Мәртебе

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 1653
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Азаттық таңы атысымен халқымыздың мерейі асып кете барғандығын өзгелермен салыстыра, шендестіре отыра енді байыптап жатқанымыз рас. Әлемдік қауымдастықтың барлық дерлік беделді ұйымдарына ену барысында табиғатымыздан бойымызда ұялаған небір талант-қабілеттеріміз ашылған үстіне ашыла түсуде. Ата Заң аясында мемлекеттік рәміздеріміз айшықталып, төл теңгеміз өріс тапты. Ғылым, білім мен өнеріңіз, спорт пен медицина, жалпы қай салаға ден қойсаңыз да олжа салмаған жылымыз жоқ. Әсіресе, Тәуелсіз ел ғарышкерінің аспан төрінен аман-есен оралған күнін айтсаңызшы! Сондай-ақ, жаһанның биік мінберінен Елбасымыздың тың бастамаларды алға тартқан жайнақ сөзін әйдік телеарналар төрткүл дүниеге жарыса таратып жатқан шақтарда талай мәрте бөркімізді аспанға аттық. БҰҰ алқалы жиынында ана тілімізде баяндама жасалған күнгі қуанышымыздың әсері әлі де басыла қойған жоқ!

Қалай екенін қайдам, бар жаңалық, жақсылық атаулыны алдымен ауылдағылар естіп қояды. Бүге-шігесіне дейін шекілдеуікше шағатынын қайтерсіз! Қызмет бабымен ел ішіне жиі сапарлаймыз, арқа-жарқа әңгімелесеміз. Көптің көзі қырағы, «халық құдайдан бір-ақ жас кіші» деген сөздің де жаны бар-ау. Отанымыздың шеңберіндегі тындырылған, енді қолға сәтімен алынып жатқан шырайлы шаруаларды саусақпен санап тұрып дән риза күй кешеді. Бәрінің ақ бастауында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының тұрғандығын және барша этнос өкілдерінің бір атаның балаларындай белсенділік танытып отырғандығын ерекше толғаныс үстінде атап өтеді. Мұндай мақпал мезеттерде «Шіркін-ай, әр ауылдан осындай кеудесі күмбір қоңырау қарапайым да ақ жүрек азаматтарды Астананың төріне шақырып кезек-кезегімен мінберге шығарып тұрса!» деген ойға да қалатыным бар.
Расында, осынау ширек ғасыр мемлекетіміздің бар-жоғын түгелдеумен, ұлттық болмысымыз бен шекарамызды шегендеумен өтіпті. Өзгелермен бой теңестіруді айтасыз, ғасырлар бойына елдігін түзіп келген көп мемлекеттерден мерейіміз асып түсті. Биік мәртебеге жеттік. Енді, міне, дамыған отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алсақ па деп отырмыз. Бірер онжылдық бұрын бұл ойымыз түгілі түсімізге де енбеген дүние еді ғой, ағымыздан жарылсақ.
Иә, Елбасымыздың бейбітшіл бағыты, адамзаттық құндылықтарды ардақтар арлы саясатының арқасында Қазақ елін дүние жүзі мойындап отыр. Ертеде даңқты бабаларымыз найзаның ұшы, тұлпардың тұяғымен жеткен жерлерге ақ ұшақпен ұшып жүріп, асқан ақылмен белгі бедерледік! Десек те, ата-тегімізден аршыла ұласқан  арналы арқау жатыр-ау осынау жетістіктеріміздің желісінде деген алтын қазық байламға ат байлай бергіміз де келеді. