Жетісулықтар бастамасы

Уақыты: 01.12.2016
Оқылды: 1506
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы орталық алаңның оңтүстік-шығысында тұғырының биіктігі 4,5, ал еңсесі 4,2 метрді құрайтын күртілік қоңыр граниттен жасалған мүсін бой көтерді.

Оның авторы ҚР Құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, қырықтан астам ескерткіштің авторы Қазбек Жарылғапов пен танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, жиырмадан астам ескерткіштің авторы Мирлан Азмағанбетов. Біз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орнатылған мүсін турасында баян етіп отырмыз.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Президенттің мүсінін орнату туралы бастаманы жетісулық ардагерлер көтеріп, ол облыстық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған еді.
Салтанатты шара шымылдығы Мемлекеттік Гимн орындалуымен ашылып, ақ жаулықты әжелердің шашуы шашылды. Алғаш болып құттықтау сөз алған аймақ басшысы Амандық Баталов тұрғындарды 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен және Елбасы мүсінінің ашылуымен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. 
– Бұл мейрам – әлем мойындаған тарихи тұлға, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халқының ақ ниеті мен алғысы ақтарылатын күн. Еліміздің Тәуелсіздікке қадам басып, 25 жылда жүріп өткен жолы – бабалардың асыл арманы, болашаққа аманаты болатын. Бүгінде біздің еліміз – Кемеңгер басшының бастауымен сол арманға жетті, аманатын орындады. Берекелі бірлік пен тату тірлік – халқымызды биік белестерге жеткізіп, ел абыройын асқақтатты. Біз Елбасы мүсінін орната отырып, өзіміздің шынайы ықыласымызды, риясыз алғысымызды, зор құрметімізді білдіреміз,  – деп  Ұлт Көшбасшысына арналған мүсін өзінің туған жерінде бой көтеруі заңдылық екендігін алға тартты. 
Артынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, «Хильниченко және К» сенім серіктестігінің директоры Виктор Хильниченко сынды бірқатар азамат Елбасының ерен еңбегінің, салиқалы саясатының жемісін көріп отырған ел ағалары ретінде ыстық лебіздерін білдіріп, жастардың атынан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Айзада Оразалы елімізде жастарға білім алуға, еңбек етуге жасалған зор мүмкіндік үшін алғыс айтты.
Шара соңында жиналған қауымға Мемлекет басшысының сүйікті әндерінен концерттік бағдарлама ұсынылды. 
Айта кетейік, Елбасы мүсіні 2010 жылы Түркияның астанасы Анкарада да бой көтерген болатын. Түркия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлеміне қосқан ерен еңбегін жоғары бағалап, осындай бастама көтерген. Мүсін «Генчлик» атты орталық саябақтың жанында орналасқан.

Меруерт Молдағалиева