ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТТЫ ЕСІМ

Уақыты: 05.07.2021
Оқылды: 1276
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Таза ауаң көкірегімді кернеген,
Самал желің көңілімді тербеген.
Қарап тұрсаң көркіне көз тоймайтын,
Неткен сұлу өлкем едің сен деген,
– демекші, осы сұлу өлкеге,  яғни Қаскелең қаласына 1981 жылы арман қуып  келіп, осындағы Қаскелең мәдени-ағарту училищесіне оқуға тапсырдық. Ол кездегі емтихандар ерекше еді. Арнайы билет алып, тік тұрып жауап беретінбіз. Ерекше дайындықты қажет ететін осынау күрделі де жауапты сынақтардан сүрінбей өткен бір топ жас аталған оқу орнының студенті атандық. Содан бері ауыз толтырып айтатындай 40 жыл уақыт өтіпті.

«Қандай ұстаздардан білім алдым?», «Бұл оқу орны маған не берді?», «Мен алған білімім бойынша не бердім?». Осы бағытта ой қозғағым келеді. Ол уақытта училищенің директоры Ақкүміс Жайтуғанова екен. Әлі есімде, жаңадан оқуға түскен студенттермен бас қосқан алғашқы отырысты училищенің директоры Ақкүміс апайымыз ашты. Оқу орнының тыныс-тіршілігімен, сан-алуан берілетін мамандық жайлы түсіндірді. Тазалық пен тәртіп мәселесіне ерекше тоқтады. Ақкүміс апайдың мағыналы да мәнді сөздері әлі құлағымнан кетпейді. Өте білімді де білікті басшы екендігі ерекше көрініп тұрды. Расында, Ақкүміс апайдың айтқан сөзін істеген ісімен көрсете білетіндігіне көзіміз жетті. Біз үшін күні бүгінге дейін үлкен сабақ болды. Бір-екі мысал келтіре кетейін. 
Жатақхананың жағдайы ерекше жақсы болды. Стунденттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында теледидар, шахмат-шашки, үстел теннисі, әдеби кітап оқитын зал, жеке аспаптармен дайындалу үшін бөлмелердің болуы ерекше жасалған, іші-сырты гүлге оранып тұратын. Жатақхана коменданты Клара Саниязқызы болатын. Демалыс күндері де ешқайда кеткіміз келмейтін. Өйткені, барлық жағдай жасалған. Асханадағы ас мәзірі де өте сапалы болатын. Шәкіртақы есебінен үш уақытта да талонмен ыстық тамақ ішетінбіз. Тамақ жасауға уақыт кетпейді, әуре болмайтынбыз. Осылайша студенттік өміріміз еш алаңсыз өтті. Осы оқу орнынан сапалы білім алдық, саналы тәртіпті үйрендік. 
Не бердім дегендегі айтарым – Мәдениет үйінде жұмыс істегенде, интернат меңгерушісі болып қызмет атқарғанда ұстаздық жолда алған білімімнің пайдасы көп тиді. Оның дәлелі – өзіңнен тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттердің биіктен көрінуі. 
Біздің топ жетекшіміз Нұрхан Нұрғалиқызы өте сауатты, ұйымдастыру қабілеті жоғары, қаталдығы болғанымен анамыздай еді. Өз арамыздан бағыт-бағдар беріп, тығыз байланыста шаралар ұйымдастырып, шебер жетекшілік еткен старостамыз Бейсен Сатиев ағамыз да кеңінен ойлайтын, топтың негізгі ұйытқысы болды. Оқу орнын «өте жақсы» деген бағамен бітіруімізге үлкен септігін тигізді. Бейсен ағамыздың ұйымдастыруымен оқу орнын бітіруіміздің 30 жылдық мерейлі күнін аталған оқу орнында өткіздік. Колледждің әкімшілігіне, ондағы еңбек етіп жатқан ұстаздарға алғысымыз шексіз. Құшақ жая қарсы алды. 
Бұл мақаланы жазу себебім де келешек ұрпақ ұйымшыл, өз мамандығына деген қызығушылығы жоғары болса, ізденімпаздықпен жұмыстар жасаса, алынбайтын қамал жоқ екендігін сезсе деген ой. Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», – деген ұлы сөзі ойға оралады. Біздің жолымызды беріп, әрбір студент өз орнын тауып жатса қандай бақыт десеңші?! 
Сөзімнің соңында сол бір жылдарда білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың есімін атай кеткенді жөн көрдім. Михаил Ханжаров, Оскар Готман, Күнсайын Қуатбаев, Сауле Кенжетаева, Валентина Косых, Гүлдария Тоқмолдаева, Майра Мырзағұлова, Жұмагелді Нәжімеденов, Сембек Исағұлов, Жұмабай Түлкиев, Нұрдәулет Жолшиев сынды апай-ағайларымыз. Олардың біразы өмірден өтіп те кетті. «Мұғалім – ар мен ұяттан, шындық пен намыстан жаралған жан» деген ұлылардан қалған сөзге осы ұстаздарым лайық деп білемін. Бізді білім нәрімен сусындатып, келешекке бағыт-бағдар берген бағдаршамымыз осы ұстаздар еді.
Бұл оқу орнын біз ешқашан ұмытпаймыз. Мақтан етеміз. Онда еңбек етіп жатқан ұстаздармен үнемі байланыстамыз. Ұстаздарға деген сүйіспеншілігімізді сонау 1981 жылы осы оқу орнының табалдырығын аттағанына 40 жыл толып отырған барша группаластарымның атынан сүйікті «Жетісу» газеті арқылы жеткізгім келеді. 

Мәулен Өмекеев,
Ы. Алтынсарин медалінің иегері
Талас ауылы,
Райымбек ауданы