Үшемге үй берілді

Уақыты: 26.12.2016
Оқылды: 1251
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жамбылдық тоғыз айлық үшем сәби Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында баспаналы болды. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев үшемнің отбасына аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтер тарту етіп, қонысына құтты болсын айтты.

Үшемнің ата-анасы Мұхтар Махамбетов пен Жәнипа Әбілешованың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған олар еліміздің ең ұлық мерекесінде жеке баспанаға ие болды. Қазақ елінің биылғы мерейтойлы жылында олардың отбасында бірден үш нәрестенің өмірге келуі Жаратқанның берген ерекше сыйы. Осылайша бес жасар Мәдина мен үштегі Аделяның артынан Айнұр, Балнұр, Гүлнұр есімді сіңлілері ілесті. Бес қыздың анасы Жәнипаны Тәуелсіздіктің құрдасы десе болады, өйткені оның жасы 26-да. Көргенділік танытып, қоныс құтты болсын айта келген аудан басшысы бастаған топты ізетпен қарсы алып, ақ дастарқанын жайды. Басына ақ орамал тартып, шай құйып беріп, үлкендердің ақ батасын алды. Егемен еліміздің демографиялық өсуіне жастардың бұлай үлес қосуы, ұлттық дәстүрді ұстануы шынында бір ғанибет. Шаңырақтың иесі Мұхтар да жүзі жылы жан. Ол жеке негізде жұмыспен қамтылған қатардағы қарапайым еңбеккер.
Сол күні ауданның қолы жомарт азаматтарының атсалысуымен үйдің көрімдігі ретінде жаңа қоныстың іші тоңазытқыш, кір жуатын машина, теледидар сияқты қажетті тұрмыстық бұйымдармен толтырылды. 


Жамбыл ауданы.