Жасампаздықтың жарқын көрінісі

Уақыты: 05.12.2016
Оқылды: 1580
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен аптада «Астана «ЭКСПО – 2017» ҰҚ» АҚ  өңір журналистерінің басын қосып, Астана қаласында ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Аталған шараға еліміздің әр өңірінен газет және тележурналистер шақырылды. Жалпы, екі күнге жоспарланған шараның алғашқы күнінде баспасөз турына қатысқан журналистер кесте бойынша көрмеге арналған нысандармен танысып, оның мүмкіндігін бағамдады. Сондай-ақ, «Rixos President Astana» қонақүйінің «ОРДА» залындағы баспасөз конференциясы аясында көрмеге дайындық барысы, алдағы міндеттер туралы сөз болды. Екінші күні Астана қаласының сәулетті жерлерін аралаған журналистер «Іbis Астана» қонақүйінің «ЛОНДОН» конференция залында семинар-тренингте көрме өткен кездегі ақпараттық қамтамасыз етуге байланысты сұрақтар төңірегінде ой бөлісті. Сонымен қатар, аталған қонақүйдің «Еуропа» залындағы кешкі аста халықаралық көрме барысында қонақтарға ұсынылатын ас мәзірінің түрлері таныстырылды. Онда шетелдік және ұлттық жеңсік астың түр-түрі қойылған. Қысқасы, осы екі күндік ақпараттық турда бұдан өзге де көкейге түйгеніміз көп болды.

