Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл...

Уақыты: 09.01.2017
Оқылды: 2988
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қайнар өңірінде саятшылар мен құсбегілер  жарысы өтеді дегенді естіп, жақсыны көрмек ниетпен  жолға шықтық. Бұрын да бұл аймақтың жан жадыратар жақ­сылықтың талайын өткеріп, ел есінде қалар игі істер тындырғанына талай-талай куә болсақ та, осы жолғы шараның жөні бөлек, жоралғысы ерек екені көңілімізге тәтті сезім ұялатып, екі өкпені қолға алдырғаны ақиқат. Желмен жарысқан жеңіл көлікке жер алыс па? Діттеген  жерге әне-міне дегенше жетіп те келдік.    

Аймақтың атауында сыр бар терең
Жергілікті тұрғындардан    бұл аймақтың аты «Күршеңке» аталатынын естігенімізде аң-таң болғанымыз рас. Мағынасы түсініксіз болса да, бұлайша аталуының  өзіндік сыры бар екен. Бұл  жайды бізге осы ауылдың  төл перзенті, көпке белгілі азамат Дабырбек Бейсебаев  аға былайша баяндады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында шаруалар құқығы жойылған соң ақ  патша құлдық бұғаудан босаған кедей-кепшігін қазақ  жеріне жайып жібергенін  тарихтан оқып білгенбіз. Жанбағыстың қамын күйттеген, кейіннен қазақтар «қара  шекпен» деп ат қойып, айдар тағып алған сол жат жұрттың аяғы осы өңірге де жетіпті. Солардың арасындағы Гурченко деген біреуі  егіншілікпен  айналысу  үшін  болыстан жер сұрайды ғой. Сұраушының сүйген асын  бере қоятын болысекең бе? Алайда, иісі орыс атаулыға   жер беру міндеті болған соң билік иесі су келмейтіндіктен шаңы бұрқырап, тұяқты  малдың жайылымына ғана жарап тұрған осы аумақты әлгі «қара шекпенге» қуана-қуана су тегін берсе керек. Сол Гурченко есекке тұз артып, осы араға келер судың жолын біліп алыпты. Маңдай терін алты тарам ағызып, қия беттерден арық тартыпты. Ол арығын Текестің  өзеніне жалғап, осы жерге бір құлақ су жеткізген екен. Сулы жер – нулы жерге айналған. Егіні жыл сайын  бітік шығып, мол  астықтың астында қалған Гурченко өнімін бар байлық табандарының астында жатқанын аңғармаған қазақтарға екі-үш бағасына қымбатқа бұлдапты. Сөйтіп, баюдың сара жолын тапқан екен. Бірақ қазір бұл өңір  сусыз. Тек, қия беттерде созылып жатқан арыққа ұқсас  сызықтар ғана өткен күннің  белгісін айғақтап тұрғандай  әсер қалдырады. Әлгі орыс­тың арқасында шала-пұла болса да аш өзегіне ақ нан түскен қазекең, риза  болғаны соншалық, осы өңірді өзінің жалпақ тіліне салып, соның құрметіне «Күршеңке» атап кеткен екен. Арада екі ғасыр өтіп, заман мен адам, заң мен қоғам сан құбылса да жер атауы өзгермей, естіген жұрттың таңдайын қаққызып келе жатқаны  рас. 

