Бір күнде 2385 сәби балабақшаға барды

Уақыты: 01.12.2016
Оқылды: 2033
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында облысымызда бір күнде 25 заманауи балабақша  ашылды. Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында «Нұрлы Жол» бағдарламасымен салынған балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. «Балбөбек» балабақшасы 320 орынға арналған. Мекемеде 16 топ бар.  Мұнда 1 жастан     6 жасқа дейінгі балалар  қабылданады. 

– Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына  орай 25 балабақша ашып отырмыз.  Бұл облыс тұрғындары үшін аса маңызды әрі үлкен шара», – деді Амандық Ғаббасұлы.  Мұнан соң облыс әкімі  Мемлекет басшысының балаларды  мектепке дейінгі  тәрбиемен қамту туралы  тапсырмасын орындау  барысындағы өңірде ауқымды жұмыстардың атқарылып  жатқанын атап өтті.  
Облыс бойынша бүгінде 64,2 мың бала мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие алуда.   Өңірде  182 мемлекеттік, 288 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Сондай-ақ, 433 мектеп жанындағы шағын орталық бар. Осы күні ашылған 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы  қаласының маңындағы халық тығыз орналасқан аудандарда.  Аталған балабақшалар іске қосылғанда  облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі  мекемемен қамту деңгейі Жамбыл ауданында – 94,2 пайыз,  Талғар ауданында – 89,0 пайыз, Панфиловта – 85,1 пайыз, Іле ауданында – 84,1 пайыз, Еңбекшіқазақта – 82 пайыз,  Талдықорған қаласында  – 87 пайыз көрсеткішке жетті.  Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдары  облыста мектепке дейінгі  мекемелер саны 47 болса, бүгінгі күні 903-ке жеткен. Балаларды балабақшамен қамту деңгейі 3,1 пайыздан 87 пайызға дейін өсті. Мұндай сапалық көрсеткішке  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы қол жеткізілді. Биыл облыста барлығы 97 балабақша ашылса, оның 88-і жекеменшік.
«Балбөбек» балабақшасында білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.  Балабақшаның ерекшелігі, мұнда арнайы оқу бағдарламасымен жұмыс істейтін екі топ ашылған. Бір топ – инклюзивті негізде дәріс береді. Яғни, мамандар тілінде мүкісі бар балалармен жұмыс жүргізеді. Екіншісі,  жиі ауыратын балаларды сауықтырумен айналысатын санаторлық топ.  
Салтанатты шара барысында  облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы балабақша ғимаратын аралап көрді. Екі қабатты ғимараттағы музыкалық және гимнастикалық залдар ең соңғы үлгідегі құралмен жабдықталған. Мекемеде  ойын залы, жатын бөлме, медициналық кабинет,  психолог, логопед бөлмелері, физиотерапия кабинеттері бар. Аула түрлі ойын футбол, баскетбол, алаңдарымен қамтылған.  
Балабақшаның ашылу салтанатында облыстың бірінші басшысы  балалардың әзірлеген концертін тамашалап, оларға ойыншықтар сыйға тартып, естелік суретке түсті. 

Гүлжан ТҰРСЫН

Тұрғындар қуанышын тасытты

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы жақындаған сайын еліміздің әр түкпірінде жан жадыратарлық жағымды жаңалық көбеюде. Әлеуметтік-экономикалық ахуалымыз артып, халықтың игілігіне қызмет ететін жаңа нысандардың бой көтеруі ауылдарды ажарландырып, қалаларды көріктендіруде. Соның дәлелі ретінде жыл сайын халық саны еселеп өсіп отырған Талғар қаласының жаңа ықшамауданынан заманауи талапқа негізделген «Премиум Талғар» жекеменшік балабақшасының ашылуы дер едік.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында талғарлық тұрғындардың қуанышын тасытқан бұл шараға аудан әкімінің орынбасарлары Дәрменияр Алғатбекұлы мен Әбдіғали Тойбаев, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрайымының орынбасары Мейрамгүл Сағымжанқызы қатысты.
– Ауданымызда «Балапан» бағдарламасының орындалуын жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі мекемелерді енгізу кестесі жасалған, осы бағытта ауданымызда жан-жақты жұмыс жүргізілуде. 2010 жылдан бастап бүгінге дейін аталған бағдарлама бойынша ауданымызда мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында шағын орталықтар мен жекеменшік балабақшаларды ашу арқылы 5580 қосымша орын берілді. Оның ішінде «Балапан» бағдарламасымен 50 жекеменшік балабақша ашылып, 5 мыңға жуық бала тәрбиеленуде, – деді салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Тойбаев. – Міне, бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ауданымызда айтулы мереке болып отыр. Осы кең сарайдай балабақшаның ашылуына іскер азаматымыз, жеке кәсіпкер Ғани Чаймерденов тікелей атсалысып, бас-аяғы бірер жылдың ішінде пайдалануға ерен еңбек сіңіргендігіне зор ризашылығымызды білдіреміз, – деген аудан әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарын жоғары сапада жүргізген серіктестік басшысына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.    
Қуанышты күнге кішкентай бүлдіршіндер ән-биден, ал әжелер тәттілерімен шашу шашты. Салтанатты түрде лентасы қиылып, меймандар ғимараттың ішкі жағдайымен танысты. 
Дәл осы күні аталған ауданда барлығы 10 балабақша ашылып, іске қосылғандығын зор мақтанышпен атаймыз. 


