Зауыт ашылды

Уақыты: 26.12.2016
Оқылды: 1375
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығына – 25 кәсіпорын» республикалық акциясы аясында отандық өндіріс орындарын ашу ісі іскерлікпен жүзеге асырылуда. Соның бірі ретінде алыстағы Алакөл ауданындағы Бескөл теміржол бекетінде өз жұмысын бастаған «Алакөл – Нан» ЖШС майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын айтуға болады. Соңғы жылдары майбұршақ пен күнбағыс сынды майлы дақылдарды өсіруге ден қойған алакөлдіктердің қуанышын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, жаңа кәсіпорын қарайтын «ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев және тағы басқа да ресми тұлғалар арнайы ат басын бұрды.

Дәл қазіргі кезде Алматы облысында  еліміздегі майбұршақтың 95 пайызы өсіріледі.  Осынау мақтан тұтарлық көрсеткішке шекаралы аймақта қоныстанған алакөлдіктер де өзіндік үлкен үлесін қосуда. Алакөлдіктер  «МаЖиКо – 2020» инвестициялық кластерлік бағдарламасы ауқымында майлы дақылдарды өсіріп-өңдеудің экономикалық тұрғыда аса тиімді екенін дәлелдеген: олар сояны өсіру – оны тереңдете қайта өңдеу – соя майы мен жомын сату сынды кластерлік тізбені табыстылықпен құра білді. Мұны Алакөлге арнайы жұмыс сапарымен келген облыс басшысының да өз сөзінде айрықша атап өткенін айта кеткеннің артықтығы болмас.   
 Алакөлдік егіншілердің майбұршаққа қызығушылығына аудан аумағында суармалы жер көлемінің 35 мың гектарға жуықтайтыны, тарамдалған магистралдық және шаруашылықаралық суару каналдары желісінің әлі күнге сақталып қалғаны ықпал етіп отырғаны анық. Сонымен бірге сынақтан өткен технология мен жер қыртысын сапалы өңдейтін және күзгі орақты дер кезінде атқаруға арналған техникалар кешенінің жасақталуы да диқандардың ынтасын арттырды. Ең бастысы – биыл майбұршақтың бір тоннасының сатып алу бағасының 140 мың теңгеге жеткені де соя орналастырылған алқаптар көлемінің барынша кеңейе түсуіне жол ашты. 
Алакөлдегі майбұршақ өсіру осыдан он бес жыл бұрын «Нүсіпов және К» ЖШС-нің 50 гектарға соя себуімен сынақ ретінде басталған еді. Содан бергі кезеңде жыл сайын артып отырған соялы алқаптардың көлемі былтыр 20 мың гектарға жетсе, биыл 23 мың 682 гектарды құрапты. Қазіргі кезде аудандағы жекелеген шаруашылықтардың кейбірінің өзі 500 гектарға майбұршақ өсіріп, жинайды. Өткен жылы шаруалар 20 мың гектардан 46 мың тонна бұршақ алса, биылғы жылдың жайлы болуының арқасында түсім көлемі 62 мың 933 тоннаға жетті. Орташа есеппен әр гектардан 23 центнерден өнім алыныпты.    
Бұрнағы жылдары жиналған өнімді өткізуде біршама қиындықтар туындайтын. Майбұршақтың жергілікті жерде өңделмей, солтүстіктегі облыстарға жөнелтілуі диқандардың қалтасына қосымша салмақ салатын. Биыл майлы дақылдарды өткізуде ешқандай қиындық та, кедергі де жоқ. «Алакөл – Нан», «ЭФКО» және «Агример – Авто» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жиналған өнімді қабылдауға дайын. Ал жаңадан ашылған зауыт дақылды алысқа арбаламай-ақ Бескөл стансысында тереңдете қайта өңдеуден өткізеді.  Осылайша, 450 миллион теңгеге тұрғызылған кәсіпорын 32 адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, майбұршақ өсірушілердің өнім өткізудегі проблемасын шешті және жергілікті бюджетке қомақты қаржы түсіреді. 