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жуырдағы «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кезекті сүбелі еңбегінде: «Кезінде Ұлы Даланың әміршісі болған Түрік қағанаты Дунай жағалауынан Корей түбегіне дейін, Гоби даласынан Байкөлге дейін шығандап шығып, жайылып жатты», – деп жария тұжырымдады. Бұған енді екеуі бірдей «құдайдың қамшысы» атанған Еділ батыр (Аттила) мен ұлы Шыңғыс қағанның ғұндары, моғол-түріктерінің Еуразияны ен жайлаған шақтарын қосыңыз. Біз сол дүниені дүр сілкіндірген көк түріктердің соңғы алып державасы – Алтын орданың тікелей мұрагеріміз. Және әлемдегі ширек миллионға жуық түріктектестердің атажұртында аға жұрт болып отырған жайымыз бар! Турасына көшсек, қара шаңырақтың иесі де, киесі де, керек десеңіз төбе биі де бізбіз. Өйткені түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясы Елбасымызды бұдан жеті жыл бұрын-ақ  барша түріктер әлемінің көшбасшысы деп бекітіп қойған! Бұған енді түркітілдес елдер ғана емес, әлем шеңберінде атқарып жүрген араағайындық абыройлы ісімізді қосыңыз.  Бұл дегеніңіз түйсікті жанға бәйтерек бедел, асқан мерей!
Жасымызға да, жасамысымызға да мемлекет мұраты – менің мұратым, мемлекет қуаты – менің қуатым деп құлшына тер төгетін уақыт келді. Асыл арманның құр айқай, даңғырлы даңғазамен келмейтіндігіне қай нәрсені де тереңнен толғар халқымыздың көзі әбден жетті. Асты да, үсті де пейіш қасиетті жеріміздің тек байлығына сұқтанған сыртқы жұрттың келешегімізді әсте ойламайтындығы бесенеден белгілі. Дәл қазіргідей халықаралық терроризм мен экстремизм лаңы өрттей өршіп, алаңкөңіл шақ туған тұста береке-бірлік бұрынғы қай кездегіден аса көкейкесті күйге еніп отыр.  Кәрі тарихтың арғы-бергі иірімдерінде әлемді аузына қаратқан небір алпауыт елдердің іштен іріп, үйіндіге айналғандығы саналы жанға сабақтың төресі. Той үстінде бұл турасында да жүрек түбіне сыр жасырмастан толғанғанымыз жөн-ау! 
Жер бетінде ұлт болып қалуымыздың басты белгісі Һәм шарты – ана тілімізді  көздің қарашығындай сақтай білу. Қасиетті жеріміздің төрінде өзге тілде шүлдірлеп қалсақ, я болмаса басқалар өз дәстүр-салтымен тайраңдап жүрсе, барымыз не, жоғымыз не?! Елбасын толғандырар дүние де дәл осы! Сол себепті де, жоғарыда аталған еңбегінде: «Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік!» деп тайға таңба басқандай, көтере мән берді. Бұдан он бес жыл бұрын «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген бастама да көтерген-ді. Елп еткен ешкімді көре алмадық. Бұдан үш жылдан астам уақыт бұрын облыстық тіл басқармасында қызмет етіп жүрген тұста негізгі жұмысты осы қағидаттың негізінде құрып, Жетісу аймағында арнайы акция ұйымдастырдық. Жұртшылықтың сондағы ынта-ықыласын көрсеңіз! Өте-мөте ортамыздағы өзге этнос өкілдерінің. Яки бәрі өз қолымызда, барлық руханият суаттарының көзін өзіміз ашып, шырағданды жарқырата жағуға тиіспіз!
Ширек ғасыр шеңберінде ғана адам айтса нанғысыз бел-белестерді еңсерген Қазақ Елінің жаппай қырып-жоя­тын ядролық алапат қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшіліктің символына айналуы, Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанып, адамзаттың  ақберен арашашысы бейнесіне енуі, сөз жоқ, мыңжылдықтар толқынында түзілген алғаусыз ұлттық құндылықтарымыздың өтеуі дер едім! Тәңіріміздің әмір-пәрменінен тамыр тартар Тәуелсіздігіміздің шұғылалы сәттері ізгі мұрат, игілікті істерімізбен астасқан күйде  кеңістігімізді кеңейтіп, кенендігімізді паш ете бергей!

Әміре ӘРІН