Көңіл көркі
көркем  сөз 

Аты да, заты да бөлек  ұлттық өнер бұл өңірде тұңғыш  рет өткізіліп отырған соң ба, Қайнар ауылының әкімі Серік  Шалов пен айналасындағы  ат үстінде жүрген азаматтар  осынау шараға қапысыз дайын­далған. Сырттан келген сыншы көз бұл құбылыс­ты олардың көкке өрлеген көңіл күйлерінен, қарбалас қимылынан, алыс-жақыннан келген меймандарға деген сый-құрметінен анық  аңғарар  еді. 
Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­­ғы мен Бүкіләлемдік уни­версиа­даны қолдауға орайластыра аудан әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған «Салбурын – 2016» саятшылардың рес­публикалық фестивалі салтанатты жиынмен басталды. Көпшілік әсем әуезбен көк төсін кернеген  Гимнге құрмет көрсетті. Сөз тізгінін алған аудан әкімі  Жанат Тәжиев бүгінгі шара­ның ұлттық құндылығын, ма­ңызы мен мәнін тілге тиек етті.                                                   
– Халық арасында «Талант туған топыраққа тартады» – деген тәмсіл бар. Аспан тау­лар аясындағы көрікті өлке, көркем өңірдің киелі топырағы ықылым заманнан-ақ батыр­лар мен ақындарды, тарлан таланттар мен дара тұлғаларды  өмірге әкелген киелі мекен  иісі  қазақ  баласын, өзім  деген  ұрпағын өзекке тепкен емес. Олай болса, қызыр қонып, құт жайлаған осынау өркенді өлкеге қош келіпсіздер, – деп сөзін түйіндеген аудан әкімі қырандарының бабы мен  бағын сынауға ат терлетіп әр өңірден келген саятшылар­ға көп ұзамай басталатын үлкен өнерде сәттілік тіледі.                                                                                                              Шараны ұйымдастыруға мұ­рындық болған осы өңірдің  тумасы, қазір Алматыда тұ­рып жатса да қыран бүркіт ұстауды бабалардан қалған мирас ретінде жалғастырып жүрген  Арслан Құрманәліұлы  ұсынысын қолдап, қол ұшын созған аудан әкімі Жанат Жол­даспек­ұлына, шараның қапысыз ұйымдастырылуын қамтамасыз еткен ауыл әкімі Серік Шаловқа, ұлттық өнерді мият тұтқан іскер азаматтарға  жүрекжарды алғысын жеткізді. Осы сапарында елімізде турист ретінде жүрген Хуан Бергер есімді испан азаматын  да ерте келген екен. Қазақ халқының саятшылық өнеріне көптен ынтық екенін, соның  сәті бүгін түскенін ерекше  ықыласпен айтты. Ауыл ақсақалы Жайнар Қосақбаев ақ батасын арнады. Құсбегілерге  де, көрерменге де шараның  жүргізілу тәртібі таныстырылды.
 
