұзақбайұлы түстен кейін Панфилов ауданындағы «Қорғас» еркін экономикалық аймағындағы нысандарды да аралап қайтты. 

Үкімет басшысының бірінші орынбасары іссапарын алдымен Талдықорған қаласының әуежайынан бастады. Сол жерде облыс әкімі Амандық Баталов ұшып-қону жолақтары жаңғырту жұмыстарын көрсетіп, осы бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жөнінде әңгімеледі. Осы жерде Үшарал кентіндегі әуежайдың құрылысы, Көктұма ауылы тұсындағы жағалауды нығайту ісі, Алакөл демалыс аймағындағы туризмді дамыту мәселесі сияқты шаруалар жан-жақты сөз болды. Ғимараттың сыртқы келбеті мен безендірілуіне және абаттандырылуына да көңіл бөлінді. Айта кетейік, «Жетiсу» әуекомпаниясы» акционерлік қоғамы қазір жүз қырық адамды еңбекпен қамтып отыр. Орта есеппен жылына алты жүз әуе рейсіне қызмет көрсететін әуежай «Ту-134», «Ил-76», «Челленджер-850», «АН-24», «ЯК-40», «Boeing-757» секілді әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жылына жиырма алты мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, үш жарым тонна пошта тасымалданады.   
Бұдан соң «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда ұзындығы 112 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автокөлік тас жолын қайта жаңғырту бағытындағы жобаларға назар аударылды. Онда мәлім болғандай, биылға дейін «Алматы – Өскемен» тас жолының 128 шақырымы пайдалануға берілсе, соның 72 шақырымы цемент-бетонды, қалғаны асфальтбетонды жамылғымен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы осы жолдың 94 шақырымын аяқтап, қолданысқа беру көзделіпті. Қазіргі кезде 112 шақырымның төрт учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жобаларды іске асыруға 20,2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Соның 10,8 млрд. теңгесі «Алматы – Қапшағай», 9,5 млрд. теңгесі «Алматы – Өскемен» тас жолдарын қайта жаңғыртуға қарастырылған. Жалпы, аталмыш автокөлік жолдары жұмыстарын жүзеге асыруды «К-Дорстрой» акционерлік қоғамы және «Концерн Найза-Құрылыс» пен «Корпорация «Прогресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолға алыпты. Жол құрылысын жүргізуге барлығы мыңнан астам адам мен жеті жүзден аса техника тартылған. 
Келесі кезекте Асқар Ұзақбайұлы Талдықорған қаласына кіреберіс тұстан орын тепкен Оңтүстік – Батыс тұрғын үй алабын жандандыру бағытында қолға алынып жатқан ілкімді жобаларға көз тоқтатты. Сол жерде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандары мен газдандыру мәселесі жайлы кеңінен ақпарат берілді. Аталған жерде маңызды бірнеше нысан бой көтерген. Құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оған Салтанат сарайы, Драма театры, қонақүй кешені секілді әдемі ғимараттардың қосылып жатқаны дәлел. Аймақта халық та көп қоныстанған. 2012 жылдан бастап биылдың бірінші қарашасына дейін жалпы алаңы 87,8 мың шаршы метрді құрайтын 23 үй ел игілігіне беріліп, талай отбасы баспаналы болған. Бұған 10,5 млрд. теңге қаражат жұмсалыпты. 
Қазіргі таңда 717 пәтерлі 5 коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Инженерлік жүйелерін жасауға 2013 – 2015 жылдар аралығында төрт миллиардтан астам қаражат бөлініп, нәтижесінде алтыншы және жетінші ықшам аудандары ұзындығы 72,4 шақырым магистралді инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген. Таяуда жалпы құны 1,2 млрд. теңгелік магистральді желінің құрылысы аяқталмақ. Алдағы уақытта сегізінші, тоғызыншы және оныншы шағын аудандарын электр және жылумен жабдықтау, телефон байланысымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында желі құрылысын жалғастыруға, ішкі кварталдық желілерді абаттандыруға қомақты қаражат қарастырылыпты. Аталған аудандағы магистралді жүйенің бәрі келесі жылдың екінші тоқсанында толық аяқталады деп күтіліп отыр. Осы тұрғыда Асқар Ұзақбайұлы сегізінші және оныншы шағын аудандарын салу жобасын «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде дамытуды тапсырды. 
