Зерттеу: Қазақстандықтардың өмір сүру сапасына қаншалықты көңілі толады?

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 1418
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұлттық статистика бюросы ел тұрғындарының өмір сүру сапасына қаншалықты көңілі толатынын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде тұрғындардың жартысынан көбі өмір сүру сапасына қанағаттанбайтыны белгілі болған.

Ұлттық статистка бюросының мәліметінше, 2023 жылғы наурыз айында жүргізілген "Халықтың тұрмыс сапасы" зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 41,8 пайызы өз өмірлеріне қанағаттанған.

Бұл ретте олардың үлесі ауылдық жерлерде – 46,5 пайыз (қалалықтар – 39,6 пайыз). Өз өміріне қанағаттанған ер адамдардың үлесі 45,4 пайызды құраса, әйелдердің 39,5 пайызы ғана өмір сүру сапасына көңілі толған.

2022 жылғы осы тектес зерттеумен салыстырғанда респонденттердің өміріне қанағаттану деңгейі 0,5 пайызға өскен. Мысалы, 2022 жылы өз өміріне көңілі толғандар саны 41,3 пайыз болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 61,3 пайызды көрсеткен. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 19,5 пайызға төмен.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше биыл:

денсаулығына қанағаттанғандар – 47,6 пайызды;
ішінара қанағаттанғандар – 49,3 пайызды;
жедел жәрдем қызметінің сапасына қанағаттанғандар – 56,1 пайызды;
қаржылық жағдайына қанағаттанғандар 34 пайызды құраған.

Материалдық қамтамасыз ету деңгейі (дәулеті) бойынша өздерін келесі топқа жатқызатындар:

орташа деңгейге – 72,2 пайыз;
өмен деңгейге – 0,3 пайыз;
жоғары деңгейге – 1 пайыз.

Тұрғындардың басым бөлігі яғни, 92,7 пайызы тұрмысының төмен не орташа деңгейден төмен болуының негізгі себебін – төмен еңбекақы деп көрсеткен. Төмен зейнетақы дегендер 1,4 пайызды құраған.

Сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың жұмыспен қамтылу мәртебесіне байланысты жауап бергендердің 94,4 пайызы негізгі себеп төмен жалақы деп атап өткен. Ал жұмыссыздардың (78,5 пайыз) негізгі себебі, тиісінше, жұмыстың болмауы.

Фото: ғаламтордан алынды