Өнеркәсіптік кәсіпорынның ашылуына арнайы келген Алматы облысының әкімі зауыттың іске қосылуын көруге жиналған жергілікті жұртты жыл соңындағы жағымды жаңалықпен құттықтап, облыстың биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының бұрнағы жылдардан өзгеше болғанын, мұны жетісулықтардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған тартуы ретінде қабылдағанның жөн екендігіне тоқталды. 
– Барлығы еліміздегі береке мен бірліктің және сол игіліктердің ұйытқысы болып отырған Елбасының ерен еңбегінің арқасы. Мені облыс әкімі етіп тағайындағанда Мемлекет басшысы  өндірісті дамытуды, жеріміздің  байлығын еліміздің игілігіне айналдыруды тапсырған болатын. Сол жолғы жүздесуден соң облысымызды өркендетудің нақты жоспарлары мен бағыттары жасалды. Соның бастысы – әр ауданның өзіндік ерекшелігін ескере, жергілікті жердегі жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ете отырып, үлкенді-кішілі кәсіпорындар ашу еді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың жемісі баршылық. 
Өздеріңіз куә болып отырғандай, ел құлағын елеңдететін жақсы жаңалықтар сіздердің ауданды да айналып өткен жоқ. Соңғы жылдары аймақта үлкен істер атқарылды. Енді, міне, жергілікті шаруалардың қолын ұзартып, еңбегінің жемісін тезірек көруіне жағдай жасайтын үлкен зауыттың тұсауын кесіп отырмыз. 
Осыдан біраз бұрын ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминмен бірге Қытайға жасаған жұмыс сапарында көрші елдегілердің біздің облыста өсірілетін майлы дақылдарды шикізат түрінде де, қайта өңделген күйінде де сатып алуға дайын екенін біліп қайтқан едім. Сол жолы Панфилов ауданындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы «Құрғақ порт» аумағында дәнді дақылдарды қабылдап, тазалап, кептіріп, сататын кәсіпорынның қазығын қаққанбыз. Сіздерде бүгін ашылып отырған майлы дақылдарды тереңдете өңдеуден өткізетін зауыт облыстағы осы бағыттағы бесінші кәсіпорын,  – деген облыс басшысы келер жылы Үшарал мен Достықтың арасын жалғастыратын, Талдықорғанды Өскеменмен табыстыратын трассалардың қайта төселетінін, азаматтық әуежайдың пайдалануға беріліп, жаз айларында Алакөлдің шипалы  суына шомылуға асығатын қазақстандықтар мен шетелдіктердің Үшаралға дейін жетуі барынша жеңілдейтінін жайып салды. Сондай-ақ, кейінгі жылдары көктұмалықтардың мазасын алып жүрген мәселе – көл жағалауын бекіту жұмысының да жаңа жылда қолға алынатынын жеткізді. Ислам даму банкінен қарастырылатын миллиардтаған қаражаттың магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды қайта құрылымдауға мүмкіндік беретінін, соның арқасында облыстағы майды дақылдар егістіктерінің аумағы барынша арттырылып, суармалы жердің әр гектарынан алынатын түсімнің көлемі көбейетінін  жұртшылықтың назарына салды.  
«ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов мырза өзінің сөзінде облыста, оның ішінде Алакөл ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде заманауи әрі жоғары технологиялы кәсіпорындар салуға  айрықша көңіл бөлініп отырғанын және оның алғашқы нәтижесінің қуанта бастағанын  жеткізді. Өткен жылы Үйгентас аймағындағы Ойжайлау ауылында балды өлшеп-ораудың қолға алынғанының арқасында биыл өңірдегі бал өндірісі күрт артыпты. Енді майбұршақты тереңдете өңдеу табысты жүзеге асырылса, соя майы экспортқа шығарылып, қайта өңдеуден соң шығарылатын дайын өнім түрлерінің 80 пайызын құрайтын  жом жергілікті жердегі мал фермалары мен құс фабрикалары үшін таптырмас жемге айналады. 