Бұдан кейін өнеркәсіпті өркендетуге арналған «Талдықорған» индустриалды аймағының жұмыстарына ден қойылды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат аталған аймақта жалпы үш жүзден астам адамды жұмыспен қамтыған бес кәсіпорынның жұмыс істейтінін атап өтті. Алдағы уақытта аймаққа 13,4 млрд. теңгеден аса инвестиция салынып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құратын тағы он кәсіпорын орналасады деп күтілуде. Индустриалды аймаққа инфрақұрылым нысандарын салуға 4,2 млрд. теңге қарастырылған. Өткен тоғыз ай ішінде 2,0 млрд. теңге қаржы игеріліпті. 
Қазіргі кезде нысандарда магистральді инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы, 10 кВт-тық кабель жүйесі, сыртқы байланыс, кәріз және су жүйелері, теміржол жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алматының төрт серіктес қаласының индустриалды аймағы мен аудандардағы өнеркәсіп аймақтары туралы да мәлімет берілді. 
Бірінші вице-премьер бастаған топ жол-жөнекей жаңа «Жастар» саябағын да көріп, халық тынығатын орынды тамашалады. Қаратал өзені жағалауында жасалған жұмыстарды да байқап қайтты.

***
 Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар МАМИН Алматы облысына іссапары барысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына да келіп, мұндағы қарымды қарекеттермен танысты. Сапар барысында Вице-премьерді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жауапты тұлғалары, жергілікті билік өкілдері қарсы алып, аймақтағы нысандарды таныстырды. 
Бірінші вице-премьер «Қорғас» шекара маңы халы-қаралық ынтымақтастық орталығына» келіп, орталықтың Қазақстан тарапында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Асқар Ұзақбайұлы алдымен орталықтағы құрылысы жақында басталған көп- функционалды кешенге келді. Жалпы аумағы 21, 15 гектар аймаққа орналасқан кешенде болашақта 2 сауда үйі, бизнес орталығы, қонақүй кешені және сауда орталығы салынбақ. Кешенге инвесторлар 114, 9 миллиард теңге көлемінде қаржы салыпты. Кешен 2018 жылы толық пайдалануға берілмек. 
«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекарасымен шектес аймағында орналасқан Қазақстан – Қытай бірлескен жобасы. Жалпы ауданы 560 гектар жерді қамтиды. Орталық екі бөліктен құралған, Қазақстан жағы – 207 гектар, Қытай жағы – 343 гектарға орналастырылған. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени байланысты дамыту мақсатында, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2002 жылғы 22 – 25 желтоқсанда Қытай еліне ресми сапары кезіндегі екі мемлекет басшыларының бастамасы бойынша жүзеге асырылып келеді. 
Шекараға шектес аймақта әріптестікті дамыту мақсатының басты қағидасы – Қазақстан – Қытай және өзге үшінші мемлекеттер азаматтарының шекара аумағында 30 тәулікке дейін визаны ресімдеусіз еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасау. 
«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» жобасы бойынша біздің жақта 56 инвестициялық нысан құрылысы жоспарланған, атап айтқанда орталық алаң, қолөнершілер қаласы, Конгресс-Холл, 4 сауда галереясы, ашық базар, сауықтыру кешені, сауда орталығы мен 3 сауда үйі, тағы басқа құрылыс нысандары бар. Қазір бұл орталыққа күнделікті 1200-ден 1800-ге дейін, ал демалыс және мейрам күндері 2000-ға дейін адам сауда-саттық жасап келіп-кетіп жүр. 
