БҮГІН - ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІ

Уақыты: 15.11.2016
Оқылды: 1594
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттің егеменді ел екенін айқындайтын бірден-бір белгі – төл валютасының болуы. Бұл – мемлекеттің нағыз ел болып қалыптасқанының нышаны.  Әрине, Ұлттық валютаны енгізу көп күш пен еңбекті талап етті. Десе де еліміз тәуелсіздігін алғанына 2 жыл толар тұста, дәлірек айтсақ, 1993 жылы 15 қараша күні теңгені ресми түрде ақша айналымына енгізді. Демек, бұл күн қазақстандық валютаның дүние есігін ашқан күні болып есептеледі. Міне, содан бергі 20 жылдан астам уақытта төл теңгеміз өзінің өміршеңдігін әйгілеп, елдігіміздің маңызды нышаны ретінде егемендігімізді танытып келеді. 

 Өткенге көз жіберсек, ең алғашқы дизайны қалам, калька және тушь арқылы салынып, әрлеушілердің қолынан өткен теңгенің бірінші топтамасы Лондонның Harrison & Sons фабрикасында басылып шығарылғанын білеміз. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасаған. Елімізде ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Соның арқасында Қазақстан ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік алды. Бір айта кетерлігі, теңге – жалған ақша жасаушыларға қарсы тұра алатын әлемдегі ең қау­іпсіз валюта. Америкалықтар теңгенің технологиясына сүйеніп, доллар қауіпсіздігін күшейткен. Тіпті, теңге банкнотасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүние­жүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. Демек, осындай күрделі де қызықты жолдардан өткен төл теңгеміз бүгінгі еліміздің жарқын келешегін жасаудың басты бағдарына айналуда. 
Десе де, төл теңгеміз айналымға түскелі талай қиындықты бастан өткергенін мойындаймыз. Өткен жылдың тамыз айында еркін айналымға жіберілген төл теңгеміздің бағамын енді нарық нарқы анықтайды. Сарапшылардың пікірінше, мұнай экспортына тәуелді Қазақстанның Ұлттық валютасының құнсыздануы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуіне тікелей байланысты. Бірақ жыл басында 35 долларға дейін құлдыраған мұнай бағасы қазір біршама тұрақтанды. Осыған орай теңгеміз де нығая түсті. Ендеше, бұл жерде мәселе тек әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне ғана байланысты емес. 
 Ұлттық валютамыздың беделіне Қазақстан экономикасының шектен тыс долларланып кетуі де көлеңке түсіруі мүмкін. Төл теңгемізді тұйықтан шығаруда ҚР Ұлттық бан­кінің ықпалды шаралары мен батыл бастамалары керек. Төл теңгенің туған күніне орай Ұлттық банк өкілдері Алматыда бас қосып, өзара пікір алмасты.
Жиналғандардың ай­туын­ша, теңгеге деген сенім жоғалған емес. Биыл қаңтардан бастап Ұлттық валютада сақталған депозиттердің үлесі 58-ден 70 пайыз­ға дейін артқан. Жеке тұлғалардың 80 пайызы жинақтарын теңгеде сақтауды ұйғарыпты. ҚР Ұлттық банк төрағасының пайымынша, бұл – теңгеге деген сенім мен азаматтардың отансүйгіштік сезімі оянуының белгісі.
Рас, отансүйгіштік отбасынан басталатыны белгілі. Демек, оның бір көрінісі өзіміздің төл теңгемізге деген сенімде жатқанын білеміз. Сондықтан Мәңгілік Ел болу жолында төл теңгенің арқалайтын жүгі аз болмайды. Сан сынақтан сүрінбей өткен Ұлттық валютамыз алдағы уақытта да абыройлы белес­теріміздің бағдаршамы бола бермек.

Қажет Андас