Тоқсанның төрінде

Уақыты: 06.12.2016
Оқылды: 1448
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ой-санам кеткен күнді сараласын,
Қиялым қияндарды араласын.
Ел-жұрттың жүгін талмай көтеретін,
Көрдім мен салиқалы ел анасын, – деп толғаған екен сарқандық ақын Жомарт Игіман өзінің жыр жауһарында ел анасы жайлы. Шынымен де  бақытты балалықтың бал дәмін емес, кермегін көп татқан жан табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп жүріп Еңбек Ері атанып, ел анасына айналды. Бұл бүгінде тоқсанның төріне шыққан Бәтима апа Есболатқызы еді.

«Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың», – деп құлагер ақын Ілияс атамыздың жырына арқау болып, қарапайым ғана сөздермен ғаламат суреттелген байтақ өлкеміздің қойнауы құт, топырағы киелі Ақсудың бойында жарық дүниеге келген Бәтима апамыздың өмірі шынымен де, соқтықпалы соқпақты тағдырға толы еді. Әкесі Есболат пен анасы Камалдың көзін ашып көргені, перзентім деп аузын ашып өпкені ең әуелі осы Бәтима апамыз болыпты. Артынан ерген төрт сіңлісін де мынау жарық дүниенің жамалында бірге жасауға жазбапты. Бірінен кейін бірі сәби шағында-ақ арғы өмірге аттанып кете барған. Асқар таудай әкесін орда бұзар отызында қақаған қыстың боранды бір күнінде ажал құшағына орап әкетсе, анасы жиырма бес жасында жесір атанып, көп ұзамай ол кісі де мәңгілік өмірге кете барған. Осылайша тағдыр тауқыметін тартқан жан небір ауыртпалықты басынан өткерсе де, қайсарлығымен соның бәрін жеңіп шығып, тоқсанның төріне де келді. 
Тәлім ала білетін адам болса аяулы ананың өмірі тәрбие мектебі екені анық. Бұл бір ғана отбасына арналған мектеп емес, Отанымыздың көшін алға тартамын деген еңбекқор жандардың бәрі де үлгі алатын ғибратты ғұмыр жолы. Осы жолдың бір сүрлеуімен жүру менің де маңдайыма бұйырыпты. Бәтима апаны он бес жылдан бері білетін болсам, соның он жылында етене таныс бола бастадым. Әуелі өнердің қара шаңырағы саналған театрда еңбек етіп жүргенімде асабалық кәсіппен айналысатын кезім. Отау құрған жастардан бастап, ел ағаларының, еңбекпен есейген аналарымыздың мерейлі тойының тізгінін ұстау бірнеше мәрте бұйырған еді. Сондай сәттерде алғашқы сөзді алып, тойдың шымылдығын ашып беретін құрметті жандардың көшін осы Бәтима апам бастап тұратын. Алғашында сол әулеттің ет бауыр жақыны, жанашыры деп қабылдағаныммен, кейіннен көптеген той-қуаныш пен айтулы мерекелерде де жақсы бастаманың шымылдығын ашып, аналық батасын беріп жүргенін жиі көретін болдым. Беделі биік, абыройы асқақ жан екенін көкейіме түйіп жүріп, көрген сәтте бала пейілмен алдынан шығып амандасып, анаға деген құрметімді білдіріп жүрдім. Сол күндердің бірінде өмір арнасы мені театр әлемінен бір сәт те ойлап көрмеген журналистика айдынына бұрып әкетті. 
Мемлекет және қоғам қайраткерлерімен араласу, келелі кездесулерден ой түйіп, айтулы жиындарды насихаттау негізгі жұмысыма айналғандықтан көптеген басқосулардың басы-қасында жүруге тура келеді. Міне, осы кездерде Бәтима Есболатқызының өмір жолымен кеңінен танысып, еңбегімен ер атанған ананың тағылымды жылдарынан сабақ ала бастадым. Осыдан он жыл бұрын Бәтима апаның сексен жылдық мерейтойы қарсаңында «Елмен бірге есейдім» атты естеліктер мен лебіздерге толы кітабы жарық көрді. Жинақтан Бәтима апа өмірінің соншалықты ауыртпалыққа толы өткенін оқып, ер мінезді қайсарлығына таңғалдым. Міне, сол кітапты парақтап отырмын. «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?!» деген шағын тақырыппен басталған ғұмырнамалық жинақтағы қасіретке толы жылдар көз алдымнан кино ленталарындай өтіп жатыр. Мен ол кісінің тек табан ет, маңдай терінің жемісін көрген осы кезін ғана жақсы біледі екенмін. Бүгінгі абырой биігіне көтеріліп, ел анасына айналған асқақ шыңнан көз салсақ, бақытсыз балалық шақ деп айтуға келмейтіндей. Анығына келсек, шыныменде өзі айтып отырғандай аңсайтындай, сағынатындай балалық ғұмыр басынан өтпепті. Буыны қатпай жатып жетімдіктің қамытын киген нәзік жанды Бәтима апа өмір жолында болаттай шыңдалып, тағдырының ауыр жүгін арқалап, ерге бергісіз қайсарлық танытыпты. Бүгінгі ұрпақ осындай ер мінезді асыл аналардың еңбегімен келген осы бір бейбіт те берекелі заманның бағасын біліп, уақытында қадірлей алса ғой деген үміт оты жылт ете қалады көңіл төрінен. Содан ба, әйтеуір өлең жолдары еріксіз өріле кетті ойыма:
Асыл ана тіршілік гүлін еккен,
Көз жіберсем жолыңа жүріп өткен.
Қилы тағдыр көрсең де мойымаған,
О, киелім, не деген құдіретті ең.

Өткерсең де өмірдің дауыл күнін,
Ертегідей көресің бәрін бүгін.
Жаулығыңның ұшына жаның түйіп,
Тағдырыңның көтердің ауыр жүгін.
Адал еңбектің өтеуі қашан да болатыны ақиқат. Соноу жылдары мектепте қатардағы мұғалім болып еңбек жолын бастап, өмір баспалдақтары биліктің биігіне дейін шығарған жылдарға көз жіберсе, Бәтима апа ұялатын ештеңе жоқ. Керісінше, осындай қиыр-қиыр жолдан қалай өткенмін деп өзіне-өзі  таңғалуға болатындай. Басты ұстанымы – адалдық, ұлттық салт-дәстүрін бабалар аманаты деп қарау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік кешегі кеңестік қоғамда да бүгінгі тәуелсіз елімізде де Бәтима Есболатқызы деген ананың болмысын қалыптастырып, тұлғасын тарих бетіне алып шықты. Сол аяулы жан дәл бүгін тоқсан жастың төріне шықты. Қос ғасыр, екі дәуірдің куәгері болған аяулы анаға балалық тілекпен жүзжылдық мерейтойдың төрінде отыруды сұрадым Жаратқаннан. Балалықтың кермек дәмі бұл күнде бақыттың балын ұсынды. Алматы обысының Құрметті азаматы атанып, Жетісудың ел анасына айналдыңыз. Еңбекпен өрілген өмірдің нәтижесі өнегелі жол болып, жас ұрпақты жарқын болашаққа шақырып тұрғандай. Маңдай тердің өтеуі деген осы болар, аяулы ана!


Жұматай Оспанұлы.