Ғасырға тең ғажап ғұмыр

Уақыты: 11.05.2017
Оқылды: 1408
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Маңызды шараларымен, айшықты мейрамдарымен ерекшеленген өткен апта қарасайлықтар үшін тағы бір айтулы оқиғасымен есте қалды. Аудан жұртшылығы соғыс және еңбек ардагері, Елбасының ұстазы Сейітхан Исаевтың ғасырлық мерейлі мерекесін көпшілік болып атап өтті.

Отанға адал қызмет етудің, өнегелі өмір сүрудің үлгісі болған Сейітхан Ахметұлының 100-ге толған туған күнін алдымен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоры бастап берді. Содан кейін Қарасай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара жалғасын тапты.
Ғасырға тең ғажап ғұмыр кешіп, бейбіт заманда ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге сүбелі үлес қосқан абыз ақсақалдың жүріп өткен жолы шын мәнінде аңызға бергісіз. Отанамыз отқа оранған шақта, қан майданға аттанып, елімізді фашистік Германияның басқыншылығынан азат етуге үлес қосты. 1944 жылы жарақат алуына байланысты әскерден босатылғаннан кейінгі ғұмыры жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арналады. Сол ұлағатты ұрпақтың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де өлкенің қоғамдық өміріне белсене араласқан Сейітхан аға жасы жүзге келсе де бүгінге дейін аудан өмірін жіті қадағалап отырады.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сейітхан Ахметұлын облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп құттықтады. Майдандағы ерлігі мен бейбіт замандағы адал еңбегі үшін алған орден-медальдары омырауын көмкерген абыз қарияның құтты шаңырағына келіп, ізгі тілегін жеткізген Амандық Ғаббасұлы  алдымен Елбасының арнайы құттықтауын оқып берді. Құттықтау хаттағы жан тебірентер жылы лебізді Сейітхан аға ықыласпен тыңдады. Құттықтау хатта Нұрсұлтан Әбішұлы: «Құрметті Сейітхан аға!  Жүз жасаған торқалы тойыңыз құтты болсын! Бір ғасыр өмір сүру екінің біріне бұйыра бермейтін биік шың. Соның басына шығуда сіздің өміріңіз түрлі қиындықтар мен қуаныштарға толы болды. Кешегі Кеңес одағы және Ұлы Дала төсіндегі тарихи оқиғалар мен  белестерді өз көзіңізбен көрдіңіз. Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғадыңыз. Одан кейін ондаған жылдар бойы мектепте ұстаз болып еңбек етіп, мыңдаған шәкірттердің жүрегіне білім нәрін құйдыңыз. Солардың қатарында өзімнің де болғанымды әрдайым ризашылықпен еске алып айтып жүремін. Ең бастысы, Сіз ел тәуелсіздігінің куәсі болып, абыз ақсақалдарымыздың бірі ретінде Отанымыздың көркейіп, нығаюына өз үлесіңізді қостыңыз. Ұрпақ өсіріп, үлкен әулеттің саялы бәйтерегіне айналдыңыз. Ауырмай аман-есен болып, бұдан былай да өмірдің қуанышы мен қызығына бөлене беріңіз!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізіпті.
Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы өз атынан Құттықтау хатын табыс етіп, бір ғасыр жасаған қадірменді қарияның иығына зерлі шапан жапты. Жүзге келсе де санасын сергек ұстап, жер жаһанда, елімізде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отырған зерделі қарт өз тарапынан даңқты шәкірті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ризашылығын жеткізіп: «Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын бекітіп, елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жоспарын орындауға, Ұлы Дала төсінде өзі армандаған Мәңгілік Елді қалыптастыруға жететін ғұмыр беруін тілеймін!» – деді. Сонымен бірге көрсеткен құрметі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, жер жаннаты Жетісу өлкесінің гүлденуі жолында атқарып отырған еңбегіне жоғары баға берді. 
Сейітхан Ахметұлын Амандық Баталовпен бірге  облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтер де құттықтады.


Қарасай ауданы.