АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫ 81 ПАЙЫЗҒА ЖАҢАРДЫ

Уақыты: 10.03.2022
Оқылды: 1210
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымы жұмысын бастады. Алты жылда билік пен халық арасында алтын көпір болуды көздеген кеңес биыл құрамын да өзгертті, жұмыс бағытын да тағы бір айқындап алды.

Жұмыс тобы жаңа қоғамдық кеңесті жасақтауда азаматтық қоғам өкілдерінің санын арттыруға баса назар аударды. Биыл кеңестің 81,1 пайызы жаңартылды, ал қалғаны мүшелікке өздерін қайта ұсынған. Жаңа құрамның қатарында мүгедектігіне қарамастан оңалту орталығын ашып, жүздеген мүмкіндігі шектеулі жанға көмек қолын созған Елдос Баялышбаев, талай отбасыны баспаналы еткен Алматы облысы бойынша «Харакет» қайырымдылық қорының жетекшісі Амангелді Төлемісов те бар.

- Қоғамдық кеңеске ұзақ уақыт қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктеліп алынды, - деп атап өтті "Тамшыбұлақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова.

Осыдан алты жыл бұрын ел Президенті мен  қоғам сеніп артып, өз  жұмысын бастаған қоғамдық кеңес биыл қызметін күшейте түспек. Алдымен, қоғамдағы түрлі пікірлерді ескере отырып, халықтың өзекті мәселелеріне назар аударылмақ. Сонымен қатар, кеңес жұмысы бірнеше бағытқа бөлініп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты пайдалы бастамалар енгізілмек.

"Қоғамдық кеңес құрамы 81 пайызға жаңарды. Кеңеске енген 37 азаматтың 30-ы азаматтық қоғам өкілі. Көбісі аудан, қала өкілдері. Ерекше жандарға қамқоршы Е.Баялышбаев пен А.Төлемісов («Харакет» қоры) кеңес құрамында. Жаңа кеңес елдің сөзін сөйлеп, қоғамдық бақылауды күшейтеріне сенемін", - деп жазды желідегі парақшасында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"