Қазақстанда еңбекке қабілетінен айырылған адамның жәрдемақысы қанша

Уақыты: 22.04.2024
Оқылды: 287
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 152,7 млрд теңге жұмсалды. 

Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 20,1 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем берілді.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 539,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — шамамен 196,1 мың адам.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлем беріледі. 

Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 90,9 мың адам еңбек қабілетінен айырылу бойынша, ал 61,2 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке болады және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адам саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% өсті.

Үкімет шешімі бойынша еңбекке қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% артты.

Мәселен, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін — 95 496 теңге, 2-топ үшін — 76 397 теңге, 3-топ үшін — 52 089 теңге.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері — 57 346 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша — 58 543 теңге.  

Фото: Еңбекмин