ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК МЕКЕНІ

Уақыты: 05.07.2021
Оқылды: 1502
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу жеріндегі ынтымақ пен бірлік ұлттар мен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті тіршілік кешуіне мүмкіндік беруде. Мұндай пікір облыс әкімдігінде өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Келісім, татулық пен бірлікке бөленген 30 жыл» атты кезекті ХХVІ-ші сессиясында айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ашып, жүргізіп отырған алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен белсенділері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық округтердегі Қоғамдық келісім, Аналар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, облыстық этномәдени орталықтардың төрағалары, Қоғамдық келісім қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2021 жылы атқарған жұмысының қорытындысын тыңдады.
Жиын алдында былтырғы пандемия кезінде қайтыс болған жандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алған көпшілік ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Әлия Әбсеметованың тақырыпқа қатысты жолдаған бейнебаянын тыңдады. Сессияда күн тәртібінде қаралған бір мәселе – «Келісім, татулық пен бірлікке бөленген 30 жыл. Алматы облысында мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру туралы» деген тақырыпта облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов баяндама жасап, өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.
– Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылықтарын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу баршамызға ортақ абыройлы міндеттеріміздің бірі болып қала бермек. Жыл басынан осы мақсатпен 724 іс-шара, оның ішінде екі халықаралық, тоғыз республикалық, 77 облыстық, аудандық, 636 қалалық  шара өткізілді. Әрбір шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын қамтып отыр, – деген Рахмет Разбекұлы аса маңызды шараларға тоқталып өтті. – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяға және жергілікті атқарушы органдарға этносаралық саладағы, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарын белгіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің сапалық құрамын жаңартып, оны мемлекет құраушы ұлт қатарынан елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, жалынды жастар, танымал тұлғалармен толықтыруды тапсырған болатын. Қатарымызға қабылданған азаматтар тың идеялар мен бағалы бастамаларға серпіліс беретініне сенімдіміз. Достықтың алтын бесігіне айналған Жетісу жерінде ұстанымы мен сенімі жылдар бойы нығая түскен әр этнос өкілдері келісім мен татулықтың мол тәжірибесін жинақтады.
Жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті нығайту мақсатында ұлттық ерекшелігімізді, әрбір этностың тілін, дәстүрін сақтай отырып, өзара түсіністік, адамгершілік пен ізгілік негізінде шынайы бірлікке келу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік тілдің ел азаматтарын біріктіруші аса маңызды фактор екендігін жақсы түсінген этномәдени орталықтардың басшылары мен олардың белсенділері, әсіресе жастардың қазақ тілін оқып-үйренуіне баса көңіл бөледі.
Баяндамашының айтуынша этномәдени орталықтардың мүшелері «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тілдарын», «Мың бала» атты байқауларға, дәстүрлі Абай, Ілияс, Мұқағали оқуларына белсене атсалысып, қоғамның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Одан бөлек, этномәдени орталықтардың мүшелері былтырғы карантин кезінде қайырымдылық жасап, игілікті істердің ұйытқысы болған. Сонымен қатар, Жетісу жерінің дамуына керекті істер мен шаралардың бастауынан Ассамблея мүшелері табылады. Олардың атқарған жұмыстары мерзімдік баспасөзге басылып, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын Алматы облысының жұртшылығы ынтымақпен, бірлікпен өткізуге дайын.
Одан соң «Облыстық орыс орталығының» төрағасы Лариса Котельникова, Ұйғыр ауданының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Рухиям Низамова, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Ли, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы, «Парасат» тіл жанашырлары клубының мүшесі Айым Алиева кезекпен жарыссөзге шығып, Жетісу жеріндегі ынтымақ пен бірліктің бастауы ұлтаралық татулықта, келісім мен берекеде жатқандығын растады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов облыстық ішкі саясат басқармасына, облыстық Ассамблея хатшылығына, «Қоғамдық келісім» МКМ-не, аудан, қала әкімдіктеріне мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруға байланысты тапсырмалар жүктеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