Оймаздақ

Уақыты: 21.11.2016
Оқылды: 1195
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елдік пен батырлықты айт

Осы бізге не жағады? «Біткен іске сыншы көп» деп бекерге айтпаған. Әйтеуір екіге жарылып қызыл кеңірдек боламыз да жатамыз. Не тұшымды жауап жоқ. Біліп айтса жақсы, білмей даурығатынның қатары көп. Барлығын іске алғысыз жасайды да тастайды. Өзінің не қалайтынын да білмейді-ау, шамасы. Әңгімем нақты болу үшін болған жайды баяндайын.

Жуырда қазақтың біртуар азаматы, үкілеген үміті, рухты жігітіміздің бірі Қанат Ислам шаршы алаңға шықты. Алатаудың бөктерінде өткен дода ұлттың рухын оятты. Сол додадан кейін әлеуметтік желі де, былайғы жұрттың әңгімесі де екіге жарылып қызу талқыға түсті. Қанат құлата алмады, шоу болды, жалпы шамасы аз екен, мұның өзі келісілген кездесу деген пікірлер желдей есті. Жақсы, шоу болсын. Егер Қанат бірінші раунд немесе бесінші раундта құлатып тастаса не болады? Онда тағы айтарыңыз бар. Иә, нақ келісілген, бесінші раундқа дейін ақылдасып қойған. Сосын алғашқыда құлатпады, болмаса нашар қарсыласты таңдап алған деп айтарыңыз анық еді. Мұндай әңгіме Қанаттың алдында шыққан боксшыларымыз бірінші раундта сұлатып жатқанда да айтылды. Әлсіздерді әкеп, жанкүйерді алдады дедік. Енді Қанат соңғы раундқа дейін тартысып бағып еді, біразы былай қисайды. Сонда бізге не керек? Көкейімізде қандай сауал? Әйтеуір әңгіме болсын деп өрбіте береміз. Одан да тамаша, жақсы шоу болды, Қанаттың айқасына разы болдым, ұлттың намысын құлатпады дегенді неге айтпаймыз? 
Әрине, көпке топырақ шашып отырғаным жоқ. Ондай пікірлер де болды. Қанатты қолдап, елдің ұлығын ұлықтаған. Әйтсе де кері сөйлеп, өзінің нақты пікірі мен дәлелі жоқ әңгімені айтқандар да аз болған жоқ. 
Біз ежелден жақсыны асырып, жаманды жасырған халықпыз. Осы қасиеттен бүгінде айнып бара жатқандай көрінеміз. 
Одан кейін біреудің ақшасын санаймыз. Онда біздің қандай қақымыз бар, біреудің қалтасына үңілуге. Табанақы, маңдай терімен тапқан қаражаты сол кісінің несібесі емес пе? Жоқ бізде пәленше ақшаны қалтасына басып алды, бұл жеңісі үшін немесе жеңілгені үшін қанша ақша берді екен дегендер де аз емес. Рас, қалталы азамат, ұлтжанды жігіт. Сондай үлкен қолдаудың арқасында елімізде өтті бұл дода. Оның өтуіне де қол ұшын созған азаматтар бар. Бауыржандай мықтының ұйымдастыруымен қазақ жанкүйерлері қуанды. Егер ол азамат болмаса мұндай бокс кешінің біздің елде өтуі екіталай еді. 
Қанат пен Бауыржан туған еліне екі қуаныш сыйлады. Бірі  аңсаған белдігіне қол жеткізіп, бауырларының алдында дәрежесін биіктетті. Сондай-ақ, туған халқы үшін тамаша шоу ұйымдастырды. Оның кіру қаражатын да халыққа қолайлы етіп жасауында  үлкен мән жатыр. Міне, біз осыны зерделеуіміз керек. Кезінде Сүйінбай сияқты жыраулар елдік пен батырлықты жыр еткен. Олай болса, біз неге тартынып қалуымыз керек? Ұлтын сүйген ұлдарды  сынауға асықпай, қолдауға тырысайық, ағайын!

Ришад Тұрғанбаев