Тәжірбие бөлісті

Уақыты: 27.12.2016
Оқылды: 1298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекетіміздің 2011 – 2020 жылдарға арналған ауызсу бағдарламасын жүзеге асыру аясында  бүгінге дейін қыруар қаржы игерілді. Бірақ, мамандардың айтуынша, мұның өзі сапалы ауызсуға деген зәрулікті толықтай шеше алмай отыр. Бір қуанарлығы, жеті өзен өрнектеген Жетісу жерінде қазірге дейін судан тапшылық көрген жағдай мүлдем аз. Дегенмен, өңіріміздегі тасымалданатын ауызсумен күн көріп отырған бірқатар елді мекен мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын күтіп отыр. Бұдан бөлек, тау қойнауларынан бастау алатын өзендер мен бұлақ көзінен алынатын ауызсудың қандай жолмен тазартылатынынан, жекеменшік компаниялар тарататын ауызсу мен дүкен-базарларға шөлмекпен жеткізілетін ауызсудың стандартқа қаншалықты сәйкестігінен елдің көбі бейхабар. Сондықтан облысымызда биылдан бастап «Аға сеньорлар» жобасы қолға алынды. 

Жобаның басты идеясы –  менеджмент және маркетинг, өндіріске жаңа технологиялар енгізу мәселелері бойынша кеңес беретін шетелдік маман тарту. Сол арқылы осы салаға құйылатын инвестиция көлемін ұлғайтып, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін жоғарылату. Осыған орай, өңір кәсіпкерлеріне Канаданың экологиялық инженерия және менеджмент жөніндегі сарапшысы Джордж Катсаров өз білімімен, тәжірибесімен бөлісуде. Облыстық кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің айтуынша, әлемге танымал  «CESOInternationalServices» компания өкілінің экожобаларды басқару ісі бойынша 40 жылдық еңбек өтілі бар. Сонымен қатар, Боливия, Колумбия, Гондурас, Перу, Филиппин, Қытай, Камерун, Армения және Украина сияқты әлемнің бірқатар елінде кеңесші болып қызмет еткен. Сондықтан білгір маманның тәжірибесі өңіріміздің таза ауызсу мәселесінде туындаған қиыншылықтарды шешуге көмектеседі.
 Шетелдік маман жуырда  білімі мен тәжірибесін Талғар ауданындағы «Сырат» ЖШС қызметкерлерімен бөлісті. Айта кетерлігі, отандық компания өз жұмысын 2009 жылы бастаған. Компания мамандары техногендік өзгеріске ұшыраған суды биоқұрылымдау және қайта қалпына келтірудің инновациялық технологиясын ойлап шығарып, биоқұрылымданған «Aquamira» суын табиғи технология арқылы жасап, нарыққа шығарды. Бүгінде компания суды биоқұрылымдау технологияларын қолданудың жаңа әдістерін жетілдіруді жалғастыруда. 
– Біздің су түр-түрге бөлінеді. Бұл «Аквамира классик» маркалы суы, яғни оны «тірі су» деп те атауға болады. Сондай-ақ «Фитнес» суы деген бар. Оны биогенді су деп те атап жатады. Сол секілді «Аквамира йод» – йодофильді биогенді су деген түрі де болады. Оның құрамында йод мөлшері аз. Сондықтан бұл суды қалқанша без патологиясының алдын алу үшін қолдануға болады», – дейді ЖШС бас директоры Жаныш Дәуітәлиев. 
Джордж Катсаров «Сырат» ЖШС шығарған өнімге жоғары баға берді.  Сарапшы су өндіру технологиясы, өнімнің сыртқы түрі мен дизайны туралы өзінің кәсіби көзқарасын білдіре отырып, маркетингті реттеу арқылы өнімді шығару және оны сату көрсеткішін барынша жақсартуға болатынын айтты. Компания бәсекеге қабілетті болуы үшін ондағы қондырғыларды ұдайы жаңартып отыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Катсаров қызметкерлерге дәріс оқып, олардың сауалдарына жауап берді.


  Қ. ОМАРАҚЫН.
Талғар ауданы.