Кәсіпкерлермен жүздесу

Уақыты: 10.01.2017
Оқылды: 1374
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облысымызға Астана төрінен алғашқы іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев келді. Жергілікті жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысу ниетімен халық қалаулысы береке мен ынтымақтың қара шаңырағына айналған Достық үйінде келелі кездесу өткізді.

Павел Олегович алдымен Достық үйінің жұмысына зер салып, этномәдени орталықтардың  бөлмелеріне бас сұғып, ғимараттың дизайнына  назар аударды. Жиынжайда жалғасқан басқосуға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, «Нұр Отан» партиясы мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Модератор «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсия Ахметова кездесудің тәртібін айта келе, сөз тізгінін депутатқа ұсынды.
– Құрметті жетісулықтар, осынау қасиетті де қастерлі, табиғи байлықтары жетіп-артылатын мекенге келгеніме өте қуаныштымын. Алматы облысына жасаған алғашқы іссапарым барысында мемлекеттік маңызы бар, әсіресе, туризмнің дамуына ықпал ететін жерлермен де таныспақпын, – деген ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев республика көлемінде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды тілге тиек етіп, жаңадан қабылданған заңдарды сөз етті. Соңын ала қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға толыққанды жауап беріп, ұсыныстарына құлақ түрді. 
Әрмен қарай ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Павел Казанцев «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы ғимаратының акт залында  шағын және орта кәсіпкерлік, облыстық кәсіпкерлік палатасы мен мемлекеттік орган өкілдерімен жүздесті. Кездесуде кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жайлы айтылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлікте кездесер кедергілер жайы да сөз болды.

Мәулен Әнербай