Балаларға қуаныш сыйлады

Уақыты: 27.12.2016
Оқылды: 2744
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Баланың күлкісі бәрінен қымбат. Оларға жыл он екі ай қуаныш сыйласақ та артық етпейді. Балғындар, әсіресе, жыл соңында Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен тосатыны белгілі. Қазақстандық балаларға Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде Президенттік шырша ұйымдастырылады. Биыл бұл шара облыс орталығындағы «Жастар» спорт кешенінде өтті.

Ғимараттың ішіне аяқ бассаңыз құдды ертегі әлеміне еніп кеткендей боласыз. Түрлі-түсті жаңа жылдық ойыншықтармен безендірілген алаң балалар тұрмақ, ересектердің де көңілін көкке көтереді. Ертегі кейіпкерлері кейпінде, жан-жануарлар бейнесінде киінген балаларға мұның барлығы ерекше әсер етуде. 
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен бейнежолдау арқылы құттықтады.
– Қымбатты балалар! Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Тәуелсіздік арқылы біздің ұлы Отанымыз жылдан жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Ата-аналарыңды қуантыңдар, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар! Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалуда. Өнер – білімнің кені. Өркенді елдің кені болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер! Болашақтарың баянды болсын, айналайындар. Жаңа жыл құтты болсын! – деді Мемлекет басшысы.
Мерекелік шараның шымылдығы Елбасының құттықтауымен ашылған соң облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ жиналған көпшілікке келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне арнаған жүрекжарды лебізін білдірді. «Құрметті балалар! Сендерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктерге толы. Елбасының арқасында біздің елімізде білім алуға, еңбек етуге және демалуға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан өздеріңе деген сенімдеріңе селкеу түспесін. Үлкенді сыйлап, әлсізге демеу болыңдар. Отанды қадірлеп, қастерлей біліңдер. Қашанда жақсылық жасауға тырысыңдар. Жаңа жылда сендердің барлық армандарың орындалсын. Сендер ең қымбат қуанышқа лайықты жансыңдар», – деді облыс әкімі. 
Өңір басшысы балаларға қыстық киімдер сыйға тартты. Тіпті, өз қолымен киіндіріп, балғындардың маңдайынан сүйіп, ақ батасын берді. Су жаңа сыйлыққа қуанған балақайлар кішкентай жүректерінен шыққан үлкен тілектерін айтып, Елбасына, өңір басшысына алғыстарын жеткізіп, Амандық Ғаббасұлымен бірге Жаңа жылдық шыршаны айналып, ән салып, естелік суретке түсті.
Қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әдемі безендірілген шыршаның маңына топтасқан балалар Аяз ата мен Қарша қызды ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Бұдан соң балалар бір-бірінің қолынан ұстап, шыршаны айналып ән салды, әуен ырғағымен биледі. Көңілдері көлдей шалқыған мереке иелері жыл он екі ай кейіпкерлерімен танысып, ескі Мешін жылын шығарып салып, жаңа яғни Тауық жылын қарсы алды. Балаларға шаттық сыйлау мақсатында елімізден, көршілес мемлекеттерден білікті цирк өнерпаздары келіп, мереке көркін кіргізді.
Өңірдің әр түкпірінен келген тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балалары, жетімдер үйі мен мектеп-интернаттарда тәрбиеленетін  барлығы 200 бала қызықты кештің куәсі болып, «Жастар» спорт кешенінің ауласында бой түзеген қар қалашығында серуен құрды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА