Жүзден - жүйрік, мыңнан тұлпар

Уақыты: 21.11.2016
Оқылды: 1703
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеңестер одағының шикізат қоймасы қызметін атқарып келген Қазақстан тәуелсіздігін жарияласымен Ұлт көшбасшысы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы бойынша елді индустрияландыру саясатын басты бағыт етіп алған болатын. Ал, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін алдымен білікті инженерлер керек екені түсінікті. Өткен 25 жыл ішінде бұл салада қол жеткізген табыстарымызды саралап қарайтын болсақ, ондай мамандардың баршылық екеніне көз жеткіземіз. Сәрсенбінің сәтіне орай «Тұран» университетінің мәжіліс залында өткен салтанатты шара осыны тағы бір айшықтап бергендей болды.

Бұл күні ел бойынша екінші рет ҚР Ұлттық инженерлік академиясының «Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері» және «Қазақстанның 2016 жылғы үздік инженері» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараны ашқан ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов алдымен әріптес­тері мен шара қонақтарын осынау айтулы оқиғамен құттықтады:
– ҚР Ұлттық инженерлік академиясының «Үздік жыл инженері» Құрметті атағын беру үшін респуб­лика көлемінде бұл шараны екінші рет өткізіп отырмыз, – деді ол сөзін сабақтап. – Инженер дегеніміз индустрияландыру мен инновацияның негізгі тұлғасы. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытты тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтумен теңестірді. Біздің байқауымыздың жеңімпаздары үздіктердің ішіндегі үздік инженерлер, болашақтың негізін салушылар. Бүгінгі байқау­дың тағы бір ерекшелігі бар. ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біз экономикамыздың әр саласы мен өңір басшылары үшін ерекше номинация енгіздік. Ол: «Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері» атағы. Бұл өңірлерді индустрия­ландыру мен инновацияның шешімін тапқаны үшін берілетін атақ. Ол біз үшін өте жауапты әрі күрделі номинация болды. Жеңімпазды анықтау үшін үміткерлердің өткен 25 жыл ішінде атқарған жұмыстарын саралау қажет еді. «2016 жылдың үздік инженері» номинациясына 200-ден астам үміткер құжаттарын тапсырды. Байқау комиссиясы барлық түскен ұсыныстармен тиянақты жұмыс атқарды. Комиссия қорытындысына ҚР Ұлттық инженерлік академиясы байқау комиссиясының төрағасы, академик Асқар Құлыбаев кеңінен тоқталып өтеді. Ал, маған осы салтанатты кешті ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
– Баршаңызды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын, – деді екінші болып мінберге көтерілген ҚР Ұлттық инженерлік академиясы байқау комиссиясының төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Құлыбаев. – Біздің академиямыздың құрылғанына 25 жыл болды. Бүгінгі шараның осынау айтулы мерекемен тұспа-тұс келуін жақсылыққа жоримыз. Өздеріңізге белгілі, «Қазақстанның үздік инженері» байқауын биыл екінші рет өткізіп отырмыз. Былтыр елдің әр шалғайында өндірісті дамытуға үлес қосқан 11 адам марапатталды. Қазақстан тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай биылғы өткізген байқаудың маңызы зор.
Осыдан кейін Асқар Алтынбекұлы тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана мерзім ішінде еліміз қол жеткізген биіктерге тоқталып өтті. 
–«Қазақстан – 2030» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындап, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуіміз, әлемдік аренада үлкен абырой-беделге ие болуымыз осының айғағы. Елде 2010 – 2014 жылдарға арналған индустриалды-инновация­лық бағдарлама жүзеге асырылып, бұл үрдіс одан әрі жалғасуда. Осының бәрі инженер мамандардың қатысуынсыз жүзеге асырылмайтыны белгілі. Инженер дегеніміз – ғалымдар, өнертапқыштар, жаңалық атаулыны қолдаушылар. Олар жаңа технология­лар ойлап тауып, өндіріс үрдісін жетілдіріп, оны өз қолдарымен жүзеге асырып келеді. Осы ретте Ұлттық инженерлік академия да жаңа мен жақсы идеяларға қолдау көрсетіп, осы мамандықтың мәртебесін арттыруда.
