Тігін машинасы иесін тапты

Уақыты: 29.12.2016
Оқылды: 1669
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Даму» қоры «Даму-көмек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Соған орай Әсел Ускембаева, Қуаныш Капанов, Эльмира Амзиева және Маржан Молдиярова бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

 – Екі баланың анасымын. Олардың жақсы жағдайда өмір сүрулерін қалаймын, сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамын. Мен бұрыннан тұрмысқа қажет төсек-орын заттары мен балалар киімін тігумен айналысамын. Бірақ, мұның бәрін қолмен тігу оңай шаруа емес. Осыны ескерген «Даму» қоры маған жаңа тігін машинасын тарту етті. Аталған қорға және демеушіме деген ризашылығым шексіз. Енді бар күш-жігерімді сүйікті ісіме және отбасым мен қоғам игілігіне арнайтын боламын,– деді Әсел. 
Қалай десек те қайырымдылық іс-шараларының демеушілердің көмегінсіз іске аспайтыны белгілі. Осыған байланысты Илья Князев секілді кәсіпкерлер мен «P.T.Z.» және «Ақ-Барс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бұл істе жасаған жақсылықтарын ерекше атап өткен орынды. Мәселен, «P.T.Z.» ЖШС пластикалық бұйымдар мен үй жиһаздарын шығарумен айналысады. Ал «Ақ-Барыс» ЖШС Қазақстан нарығында құрылыс материалдарын өндіретін ірі өндірушілердің бірі саналады. Жеке кәсіпкер Илья Князев болса Талдықорған қаласында көп жылдан бері жапондық автокөліктердің қосалқы бөлшектерін сатумен шұғылданады. 
Айта кетейік, «Даму» қорының облыс бойынша аймақтық филиалы кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетеді. Демеушілік көмек алу үшін Талдықорған қаласы, Төлебаева көшесі, 86 мекенжайында орналасқан «Даму» қорына немесе damu-komek.kz  сайтына онлайн-өтінім қалдыруға болады. 


А. Байжұмақызы.