"Тәуелсіздік пойызы" Талдықорғанға келді

Уақыты: 09.12.2016
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіздіктің 25 жылында жеткен жетістіктерді, береке мен бірлікті, ынтымақты тірлікті насихаттауды мақсат еткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Талдықорған қаласына  келді. Қараша айының басында Елбасының тапсырмасымен Астанадан шалғайдағы елді мекендерге аттанған ақпараттық керуеннің құрамында заңгер, дәрігер, банк қызметкерлері мен бірнеше министрліктің және ұлттық компанияның өкілдері бар. Екі жүз елу адамнан құралған жылжымалы көмек керуенінің мүшелері аялдаған өңірлерде халыққа ақпараттық кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламалардың бағытын түсіндірді.

Талдықорғандықтар ақпараттық топты айрықша ықыласпен қарсы алды. Пойыз келіп тоқтаған соң шағын митинг ұйымдастырылып, жетісулық өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, дария кеуде қариялар ақ тілегін жаудырса, ұлттық тағамдарды ұсынған бойжеткендер өңірдің қонақжайлығын танытты. Осындай қуанышты сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталмыш шараның маңызына, бұл сапардың қазақстандықтардың болашақ үмітін бір арнаға тоғыстыратынына айрықша тоқталды. Ал ақпараттық топ жетекшісі Әміржан Әлпейісов пен  облыстық басқарма, мекеме басшылары жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Бір жарым ай ішінде пойыз 30-дан астам елді мекенді аралап шықты. Сапар барысында азаматтар қоғамдық қабылдауға қатысып, ойландырып жүрген сұрақтарына жауап алды. Бұл игілікті жағдай Талдықорған қаласында да жалғасын тапты. Яғни, осы күні ақпараттық топ өкілдері Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты форум өткізді. Сондай-ақ, өңірлік коммуникациялар қызметінде әлеуметтің әлеуеті, Талдықорған политехникалық колледжінде білім саласындағы мәселелерді талқылауға арналған семинар-кеңеске қатысты. «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізсе, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасында денсаулық сақтау саласындағы игілікті жетістіктерді қорытындылады. Осындай мазмұны мен мәні жарасым тапқан шара аясында қалалықтарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы  – 2020» бағдарламасына қатысу, қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, ауылшаруашылығын өркендету және құқық қорғау мәселелері бойынша ақыл-кеңес берілді.
Әсіресе, тұтынушылардың құқығын қорғау мен тегін медициналық көмек көрсету барысындағы атқарылған жұмыстар жұрттың көңілінен шықты. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының медициналық тобының жетекшісі Батырхан Сарымсақовтың айтуынша, ақпараттық топтың құрамындағы медицина саласының қызметкерлері бүгінге дейін 10 мыңнан астам науқасты қабылдап үлгеріпті. Оның ішінде 2800 бала, 750 адам ғылыми-зерттеу орталықтарына жіберілсе, 3 мыңнан астам адам жергілікті орында ем алуға қалдырылған. Талдықорған қалалық ауруханасында жарты күнде бірнеше адамды қабылдап, медициналық көмек көрсетті. Бұл жақсылықтың шарапатын сезінген қала тұрғыны Ақлия Нұрбабанованың көңілі қуанышқа толы. Өйткені, бұған дейін сырқатының себебін толық біле алмай келген ол тәжірибелі дәрігердің тексеруінен кейін нақты диагнозын білгенін айтып берді. Медициналық тексеруден Ақлия апамыз сияқты көңілді қайтқандардың қатары көп болды. 
Осындай шара Матай, Достық, Сарыөзек стансыларында да жалғасып, жетісулықтардың ықыласына бөленді.

Қажет АНДАС