Бүгінгі байқауда «2016 жылдың үздік инженері» номинациясымен қатар «Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері» атағын қоса тағайындап отырмыз. Жоғарыда айтылғандай, байқауға елдің барлық аймағынан 200-ден аса құжат келіп түскен. Біз үміткерлердің сандық құрамымен қатар өлкелердің дамуына ерекше серпін берген жұмыстардың сапасына аса көңіл аударғанымызды айтқым келеді. Осы орайда, облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен 2010 – 2016 жылдар аралығында аймақта 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты. 158 жаңа өндіріс нысаны пайдалануға беріліп, 61 байырғы өндіріс орындары жетілдіріліп, жаңадан 7515 жұмыс орны ашылған. Өңірде қазір 919 кәсіпорын бар десек, олардың 146-сы ірі және орта дәрежедегі өндірістің қатарында. Олар өлкеде өндірілетін өнімдердің 80 пайызын шығарып отыр. Мұның сыртында, облыста ондаған әкімшілік ғимарат қайта әрленіп, әуежай, сауықтыру орталығы, жаңа тұрғын үй кешендері, спорт пен білім беру, медицина мен мәдениет нысандары пайдалануға берілген. Солардың қатарында Спорт, Оқушылар, Тіл мен Достық сарайлары, Журналистер үйі, Жастар орталығы, көпсалалы аурухана, теннис алаңы, автопарктер және басқа да әлеуметтік маңызы жоғары нысандар бар.
Облыста ел бойынша алғаш рет жасалынған жер қатынастарына байланысты электронды карта пайдалануға берілген. Оның көмегімен кез келген адам өзіне қажет мәліметті ала алады. Мұнда елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асырылуда. 2014 жылы Алматы – Байсерке – Талғар газ құбыры жүргізіліп, Іле мен Талғар аудандарының 300 мың тұрғыны бар 76 ауылы өркениет игілігін пайдаланып келеді. Бүгінде Байсерке – Қапшағай құбыры жүргізілуде. Ал, келесі жылы Алматы – Талдықорған газ құбырының құрылысы толық аяқталып, 400 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендер, облыс орталығын қоса есептегенде үш қала көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. 
Облыс тұрғындары ғана емес, қазақстандықтардың сүйікті демалыс орнына айналған Балқаш көлінің жағалауын көркейту кезегін күткен мәселенің бірі. Бұл бағытта да мақсатты жұмыстар атқарылуда. Егіс алқаптарының көлемі арттырылып, суармалы алқаптарды ұлғайту жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 5,7 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз етуге қабілетті Қызылағаш су қоймасы қалпына келтіріліп, өлкеде қант қызылшасы алқаптарының көлемі ұлғая түсуде. Алынған өнімдерді өңдеу үшін Ақсу қант зауытын іске қосу жұмысы жүріп жатыр. Осының бәрі өздігінен келе қалмасы белгілі. Егер басшы білікті инженер болса қиын шаруаға жасқанбай бара алады. Елде кез келген облыстың мұндай жетістіктерімен мақтана алмайтынын жақсы білеміз.
Байқауға ежелден өндірісі дамыған өлкелер ғана емес, өзге де облыстардың өкілдері қатысуға ниет білдірген. Солардың ішінде тау­кен металлургиясы, мұнай өңдеу, химия, түсті металл, ғарыш саласы, транспорт пен құрылыс, агроөнер­кәсіп, тамақ өнеркәсібі, жасыл экономика мен баламалы энергетика бағытындағы жаңалықтардың авторлары бар. Қазақстан  инженерлерінің осы бағытта еңбек етіп, жаңалық енгізуге талпынып жүргені қуантады. Бүгін «Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері» және «2016 жылдың үздік инженері» атағымен марапатталатын адамдарды осы мәртебесімен құттықтап, алдағы уақытта да елді өркендетуге үлес қосуға шақырамын. 
Осылай дей келе Асқар Алтынбекұлы байқау комиссиясының бірауыздан қолдауы бойынша «Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері» атағымен тұңғыш рет облыстың әкімі Амандық Баталов марапатталатынын салтанатты түрде жария етіп, арнаулы диплом мен Алтын төсбелгіні табыс етті. Салтанатты шараға келген қонақтар мен президиум мүшелеріне өзіне көрсетілген зор сенім үшін алғысын білдірген Амандық Ғаббасұлы еңбекке араласа бастаған тұста осы жерде отырған Ұлттық инженерлік академияның мүшелерінен тәлім алып, көп нәрсені үйренгеніне баса тоқталды. Еңбек жолын Алматы қаласында құрылыс маманы болып бастаған ол сол кезде қаладағы маңызды нысандарды салуға белсене араласқанын мақтанышпен еске алатынын жасырмады.
