Ардагерлерге құрмет көрсетті

Уақыты: 06.05.2017
Оқылды: 1834
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мереке қарсаңында  облыс әкімі Амандық Баталов  Ұлы  Отан соғысы  ардагерлерінің басын қосып,  салтанатты жиын өткізді. Оған 200-ден аса ардагерлер мен тыл еңбеккерлері шақырылды. Шара  майдангерлердің ерлігі жайлы  бейнефильм көрсетуден басталды.   Мұнда жетісулық жауынгерлердің өлшеусіз ерлігі мен  рухының биіктігі паш етілді.  Салтанатты жиында Амандық Ғаббасұлы сөз сөйлеп, бүгінгі тәуелсіздігіміздің беріктігі, еңсеміздің биіктігі осынау мерекенің жемісі екендігіне тоқталды.

– Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысы кезеңімен қатар келді. Соғыстан кейін де  бүлінген шаруашылықты  қалпына келтіріп, елдің еңсесін қайта көтердіңіздер.  Сіздер қиындық пен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер.  Сол үшін де облысымыздың барлық ардагерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін.  Отанымызға  қауіп төнгенде Жетісу жерінен майданға 120 мыңнан астам адам аттанып, олардың 50 мыңы туған жерге оралған жоқ.  Ерліктің ең жоғарғы үлгісін көрсеткен 52 жетісулық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына  ие болды. Есімдері  аңызға айналған 28 гвардияшы-панфиловшы батырдың 10-ы осы өңірден шыққаны біздер үшін зор мақтаныш, – деді облыс басшысы өз сөзінде. 
Жауынгерлер жаумен айқасса, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешкен ата-апаларымыздың өмір жолы ерлікке пара-пар. Таңнан қара кешке дейін бел жазбай  жұмыс істеген қайратты да  қайсар  жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.  Қазіргі кезде Жетісу жерінде  190 Ұлы Отан соғысының ардагері, 13 мыңға жуық тыл еңбеккерлері бар.  
Облыс әкімі ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлықтардан хабардар етті.  Биыл ардагерлер мен басқа да санаттағы азаматтардың шипажайларда тегін емделуі үшін  114 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.  Ұлы Отан  соғысының қатысушылары мен мүгедектері есту аппараттары, қоларба, таяқша, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты қосалқы және көмекші құралдармен қамтылуда. Осындай көмектер көрсету үшін бюджеттен  қомақты  қаржы бөлінді.  Биыл  Ұлы Отан соғысының  237 қатысушысы мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерін  өтеуге 19 млн. 300 мың теңге қаржы қарастырылыпты.
Дәл осы күні облыс әкімі Амандық Баталов бірнеше соғыс ардагерінің үйіне барып, құттықтап шықты. Алғашқы болып Алтынай Есболаттың шаңырағына бас сұқты.  Майдан даласына оқ-дәрі тасумен шұғылданған паровозшы апа тоқсанның бесеуіне келіпті.  Бораған оқтың астында жүріп Днепр өзенінің теміржол көпірін қалпына келтіруге  қатысқан ол Отан соғысы ордені және «Еңбектегі ерлігі үшін»,  басқа да көптеген  медальдардың иегері. Алтынай Жанайқызы  Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 
– Құрметті Алтынай апа, сізді күллі облыс жұртшылығы атынан құттықтаймыз! Президент Нұрсұлтан Назарбаев сіздерді құттықта, құрмет көрсет деп тапсырма берді. Елбасының сәлемін жеткізе келдік, – деген облыс басшысы Амандық Баталовқа ардагер ана алғысын жаудырды.  
Облыс әкімін соғыс ардагері  Хасан Боранбаев есігінің алдында күтіп алды. Ардагер әлі тың. Қызыл жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендері мен көптеген медаль кеудесінде жарқырайды. Ол әңгіме барысында осы күнге дейін ауырып-сырқап, дәрігер шақыртып көрмегенін айтты. Облыс әкімі Амандық Баталов майдангерге гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпат табыс етті. Ал оқушылар тақпақ айтып,  бейбіт күн сыйлаған жауынгерге алғыстарын білдірді. Григорий  Харченконың жаңа пәтері жарық, әрі кең екен.  Артиллерия полкінің құрамында Ленинград және Прибалтика майдандарында  шайқасқа қатысқан ол ІІ топ мүгедегі болып елге оралады.  Ол Үржарда электрстансыда, жылыту стансысында құрылыс жұмыстарында еңбек етеді.  Зейнетке шыққаннан соң біраз уақыт жұмыс істеген.
Соғыс ардагерлері өздеріне жасалған сый-сияпат, құрметке көңілдері марқайып қалды.   Кеуделері орден-медальға толы майдангерлер жеріміздің қазынасы. Тілейтіндері елдің амандығы мен жұрттың  тыныштығы. Ел қорғаған майдангерлерге қандай қамқорлық жасалса да артық емес.

 

Гүлжан ТҰРСЫН