Қыран  құс не алмайды, 
салса баптап

Саятшылық өнер жарысына 17 үміткер бүркітін баптап әкеліпті. Олардың ең үлкені шалкөделік Бағашар Наурыз­беков ақсақал сексеннің сеңгіріне шықса, ең жасы Сөгетіден келген 5-сынып  оқушысы Бекасыл Сейітжан  атты жасөспірім. Сондай-ақ, Павлодардың Баянауы­лынан да бүркітшілер топқа түсті. Жол-жөнекей кездескен қиыншылықтарға мойы­май дүбірлі бәсекеге сәтімен үлгерген  Бақытжан, Бекболат, Алан Ыс­қақовтай ағайынды жігіттердің сөздеріне құлақ түрген  көпшілік саятшылық өнердің  қыр-сырын ұғып қайтты. Құс­­бегілер жарыс алдында қырандарын таныстырды. Олардың жасы мен қатысқан жарыс­тары, жеткен жетістіктері, жас мөлшері, есімдері аталды. Кейбіреуі Францияда өткен жарысқа қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліпті. Ал сөгетілік Насыр Мәметовтың 8 жасар «Ақбалақ» атты бүркіті дүбірлі  бәсекелерде 4 рет чемпиондық атақты жеңіп алыпты. Енді  бір  сәтте саятшылардың салтына сай тақыр теріден тігіліп, шүкірге боялған киім киінген үркердей топ томағалы  бүркіттерін көтеріп, қарсыдағы төбешікті бетке алды. Қырандар төменде қашқан түлкіге осы  арадан жіберілмек. Жарыс  шыр­ғаға түсуден басталды. Салт атпен алыстан сүйреткен түлкі терісіне томағасы сыпырылып қиядан кезекпен жіберілген қырандардың аң алу  тәсілі дүйім  жұртты  қызыққа  кенелтті. Келесі  кезекте  арнайы  әкелінген  тірі  түлкілер  жіберілді. Аппақ  қардың  үстінде   бұлаңдаған  қызыл  түлкіні  өткір  жанары  қиырдан  шалған  қара  бүркіттің   көз  ілеспес  жылдамдығы, аңға  түскендегі шалт  қимылы  Ұлы  Абайдың  өлеңін  ойға  оралтты. Көз  алдындағы  түлкіні  аңғармай  айдалаға  лағып, иесін әуреге  салғандар да  кездесті. Бүркітке  алдырмаған  түлкінің  соңына  тазылар түсіп, бел  асырмай  қуып  жеткен  көріністер  де   көптің  көз  алдында  өрбіді. Ұзынды  күнгі  саятшылық  та  мәресіне  жетіп, жарысты  қорытындылайтын  сәт те  келді. Қазылар  алқасының ұйғарымымен  Павлодардан  келген  құсбегі  Бекболат  Ысқақовтың «Ақзар» есімді  бүркіті  үшінші  орынға  тігілген  30 мың теңге  мен аудан  әкімінің  арнайы  грамотасын  еншіледі. Бабында  екенін  байқатқан  шалкөделік  Бағашар  Наурызбековтың  2  жасар  «Қаракөзі»  екінші  орынды  жеңіп алды. Сөйтіп, 50  мың теңге  ақшалай  сыйлықты  және  аудан  әкімінің  грамотасын  қанжығасына  байлады. Саятшылықтың  барлық  талабын  мүлтіксіз  орындап, көрерменнің  ыстық  ықыласына  бөленген  сөгетілік  Алдаберген  Шалиповтың  мұзбалағы  үздік  деп  табылып, бірінші  орыннан  көрінді. Бәйгеге тігілген  100  мың  теңгені   иесіне  сыйлады. Жарысқа қырандарын  баптап  салған  басқа  құсбегілер  де  марапаттан  құралақан  қалған  жоқ. Бәріне  аудан  әкімінің  алғыс  хаты  мен  мақтау  қағазы  тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді.     
Дүбірлі  шара  барысында  құсбегілердің   бір-екеуін  әңгімеге тартудың  сәті  түсті.
– Саятшылық  өнері  ата-бабамнан  дарыған. Бұл  кәсіппен  менің  әкем  айналысқан  еді. Кейін  ұлық  өнерді  мен  мұра  етіп  алдым. Өзім  ес  білгелі  босағамыздан  қыран  бүркіт  ажыраған  емес. Саятшылық  өнердің  салт-дәстүрімізді  дәріптеудегі  алар  орны  ерекше  және  жас  ұрпақты  ұлттық  рухта  тәрбиелеуге, табандылыққа, қайсарлық  пен  намысқойлық  құндылықтарды  қыран  сияқты  сезінуіне  жол   ашады  десем  артық  айтпаймын. Өйткені  бұған  өзім  куәмін.  Қазір  жасым  сексеннен  асты. Бұрынғы  күш-қуат  кеміді. Сондықтан  әкемнен  қалған  дәстүрді  мен  де  балама  мирас  етіп  тапсырған  жайым бар, – дейді  байырғы  құсбегі Бағашар  Наурызбеков.
– Бүркітшілікпен  ес  білгелі  айналысып  келемін. Былайша  айтқанда  туа  бітті  кәсібім. Осы  кәсіптің  арқасында  Қазақстанның  барлық  өңірін  аралап  шықтым. Шет  елдерге  де  бардым. Бұл  жарықтықтың  қасиеті  мен қызығы  айрықша  әсерге  бөлесе де бағып-қағуы  оңай  емес, – деген Алдаберген  Шалипов  ет  болмаса  басқа  тамақты  місе  тұтпайтын бүркітке  жұмсалатын  шығыннан  да  хабардар  етті. Бір  бүркіт  бір  жылда  300–400 келіге  дейін  ет  жейді  екен. Бұл  дегеніңіз  етженді  екі  ірі  қара  деген  сөз. Мұндай  етті  құсына  ғана  берсе,  иесі  не  жейді. Осы  орайда  ұлттық  дәстүрді  дәріптеп жүрген  саятшыларға  мемлекет  тарапынан  қолдау  көрсетілсе. Бүркітшілер  ассоциациясы  ма,  болмаса  орталығы  құрыла  ма? Қалайда  осы  салаға  мемлекет  тарапынан  белгілі  мөлшерде  қаражат  бөлінетіндей  жағдай  жасалса. Сонда  бүркітті  асыраудың  мәселесі  түбегейлі  шешілер еді. Әйтпесе, құсбегілік  өнерге  қауіп  төнетіні, асырауынан  қашып бүркітшіліктен  бас  тартуға  тура  келетінін  жасыруға  болмайды. Ал  мұның  соңы  ұлттық  өнердің  тамырына  балта  шабуға  тірелетіні  айдан  анық. Саятшы  осылай  дейді. Несі  бар. Ұлтымыздың қадір-қасиетін  асқақтатуға  септігін  тигізіп  тұрған  өнер  мемлекет  тарапынан  қолдау  тауып  жатқаны  қажет-ақ.     
Иә, күрежолдың  бойындағы  Қайнар  өңірінде  болмысы  бөлек  ұлттық  өнердің  туы  желбіреді. Осынау  бабы  мен  бағы  тоқайласқан  қыран  құстың  қадір-қасиеті өзіндік  ерекшелігімен  дараланып, салт-дәстүрдің  маңызын  арттыра  түсті. Саятшылық қызығын  тамашалауға  жиналған  көпшілік  «Салбурын – 2016» жарысынан  осылайша  көтеріңкі  көңіл -күй  арқалап  тарқасты. Біз  де  үлкен  әсермен жолға  шықтық. 
Ғани  Бейқұтбай,
Жұмабек  Тәліпұлы.
Райымбек  ауданы.