Талғар қаласы.

Балғындар мекені есік ашты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбав айқындап берген егемен елдің еңсесін биіктетер «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауда бірқатар мәселе  оң шешілуде. Соның дәлелі ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай  Іле ауданының өзінде 7 балабақша ашылды. Жалпы ауданда 8 мемлекеттік, 72 жекеменшік балабақша мен 5 мектепалды даярлық орталықтары бар. Онда бүгінгі күні 8036 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жаңа оқу жылының өзінде 23 балабақша бой көтерген. Өтеген батыр кенті, «Гүлдер» шағын ауданында «Болашақ кемеңгер – 2»  жекеменшік жаңа балабақшасының ашылу салтанаты өтті. 

Екіқабатты ақ шаңқан  әсем ғимараттың ашылуына облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қыдырманов және Іле ауданы әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Жүнісов  қатысты. Әсет Серікқалиұлы осы атаулы күнде облыс бойынша ашылған 25 балабақшаның бірқатары Іле ауданында бой көтеріп жатқанын, Елбасының 2020 жылға дейін балабақшамен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізу тапсырмасын 87 пайызға орындап отырғанын, жеке кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан көптеген қолдау, көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек етіп, жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Игі дәстүрмен лентасы қиылып, шашу шашылған  қуанышты сәттен кейін қонақтар ішке кіріп, балғындардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Төрт топты қамтыған жаңа білім ордасы 100 баланы қабылдап отыр. Мұнда логика, логопед, ментальді арифметика сияқты заманауи оқу бағдарламалары оқытылып, бәсекелестік қабілеттік қалыптастыруда. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Индира Сүлейменова балалары үшін ашылған балабақшаның басшылығы мен тәрбиешілер қауымына сенім артып, алғысын білдірді. 


Іле ауданы.

Жағымды жаңалық

Сәрсенбінің сәтінде Жаңашар ауылының тұрғындары жақсы жаңалықтың куәсі болды. Аталған елді мекенде 150 бүлдіршінге арналған «Раяна» атты балабақша пайдалануға берілді. Ендігі жерде бұл ауылда тұрмыстық-әлеуметтік жағдайға байланысты толғандырып келген бірқатар мәселе оң шешімін табады. 

Аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов балабақшаның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мұндай нәтижелер ел дамуының жанды көріністерінің бірі екеніне тоқталды.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық кезеңінде бір ғасырда игерілетін мүмкіндіктерге қол жеткізе алдық. Соның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі. Тәуелсіздікті алғаннан, оны нығайту әлдеқайда қиын екенін уақыт көрсетті. Халқымыз осындай сындарлы кезеңдерден абыроймен өтіп келеді. Оның бірқатар мысалдары біздің өңірге де тән. Бүгінгі 150 орынды балабақшаның көпшілік игілігіне айналғаны соның дәлелі, – деді Нұржан Кеңесұлы.
Жаңашар ауылында 8000 тұрғын бар. Егер оны 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, 2000 адамға көбейгенін аңғарамыз. Бұл өңірде 13 ұлттың өкілі тату-тәтті, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жарасымды өмір сүріп жатыр.
Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ өңірінде 43 балабақша бар. Оның 28-і мемлекеттік мекеме, 15-і жеке сектордың қарауында. Барлығына талап бірдей. Халыққа қызмет көрсетудің сапасы уақыт өткен сайын жақсарып келеді. 
Биыл – аудан үшін жемісті жыл болды. Шелек ауылында 280 орынды балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. 
Осы күні Есік қаласының батысындағы іргелі елді мекен – Түрген ауылының тұрғындары да осындай қуанышқа кенелді. Жергілікті кәсіпкер Айсұлу Далмурадованың құрылтайшылық етуімен «Санел» атты 50 орынды балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аудандағы осынау қос қуаныш ел мерейін арттырады . 


Еңбекшіқазақ ауданы.