Орталық іске қосылды

Уақыты: 27.12.2016
Оқылды: 1112
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

22 желтоқсан күні «ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің қорытынды отырысында  10 ұсыныс қаралып, Үкіметтің назарына ұсынылды. Шара аясында Ахметжан Есімов биылғы көрмені ұйымдастыру жұмысының қарқынын тілге тиек етіп, Қоғамдық кеңестің барлық мүшесіне жұмысқа белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді және келе жатқан жылда мол табыс пен жетістіктер тіледі. 

Осы жылдың 26 қаңтарында жұмысын бастаған Қоғамдық кеңес  жыл бойы 50-ден аса ұсыныс білдірді. Осы ретте Үкімет пен мемлекеттік органдарға 10 ұсыныс жіберілген. Оның ішінде туризмді дамыту бойынша дербес мемлекеттік органды құру, «Байқоңыр» космодромына келу үшін шетелдік туристерге визалық және көліктік жағдайлар жасау, Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің базасында Гидтер мен экскурсия жүргізушілерін даярлау бойынша орталық құру туралы ұсыныстар бар. 
Сол қатарда «ЭКСПО – 2017» көрмесі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов  гидтер мен экскурсия жүргізушілері қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, түрік және басқа тілдерді үздік деңгейде біліп қана қоймай, шетелдік туристерге елімізді ең жақсы жағынан көрсету үшін Қазақстан мен дүниежүзі географиясын, тарихын, экономикасын білу керектігі жайлы пікірін білдірді. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш кешеніне келушілер үшін «Астана – Байқоңыр – Астана» және «Алматы – Байқоңыр –Алматы» тікелей әуе бағытының ашылуына, шетелдік туристерді кешенге жіберуге қатысты өтінімді қарау мерзімін 45-тен 14 күнге дейін қысқарту туралы сұрақты шешуге қатысты ұсынысын жеткізді. 
  23 желтоқсан күні «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ аккредиттеу орталығы мен көрмеге қатысушыларға бірыңғай қызмет көрсету орталығының тұсаукесері өтті.  Шара аясында сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Дияс Азбергенов орталықтың функционалдық мүмкіндіктері туралы айтып берді. «Бір терезе» принципі бойынша жұмыс жасайтын бірыңғай қызмет көрсету орталығында визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық, санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау және Қазақстан Республикасының радиожиілікті спектрін қолдану саласындағы қызметтер көрсетіледі.  Сондай-ақ, ресми қатысушылар бірыңғай қызмет көрсету орталығынан сақтандыру, логистикалық, консалтингілік, нотариалдық, аударма, сондай-ақ, әуе кассалары және экспресс-пошта қызметтерін ала алады.
 Аккредиттеу орталығының қызмет салмағын  «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Операциялық басқару және тәуекел-менеджменті департаментінің директоры Маркен Ахметов түсіндіріп берді.  Оның айтуынша, аккредиттеу жүйесі ағымдағы жылдың желтоқсанында іске қосылды. Енді көрме аумағында және  жеке объектілерде болғысы келетін барлық тұлға онлайн жүйеде тіркеліп, Қазақстанның құқық қорғау органдарында арнайы тексеруден өтуі тиіс. Бұл дайындық және өткізу кезеңіндегі барлық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аккредиттеу орталығының толық жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін аккредиттеу жүйелерін ұйымдастыру және іске қосудың халықаралық тәжірибесі қолданылды.

Қажет АНДАС