Зауыттың кіреберісіне керілген көгілдір лента қиылды. Амандық Ғаббасұлы қызыл түймені басты. Алып құрылғы біркелкі ырғақпен жұмысқа қосылды.  Бункерден төменге сауылдаған сары алтындай бұршақ ұзындығы елу метрдей болатын технологиялық желінің бірінен соң біріне ауысып ақыр соңында майға айналып, арнайы ыдыстарға құйылуда. Жаңадан жұмысқа кіріскен зауыт желісі әзірге рафинацияланбаған соя майын шығарады және оны тапсырыс берушілерге жөнелтеді. Тапсырыс жасаушылардың басында Қытай еліндегі кәсіпорындар тұрған көрінеді. Ал, жоғарыда жазғанымыздай, өндірістік қалдық – жом жергілікті тұтынушыларға сатылады. Алдағы уақытта осы өнімді рафинациялайтын желі құрылысы қолға алынбақ. Сол кезде майбұршақ майы азық түрінде пайдалануға толық дайын күйге жеткізіледі. 
«Алакөл – Нан» ЖШС қаржылық директоры Ержан Нүсіповтің айтуынша, жобаға инвестицияланған 450 миллион теңгенің 130 миллионы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы бөлініп, оған Қытайдан құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Өндірістік ғимарат қысқа мерзімде тұрғызылып, технологиялық үдеріске қажетті бу шығаратын қазандық салынып, дербес электростансы құрастырылған. Жабдықтарды құрастыру және мамандарды оқытып-үйрету жұмысына көрші елдің мамандары тартылған. Желінің күндік өндірістік қуаттылығы 120 тонна майбұршақты өңдеуге жетеді. Желіні бір күн ішінде қайта баптау арқылы күнбағыс және рапс майын да шығаруға болады. Төрт ауысыммен жұмыс істейтін зауыттың қоймаларында 5000 тонна соя мен 1000 тонна шемішке сақтауда тұрған көрінеді. 
Зауыттың бірінші кезекте құрастырылған желісі рафинацияланбаған соя майын шығарады дедік. Қазіргі кезде екінші кезекте рафинациялау желісін құрастыру жоспарланған. Жоспар жүзеге асса жұмысшылар саны 100 адамға жеткізіліп, арнайы ыдыстарға құйылған соя және күнбағыс майы ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтілетін болады.  
Алакөлдіктердің ғана емес, облыстағы егіншілердің еңбегін еселеуге әсер етуге тиісті зауыттың тетігін іске қосып, жұмыс барысын өз көзімен көрген облыс басшысы ауданда жұмыс істейтін майбұршақ қабылдау бекеттерінің бірі – «Агример –Авто» ЖШС қабылдау пунктіне де аялдады. Бір жыл бұрын жұмысын бастаған пункттің құрылысы мен іске қосылуына солтүстіккореялық бизнесмендер 480 миллион теңге инвестиция салыпты. Серіктестік жетекшісі Бақтияр Қожаевтың мәлімдеуінше, былтыр зауыт кешірек іске қосылғанына қарамастан қысқа ғана мерзімде  11 мың тонна соя қабылдап, Көкшетаудағы зауыт пен элеваторға жөнелтіпті. Ал биылғы қабылдауы әлі жалғасып жатқан пунктке  қазірдің өзінде 19 мың тонна майбұршақ түсіпті. Қабылдау бағасы да шаруаларға аса тиімді болып тұр. Тоннасы 130 – 140 мың теңгеден алынуда. Ең бастысы, өткізілген өнім үшін есеп айырысу үш күнде жүзеге асырылады.  
Жұмыс сапарын қорытындылыған облыс басшысы шекаралық ауданда жүзеге асырылып жатқан шырайлы жобаларға көңілі толғанын білдіре келіп, табиғаттың барлық белдеуі орналасқан, асқар таулары айдын көлдермен астасқан, құмды-далалы өңірі орман-тоғайлы аймақпен жалғасқан ауданның экономикалық әлеуетін толық пайдалану үшін алдағы кезде іске асырылуға тиісті жұмыстарды да жіктеп айта кетті. 

Болат Қабдешұлы. 
Алакөл ауданы.