Үкіметтік емес ұйымдар үйі салынса

Уақыты: 03.03.2024
Оқылды: 584
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Нақтылап айтар болсақ,  1950 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық мәселелерді шешудегі ҮЕҰ-ның рөлін, қажеттілігін  мойындаса, 2014 жылдың 27 ақпан күнінен бастап халықаралық  деңгейде ҮЕҰ күні аталып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз.

Елімізде 2003 жылдан бері тұрақты түрде облыстық, республикалық деңгейде азаматтық форумдар өткізілуде. Осының бәрі  ҮЕҰ-дың мәртебесінің биік, қоғамда өз орны бар екенін,  мемлекет үшін де, қарапайым халық   үшін де қажет екенін айқындайды. Сондай-ақ, жыл сайын 27 ақпан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні жоғары деңгейде аталып өтеді. Биыл да мерекелік шара Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысып, жиналғандарға облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. 

– Барша үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!
Қашанда азаматтық қоғамның белсенді болуы әлеуметтік-экономикалық дамуды алға ілгерілетеді. Бүгінде облыста 417 үкіметтік емес ұйым тіркеліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесу, әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді шешу, жастар тәрбиесі, тағы да басқа салада белсенді жұмыс атқаруда. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын әлеуметтік қаржыландырудың көлемі артып келеді. Өткен жылы облыстағы жергілікті бюджет есебінен үкіметтік емес ұйымдардың 57 жобасын қаржыландыруға 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл қаржыландыру көлемі өспесе, түспейді. Жобалар саны да арта түседі деп күтілуде, – деп жүрекжарды лебізін білдірген Марлен Қапашұлы өткен жылы белсенділігімен көзге түскен бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне Алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Әрине, Алғыс хаттың түбінде қажырлы еңбек, ұйқысыз түн, қарбалас күндердің жатқаны анық. Отбасының жағдайын қайырып қойып, қоғам үшін төгілген тердің қайтарымы осындай марапаттармен өлшенеді. 

Жетісу облысының Азаматтық альянсы құрылған мезгілде облыстағы  үкіметтік емес секторының әлеуетін, жұмыс сапасын арттыру және дамыту аясында жұмыла жұмыс атқарды. Әсіресе, ауылдық жерлерде ҮЕҰ-ны дамыту мақсатында кемінде 3 ауданда ресурстық орталық ашу,  қоғам және жергілікті билік органдарымен қарым-қатынасты жоғары деңгейге жеткізу басты мақсаты болды. Келесі кезекте сөз алған Жетісу облысының Азаматтық альянсы төрайымы

Дания Қыдырбаева ұйымның өткен жылдардағы жетістіктері туралы баяндап берді.

– Бүгінге дейін аудан-қала әкімдіктерімен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы екіжақты келісімге қол қойылып, жан-жақты мәселелер айқындалды. Аудандарда кездесулер ұйымдастырылып, әріптестік қатынастарды дамыту, ауылдық округтерде үкіметтік емес ұйымдарды қалай құру, идеяны жобаға қалай айналдыру, жобаны қалай жазу, тағы да басқа үйлестіру жұмыстары жайлы кеңес берілді. Өткен жылы «Әділетті Қазақстан: бәріміз үшін және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» тақырыбындағы XI республикалық Азаматтық форумының тұсаукесері  Жетісу облысында басталды. Облыстағы 4 басқарма біздің жұмысымызды қолдап отыр. Басқа департаменттер мен басқармалар да алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына оң көзбен қарайды деген сенімдемін.

Осы тұста әріптестеріміздің өткен жылғы жетістіктері туралы айта кеткен жөн. Яғни, «Алтын адам» Жетісу  шеберлер орталығы» ҚБ басшысы Динара Бәкірова «Выбор» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанса, қайырымдылық саласындағы құрметті атақ «Жетісу облысының мүгедек адамдардың облыстық қоғамы» ҚБ басшысы Әсел Барибаеваға бұйырды. Басқа да жетістіктері үшін түрлі марапатқа ие болғандар қатары көп», – дей келе облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың Жастарға қызмет көрсету орталығы ғимаратының аядай ғана бөлмесінде жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етіп, облыс орталығынан үкіметтік емес ұйымдар үйін салудың қажеттілігін алға тартты. Сөз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың орны мен рөлі, мемлекеттік қолдаулардың маңыздылығына тоқталған «Қос Қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Радионова да әріптестерінің айтқанын қолдайтынын білдірді.
Шараның соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен айшықталды. 

Қажет АНДАС
Фото: inbusiness.kz