ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 11.07.2023
Оқылды: 1737
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҮЕҰ-ның консалтинг орталығы және облыстық қоғамдық даму басқармасының мұрындық болуымен «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмең-кесі – 2023» байқауы өтті.


Байқаудың мақсаты – үкіметтік емес ұйымның әлеуетін арттыру, өзекті және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу, азаматтық бастамаларды қолдау. Конкурс екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде құжаттарды қабылдаса, екінші кезеңде үздік он жоба анықталды. 19 мамырда конкурс комиссиясының отырысы өтіп, ашық дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталды. 

Қорытындысында Текелі қаласының 3 жобасы байқау жеңімпазы атанды. Солардың бірі – Текелі қаласындағы «Мамания» шығармашылық мектебі» қолөнер этноорталығы. Олар «Байқаудан жеңіп алған қаражатқа орталыққа келген балалар мен олардың ата-аналарына тігіншілік дағдыларын дамыту үшін құрал-жабдықтар сатып аламыз», – дейді. 

– Орталықтың жаңа құрылғанына қарамастан біз 2021-2022 жылы республикалық «Жомарт жүрек», «Жылдың үздік ұйымы», «Үздік бірлестік», «Үздік әлеуметтік жобалар – 2022» байқауының жеңімпазы атандық. Біз 150-ден астам ауқымды іс-шаралар – көрме, этнофестиваль, жәрмеңке, форум, экосенбілік өткізіп, халықаралық және республикалық этнофестивальдарға қатысамыз. Сонымен қатар, шеберлік сабақтары мен «Заттарға екінші өмір сыйла», «Дармарка» жәрмеңкелерін тұрақты ұйымдастырып жүрміз. Біз балаларымызды жан-жақты дамытып, білім беруге тырысамыз, – дейді Текелі қаласы «Мамания» шығармашылық мектебі» филиалы «Алтын адам» шеберлер орталығының директоры Наталья Пак. 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