Бұрынғы Алматы және Талдықорған аймағын біріктіріп отыр­ған үлкен облыс орталығының Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде Талдықорғанға көшірілгенін тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы жер жаннаты Жетісуда атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталып өтті. 
– Міне, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтетін мерекелі жыл да аяқталып келеді. Осы орайда бір ғана санды мысалға келтіре кеткім келеді. 1991 жылы облыс бюджеті 11,7 миллиард теңгені құраса, биыл ол көрсеткіш 403 миллиардқа жетіп отыр. Өлкемізде қазір екі миллионнан астам адам өмір сүреді. Білім беру саласының жылдық бюджеті 140 миллиард теңгеден асса, денсау­лық сақтау саласына 80 миллиард теңге бөлінуде. Бұл кейбір облыстардың жылдық бюджетімен пара-пар. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, Үкімет басшыларының  қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Алдағы жылдары бұдан да ауқымды жұмыстарды атқару жоспарда бар. Бір кездері бұзылған су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы егіс алқабының аумағын еселеп арттырмақпыз. Оған қажет құжаттың бәрін дайындап, нақтылы қадам жасауға дайын отырмыз. Ол үшін республикалық және жергілікті бюджеттің қаражатын ғана емес, Ислам банкімен келісе отырып осы салаға 30 миллиард теңге алуға келісімге отырдық.
«Қорғас Шығыс қақпасы», «Құрғақ порт» сияқты ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 304 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысын аяқтау арқылы «Жібек жолы» бағдарламасын іске қосамыз. 298 шақырымдық теміржол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Алматы – Талдықорған тасжолы толық жасалып, келесі жылдан Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық көлік даңғылдары салына бастайды. Елді мекендерді сапалы ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Бұл өндіріс саласын да­мытып, жаңа еңбек орындарын ашу­ға мүмкіндік береді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша облыс­та 51 білім беру мекемесі салынып жатса, олардың 49-ы орта мектеп ғимараттары. Мемлекет пен жеке бизнестің серіктестігі аясында былтыр 91 мектепке дейінгі мекеме салынса, тек биыл ғана 84 балабақша пайдалануға берілмек. Осылайша сәбилердің 87 пайызы балабақшамен қамтамасыз етіліп отыр.
Әрине, Жетісу жері ежелден аграрлы аймақ болғандықтан бұл саланы дамытуға ерекше басымдық берілуде. Осы орайда бір миллион гектарға жуық егістік алқапты игеріп, қант қызылшасының көлемін ұлғайтпақпыз. Биыл 240 мың тонна тәтті түбір алатын болсақ, оны өңдеу арқылы 25 мың тонна қант өндіру жоспарда бар. Осылайша шетелден келетін 95 пайыз өнімнің сұранысын 21 пайызға жабамыз. Жүгері өсіру саласы да дамып келеді.
Облыстың осындай табысқа жетуіне, өзінің биік марапатқа ие болуына алдымен осы жерде отыр­ған ағаларынан алған тәлім-тәрбиенің шарапаты болғанын қайталап айтқан Амандық Ғаббасұлы барша қауымға алғысын жеткізіп, келе жатқан мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты жиында арнайы дипломдармен және «2016 жылдың үздік инженері» төсбелгісімен «Ембімұнайгаз» АҚ директорының орынбасары Қайрат Козев, Жану мәселелерін реттеу институтының зертхана меңгерушісі Владимир Ефремов, «Samal Energy» ЖШС-нің бас директоры Дархан Доғалақов, «Интергаз Центральная Азия» АҚ филиалының инженері Абай Мещеров,  «Траспорт және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС конструкторлық бюросының директоры Владимир Лазаренко, «Ғарыш техникасы мен технологиясы инс­титуты» ЖШС сектор меңгерушісі Тимур Бөпеев, «Казцинк» ЖШС бас байытушысы Михаил Косторев, «АБК Құрылыс – 1» ЖШС техникалық менеджері Алмаз Еркімбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ жетекші инженері Мұрат Қожабергенов, «Байсерке – Агро» ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Мұрат Әлиев, «Timal Consulting Group» ЖШС директорының орынбасары Виктор Бабашевтар да марапатталды.
Салтанатты жиын соңында университет ректоры Рахман Алшанов мәртебелі қонақтарға университет қабырғасында осы айтулы шараны өткізгендері үшін алғысын жеткізіп, Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов «Тұран» университеті бизнес орталығының стартап жобасына қатысып, жеңімпаз атанған студенттерге  дипломдар табыстады.

Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы.