Үштеректе үш ауысым жоқ енді

Уақыты: 29.12.2016
Оқылды: 1661
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үштерек ауылында 300 орынды мектептің салтанатты  ашылуы болды. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынған білім ордасы шағын ғана елді мекен тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Жан жадыратар шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты.

Ұстаздар мен шәкірттерді өңір басшысының атынан құттықтаған сөзінде Ғалымжан Райымұлы облыс бойынша 42 мектеп салынғанын, нәтижесінде  үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ордалары оң шешімін тапқанын атап өтті. Соның бірі осы мектеп. Оның құрылысы жеті айдың ішінде салынып бітуі дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің экономикалық әлеуетін көрсетеді. Бүгінде Жетісу өңірінің жұлдызы қай жағынан да биік. Жиналған қауым алдында құрылысты жүргізген «Дәулет-Серпін 603» ЖШС басшысы Серік Донбаев мектеп директоры Анар Айдынбаеваға жаңа нысанның символикалық кілтін тапсырып, білім ұясына дыбыс аппаратурасын тарту етті. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бейсенбек Оқанұлы бата беріп, лента қию рәсімі жасалғаннан кейін қонақтар ғимараттың ішімен танысты.
Мұнда 650 оқушыны 45 педагог білім нәрімен сусындатады. Жалпы алаңы 2,10 гектар жерді алып жатқан мектептің құрылысына 897 млн. теңге бөлініп, жұмысы мамыр айында басталыпты. Екі қабатты ғимаратта 28 сынып-бөлме жабдықталған. Төрт мультимедиялық, екі информатика және бірнеше пән кабинеті, ұлдарға және қыздарға арналған еңбекке баулу шеберханалары, заманауи акт залы мен асхана бар. Спортзалы да талапқа сай  жабдықталған. Аумағы қоршалып, шырша көшеттерін отырғызып үлгеріпті. Балалар да, мұғалімдер де, ата аналар да дән риза.
Үштерек тұрғыны Қуанышбай Ғабдуллаев мұнда 6-сыныпта оқитын немересі Айдын оқитынын айтады. Енді аз уақытта оның тағы бір немересі Әлиасқар осындағы дайындық сыныбына келмек. «Мектептің ауыл ішінде орналасқаны қандай жақсы болды. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп қана болды, оның өзі үш ауысымдық еді. Орта және жоғары сынып оқушылары Үшқоңыр ауылындағы мектепке қатынап оқитын. Енді орта мектеп өз ауылымызда. Бұл өте ыңғайлы. Елбасымызға, облыс және аудан басшылығына үлкен рахмет», – деді ол.


Қарасай ауданы.