Ән әуелеп, күй шалқыды

Уақыты: 22.12.2016
Оқылды: 1433
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Уақытқа тоқтам жоқ. Ұзақ жылдардың кейде көзді ашыпжұмған сәтке теңелетіні содан болса керек. Еліміз Тәуелсіздік алып, шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейткелі де, міне, 25 жыл өте шығыпты. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктер мен табыстар көз қуантады. Осыған орай облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында сонау 1991 жылдан биылғы  жылға дейінгі аралықтағы атқарылған жұмыстар тізбегі таныстырылды.

Қазақ хандығын құрған Керей хан мен Жәнібек сұлтанның дәуірін сипаттаған сахналық көрініспен басталған салтанатты шара аясында ұлттық спорттық ойындар өткізіліп, жергілікті өнерпаздардың туындылары көрмеге қойылды. Ұраны Алаш, керегесі ағаш қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне негізделген көркем суреттерде ширек ғасырдағы жетістіктер бейнеленген. Әрбір картинаның жанына тоқталып өткен облыс әкімі Амандық Баталов бастаған көпшілік бұдан соң саябақтың орталығындағы кең алаңда ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты. Жылдар легін жалынды жырмен таныстырып, әрбір жылдың мүмкіндігін өлеңмен сипаттаған жүргізушілер бұдан соң мінберге өңір басшысын шақырды.
– Тәуелсіздік – ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн, – деген Амандық Ғаббасұлы мерекеге жиналған көпшілікке ақжарма тілек арнады. – Халқымызда «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында  тарихы мен тағдыры ортақ халыққа айналған еліміз бүгінде татулық пен бірліктің нәтижесінде өркениет биігіне бірте-бірте қадам жасап келеді. Бәсекеге қабілетті ел ғана мықты болмақ. Арманы асқақ елдің мұраты биік. Біз «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда 30 дамыған елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Жетісу өңірінің гүлденуі, облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы  еліміздің өркендеуіне оң ықпал етуде. Соңғы жылдары Жетісудың бас қаласында бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып, жаңа ғимараттар бой көтерді. Мұның бәрі Алматы облысы экономикасының алға басып, тұрғындар әл-ауқаты жақсаруының айғағы. Жетісу жерінің келешекте бүгіннен де құлпырып, көркейе береріне сенімім зор.
Біз тарихымыздан тағылым, өткенімізден өнеге алған халықпыз. «Мәңгілік Ел» мұратына қадам басқан тәуелсіз мемлекетіміз гүлденіп, өсе берсін! Барша жетісулықтарды ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бауырымыз бүтін, ел-жұртымыз аман болсын, ағайын!
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