 Бүгінде бұл орталық әлемде теңдесі жоқ және құқығы жағынан жаңа жоба саналады. Ол өндірістік, көліктік әлеуетке капитал жұмсауға, шағын және орта бизнесті барынша табысты етуге кеңінен мүмкіндік береді. Біздің инвестициялық саясатымыздың басымдылығын арттырып, бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді дамыту және құру, сондай-ақ, олардың әлемдік нарықтағы белсенділігін арттыруға жағдай жасайды. 
 Болашақ «Қорғас – арнайы экономикалық аймағы» бірнеше кешенді бөлімдерден тұратын болады. Мысалы, мұнда үлкен транспорт терминалы, сауда көрмесі, келген адамдар ашық аспан астына шықпай жалғастыра аралайтын сауда павильондары, бір мезетте 5 мың адам қабылдайтын мүмкіндігі бар қонақүй кешені жасалады. Шекаралас мемлекеттердің қаржы және өндірістік ұйымдарының ірі халықаралық кездесулерін, конференцияларын, симпозиумдарын өткізуге арналған орындар салынбақ. Сол сияқты офистер, мейрамханалар, казино, кинотеатр, 100 мың адам қоныстанатын көпқабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, басқа да келушілер демалатын орындар жасау жобаланған. 
ШОС мәмілесінің құрамындағы мемлекеттердің мәдениеті мен тарихи дамуынан кең мағлұмат беретін этникалық парк жасалады. Бұл орталықтың қызметі тауар саудалаумен ғана шектелмейді. Біздің елдің өндіріс орындары ҚХР-да немесе әлемнің кез келген елінде өндірілетін техника, өндірістік құрал-жабдықтар мен қолөнер бұйымдарын жасап, саудалай алады. 
Премьер-министрдің бірінші орынбасары іссапар барысында биыл шілде айында пайдалануға берілген «Самұрық» орталық алаңында» жалғастыра салынып жатқан құрылыспен де танысып, келесі кезекте осындағы 3, 8 гектар жерге орналастырылған қолөнершілер қалашығын да көрді. Дөңгелете салынған Қолөнершілер қалашығының сыртқы қабырғалары 15 – 17 ғасырлардағы Орта Азия сәулет өнерінің үлгілерімен безендірілетін алып құрылыстың жалпы көлемі 30 мың шаршы метрді қамтымақ. Бізге мұнда болашақта отандық қолөнер шеберлерімен бірге қытайлықтардың да қолтума дүниелерін саудалайтынын, сол арқылы ұлттық өнердің халықаралық дәрежеде дамуына жол ашылатынын Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаевтан сұрап білудің сәті түсті. Сапар барысында «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығында» жақында «Балтика» азық-түлік сауда үйі ашылып, Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Армения елдері тауарларын саудалай бастағанына куә болып, қуандық. 
 Асқар Ұзақбайұлы бұдан кейін теміржолшыларға арналып салынған Нұркент қалашығына келіп, осындағы шағын отбасына арналған 192 пәтерден тұратын екі жатақхана мен Панфилов ауданының тұрғындарына салынып жатқан әрқайсысы 60 пәтерден тұратын көп- қабатты екі тұрғын үй құрылысымен танысты. Сапар соңында Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодаңғылының шекарадағы нүктесіне келіп, ел экономикасына толайым табыс беретін халы-қаралық жолдың Алматы облысындағы соңғы шақырымдарының құрылысын өз көзімен көріп, оның діттеген мерзімде аяқталуын жауапты тұлғаларға табыстады. Сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жобасының құрамындағы Индустриялық орталықта бой көтеретін алғашқы құрылыс нысаны – Алматы облысы әкімінің нұсқауымен салынатын дәнді дақылдар өнімін уатып, құрғатып, шетелдерге экспорттайтын жаңа зауыттың құрылысы басталатын орынға естелік капсуласын салу рәсімін жасады. 

Айгүл Байбосынова

Мырзағали Нұрсейіт