БАЛАМ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ...

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1895
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әр бала өзінше тұлға. Соған қарамастан олардың ортақ бір қасиеті бар, ол –мейірімділік. Бала дүние есігін ашқаннан мейірімді. Дүниеге келе салғанда олардың бойында жетілу жоспары бірге туады. Ата-ана сол жоспарды жүзеге асырудағы басты көмекшілер. Сол себепті, жазылмаған парақтай таза сәбидің бойындағы сезімдердің қай бағытта дамитыны – ата-ананың іс-әрекетіне тікелей байланысты.

Қолдағының қадірін білмейтін, қиналып жұмыс істеп, маңдай терімен мал тапқысы келмейтін ұрпақ өсірмес үшін оларды жүректері таза, мейірімге толы бүлдіршін кезінде дұрыс тәрбие беруге үлгеру керек. Одан кешіксек, бәріне кешігеміз. Баланы тәрбиелейміз деп бүкіл еркіндігін шектеп тастауға да болмайды. Бұл – баланы жасықтыққа ұрындыратын қатерлі іс.
Америкалық психолог Джон Грей оңтайлы тәрбиенің басты қағидаларын былай түзеді:
1. Баланың меселін қайтаратын мәселе өз отбасынан бастау алады және тек сонда ғана шешіледі.
2. Баланың санасына серіктестік пиғылын, өзіне сенімділікті, елгезектікті сіңіру керек. Оның ерік-жігерін құм қылмай дамыта білу шарт.
3. Тілалғыштыққа тәрбиелеп, баланы бәсекелес болу мен жетістікке жету мүмкіндігінен айырмау керек. 
4. Баланы жазаласаңыз, ол сізді жау көреді. Жаудан тығылып, бұйығып өседі. 
5. Ата-анасы оларға құлақ асқанда ғана баласы оларды тыңдайды.
6. Қазіргінің баласы тым сезімтал, сондықтан озбырлыққа озбырлықпен жауап беруде белсенділігі артып келеді.
7. Бүгінгі заманның баласы қорқыту мен жазалаудан үрікпейді. Олар тұрмысынан жақсы мен жаманды ажырата алады. Оларға сол қабілетті дамытуға мүмкіндік беру керек.
Баланы еркелету керек деп жатамыз. Бір ғұламадан: «Баланы еркелету керек пе?» – деп сұрғанда, әлгі кісі: «Міндетті түрде, себебі, баланы келешекте не күтіп тұрғанын білмейміз», – деген екен. Ал енді еркелету дегеніміз не? Еркелету – белгілі бір деңгейде еркіндік беру. Бала еркін өседі, өз ойын ашық жеткізе алады, жаңа ортаға тез сіңісіп кетеді, қарым-қатынасшыл болады. Бірақ, еркелікті шолжаңдыққа айналдырып алмау керек. Шолжаң балалар барлық жерде де жағымсыз қасиеттерімен көзге түседі. Шамадан тыс еркелету – баланың дербестігін жояды, балада жауапкершілік сезімі болмайды. 
Көбінесе ұл балалар өсе келе әкесінен көргенді қайталайды. Неге әкелер деп отырмыз? Өйткені, аналар үнемі балаларының жанында, ал әкелер түздің адамы боп есептеледі. 3 жасқа дейінгі баланың өміріндегі ең негізгі адам – анасы. Ал 4 жастан бастап балаға дос керек, оның ойнағысы келеді. 4 жастан 12 жасқа дейін бала өмірінде әкенің алатын орны үлкен. Бұл уақытта балалар әкеге мұқтаж. Сол себепті, балаңыз «машина-машина» ойнағысы келсе, бірге ойнаңыз. Қызыңыз қуыршаққа киім кигізе алмай жатса, көмектесіп жіберіңіз. Әрі 12 жасқа дейін балаңызбен бірге уақыт өткізбеген болсаңыз, одан кейін балаңыз сізді керек етпейді де. 
Баламыздың бойынан ылғи жақсы қасиеттерді көруді қалаймыз ғой, бұл даусыз шындық. Ал өзіміз қандаймыз? Осы қасиеттер өз бойыңызда бар ма?
 
Жадыра НҮСІПОВА,
«Балдәурен» бөбекжай балалар бақшасының психологі
Тоғызбұлақ ауылы,
Кеген ауданы