Расында, еліміз  тәуелсіздік алғаннан бері әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белесті бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай қуанышты істердің жалғасы ретінде еліміз 166 жылдық тарихы бар «ЭКСПО – 2017» көрмесін абыройлы өткізу үшін барын салуда.
 Міне, Астана қаласы «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу мүмкіндігіне ие болғалы да аттай желіп 3 жыл өте шықты. Біраз жұмыстың беті де қайырылды. Айтпақшы,  көрме өтетін құрылыс аймағын тұрғызуға  Астана қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінен 113 гектар жер телімі бөлінді. Оның 25 гектары халықаралық көрме өтетін кешенге арналса, қалған бөлігі автотұраққа, сыртқы құрылғыларға және ЭКСПО қалашығына арналған. Елбасы атап көрсеткендей, халықаралық көрме «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінде ЭКСПО қалашығында бой көтерген әрбір нысан осындай мақсатты орындауға лайықталып салынғанын байқауға болады. Өйткені, көрме алаңының дәл ортасындағы алып шар мен оны айнала қоршаған павильондар және оған жалғасып кететін қонақтар жайғасатын тұрғынүйлер мен қонақүйлер тамаша үйлесім тапқан. Осы арқылы көрме әр елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын бір орталық арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. 
Осындай мүмкіндікке жол ашатын көрме құрылысы туралы ел арасында сан түрлі пікір өріп жүр. Тіпті, күні кеше павильондардың арасын қосатын көпірдің құлап қалуы жұрт арасындағы сенімсіздікті туындатты. Алайда, ЭКСПО қалашығын аралап көргенімізде біз көрмеге арналған нысандардың 90 пайызға жуығының дайын екеніне көзіміз жетті. Тіпті, қазірдің өзінде бес мемлекет өз павильонын алып, дайындық жұмыстарына кіріскен. Ал шетелдік қонақтарды қабылдайтын тұрғын үйлер де дайын тұр. Екі, үш, төрт бөлмелі тұрғын үйлер заманауи жабдықтармен жабдықталған. Іші кең, жобасы жүріп-тұруға ыңғайлы, кеңсе ретінде де, тұрғын үй тұрғысынан да пайдалануға ыңғайлы. 
ЭКСПО қалашығының көлік тұрағы мен туристерге арналған қонақүйдің құрылысы, кешкі уақытта түрлі мерекелік кештер ұйымдастыруға арналған Конгресс-холл ғимаратының құрылысы  бітуге жақын. Қос нысанды жобалаған «IT Engineering SA» ЖШС-нің қолтаңбасы айқын аңғарылады. Бұған дейін де Елордадағы бірнеше сәулетті нысанды жобалаған компанияның бұл жобасы көңілге қонымды шыққан. Ал нысанды салу жауапкершілігі жүктелген «АБК Құрылыс-1» ЖШС-нің құрышқолды құрылысшылары келесі жылдың сәуір айында нысанды толығымен бітіретіндігіне сенім білдірді. Демек, ЭКСПО көрмесіне арналған нысандардың ең соңғысы да осы болмақ. Ал өткенде құлап қалған көпір құрылысына қатысты құрылысшылар оған қолданылған материалдардың физикалық қасиетінің Сарыарқаның  сары аязына сай келмегендігімен түсіндірді. Олар мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбайтынына сенім білдірді. 
Жұрт арасында «ЭКСПО көрмесіне қыруар қаржы жұмсалды, тіпті, жұрттың талай жылдар бойы жиып-терген зейнетақы қорындағы қаржысын осы мақсатта жұмсап жіберіпті», – деген әңгімелерге де құлағымыз үйреніп қалған еді. Осыған орай, «Rixos President Astana» қонақүйінің «ОРДА» залындағы өткен баспасөз-конференциясында «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының қаржы және бюджеттік жоспарлау бойынша бірінші орынбасары Әлішер Пірметов журналистер сұрағына жауап беріп, қаржылық мәселенің қыр-сырын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ЭКСПО көрме құрылысының сметалық-жобалық басқышы мен құрылыс жұмысы бір уақытта жүргізілгендіктен жұмсалған қаржының нақтылы есебін көрсету әлі де ертерек. Көрме құрылысына қаншалықты қаржының жұмсалғаны құрылыс жұмысы толығымен аяқталған кезде ғана белгілі болады. Ал көрме құрылысына зейнетақы қорынан бір теңге де аударылмаған. Демек, алыпқашпа әңгімеге сене беруге болмайды деген сөз. Яғни, ЭКСПО қазақстандықтарды тақырға отырғызатын жоба емес. Қайта ел мерейін өсіріп, өндірісті өрге жүздіретін, әлеуметтің әлеуетін өсіретін бірегей жоба болатыны анық. Сондай-ақ, конференция барысында көрмеге келетін қонақтарды қызықтыратын туристік бағыттар туралы және әр өңірдің осы ауқымды жобаға қаншалық деңгейде атсалысып жатқаны жайлы да сөз болды. 
Тағы бір жағынан, «ЭКСПО – 2017» ел бюджеті үшін шығын деп ойламай, инвестиция ретінде қарауымыз керек. Себеб, маусым мен қыркүйек айларының арасында көрмені бес миллион турист тамашалайды. Қарапайым түрде айтатын болсақ, әрқайсысы Қазақстан экономикасына үш мың доллардан тастап кеткен күннің өзінде қыруар қаржы ел қоржынына құйылады. Сонымен қатар, еліміздегі  шағын және орта кәсіпкерлер келген туристер есебінен пайда табады. Тіпті, ұлттық құндылықтарымызды шетелдіктерге мейлінше насихаттауға жол ашылады. Айта кетерлігі, мұнда тек Қазақстанның мәдениеті мен өнімі ұсынылмайды. ЭКСПО-ға мүше барлық елдер (160 мемлекет) тақырыпқа сай өз өнімдерін тарту етеді. Демек, бұл көрмедегі табыстарымыз Шанхай, Париж, Мәскеудегідей  көп болмаса да ел бюджетіне қомақты үлесі болатындығы белгілі. Осы тұрғысынан тоқталған көрме ұйымдастырушылар аталмыш көрменің мемлекет қаржысын еселеумен қатар, қазақстандықтардың да қалтасын қалыңдататынын айтып нақтылы мысалдармен  түсіндіріп берді. Сондықтан  халықаралық көрме орны толмас бос шығын емес, қайта абыройымызды биіктетіп, қалтамызды қалыңдататын мол мүмкіндік бағдары екенін  біле жүргеніміз абзал. 
Шара барысында ұйымдастырушылардан көрмені ұйымдастыру шеңберіндегі іс-шаралар жоспарының            9-тармағын орындау мақсатында ЭКСПО объектілері және ілеспелі объектілерін салуға өңіріміздегі құрылыс компаниялары барынша белсенділік танытқанын да білдік.  Әлішер Хабибуллаұлының айтуынша, қазірдің өзінде көрме құрылысына жетісулық онға жуық кәсіпорын белсенді қатысып, өз өнімдерін ұсынуда. Тіпті, Жоңғар Алатауының бөктерінен өндірілген гаранит тастар көрме нысандарының табанына төселсе, темірбетондар құрылыс қаңқасын қалауға жұмсалған. Ал шыны әйнектер де өз орнын тауыпты. Демек, ЭКСПО көрмесіне жетісулық кәсіпорындардың салмақты үлесі сіңіп отырғанын бірден байқауға болады. Сондай-ақ, туристік бағыттар бойынша Хантәңірден Алакөлге дейінгі аумақтағы еліміздің мақтанышына айналған туристік нысандарды толық қамту жоспарға енген. Әсіресе, Есік обалары мен Бесшатыр қорғандары, Көлсай көлдері мен Қайыңды, Айғайқұм мен Ақтау, Балқаш пен Бұрқанбұлақ, тағы да басқа табиғаттың тамаша тартуларын шетелдіктердің назарына ұсынатын туристік фирмалар болашақтық маңызы бар талай келісімшартқа қол қояды деп күтілуде. Конференция аясында айтылған сөздерге сенсек, Астана төрінде өтетін көрме Жетісу жеріндегі туризмнің дамуына да серпін беретін болады.  
Еліміз  «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, ЭКСПО сияқты халықаралық көрмеге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Сонымен қатар, Астанада «ЭКСПО – 2017» көрмесінің тақырыбы да кездейсоқ таңдап алынбаған. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. ЭКСПО көрмесі аясында осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады. Шара аясында бұл туралы да кеңінен сөз болды. Әсіресе, Отандық ғалымдардың «Болашақ энергиясы» тақырыбында дайындаған ғылыми жаңалықтары да әңгіме өзегіне айналды. 
Екі күнгі ақпараттық тур барысында халықаралық көрме жайлы бірқатар тың ойларға қанықтық. Әсіресе, көрме қалашығы орналасқан аумақта бүгінгі күннің талабына үйлесімді, заманауи үлгіде бой көтерген қалашықтың сәулетті бейнесін көрдік. Алып шарды ортасына алған көрме павильондары мен оның айналасындағы тұрғынүйлер мен қонақүйлер, басқа да нысандар «Болашақ энергиясы» жобасының тұтас желісін құрап тұр. Ең бастысы, біз көкейімізде жүрген біраз түйткілді сұрақтардың жауабын таптық. Көңілімізге сенім ұялады. Осындай сеніммен қатар, «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қазақтың биік парасатын күллі әлемге паш ететіндігіне сендік. 

Қажет АНДАС
Астана қаласы.