ЕҢБЕКШІЛЕР ҚОРҒАУШЫСЫ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 903
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі таңда аудандық кәсіподақ комитеті еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатындағы негізгі қоғамдық ұйым саналады. Еңбек кодексіне сәйкес ұйымдарда ұжымдық шарттар жасалып, облыстық еңбек инспекциясында тіркеуден өткізілді.

Аталған ұжымдық шарттағы әрбір тарау еңбек адамын қорғауға арналған. Біздің Сарқан аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті бұл күндері 37 бастауыш ұйымнан, 2184 адамнан тұрады. Бастауыш кәсіподақ ұйым-дарының белсенділігін арттыра отырып, аудандық кәсіподақ кеңесі әлеуметтік жауапты ұйым ретінде өз қызметін Елбасы Жолдауына сай жаңғыртуға кірісті. 
Аудандық кәсіподақ ұйымы жыл сайын ұстаздарға,  мектептің техникалық қызметкерлеріне шипажайға жолдама беріп, балаларын жаз мезгілінде демалыс орындарына жіберуге ат-салысады. Жаз кезінде кәсіподақ мүшелеріне «Қаратал», «Ақжанель», «Текелі», «Жаркент-Арасан», «Жаңақорған», «Сарыағаш» сынды шипажайларға жолдама берілді. Еңбек ардагерлерімен кездесіп, мерейтой иелерін құттықтаймыз, ұжымдарды ынтымақ пен бірлікті қалыптастыруға үндеп келеміз. Аудандық білім беру бөлімі бойынша өткізілетін іс-шараларға атсалысамыз. Мұғалімдер спартакиадасына қолдау көрсетеміз. Кәсіподақтың ұйымдастыруымен ауданда волейболдан, шахматтан, тоғызқұмалақтан спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім беру мекемелерінің кәсіподақ ұйымдары зейнеткерлікке шыққан мұғалімдер мен кіші техникалық қызметкерлерге де шапан жауып, сый-сияпат көрсетуді ұмыт қалдырмайды. Наурыз мерекесі, Балаларды қорғау күніне де қолдау көрсетіп, ота жасалған науқастарға ақшалай көмек көрсету парызымыз деп білеміз. 
Кей жағдайда еңбек қатынастарында тараптардың мүдделері сәйкес келе бермейді, қарама-қайшы болып жатады. Сондайда мектеп басшысы мен мұғалім немесе кіші техникалық қызметкер арасындағы келіспеушілікті шешуге аталысамыз. 
Жеке еңбек даулары ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қаралады, еңбек даулары келісім комиссиясының еншісінде, ал келісім комиссиясымен реттелмеген сұрақтар немесе шешімін таппаған мәселелер жалпы сот құзіретіне беріледі. Жолдаудың басты мәйегі табыс пен тұрмыс сапасының артуына жете мән беру. Елбасы осыған орай қысқа және ұзақ мерзімдерге арналған міндеттемелерді ұсынды. Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауы кәсіподақтың да бағдаршамы, қайнар көзі болып  отырғаны анық. 
Кәсіподақтың ұстанымы: «тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!». Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Егер ұстаз өз мектебінің келешек көкжиегіне көз жеткізсе, сондай-ақ, өзінің заңды түрде қорғауға ие екенін және әлеуметтік қамқорлықты сезінсе, мұндай мұғалімнің отбасындағы жағдайы да жақсы болады. 
Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» жайын тағы да қозғады. Мемлекет басшысының барша еңбеккер қауымына құрметін бағалай отырып   ұстаздарымыз өз саласында жетістіктерінің жемісін көрсете білуі керек. Жолдауда аталған мәселелерді біз кешенді іске асыруға жұмыламыз. Осы ынтымақ арқылы табыс пен тұрмыс сапасының артуына жете мән берген Елбасының көзқарасын қуаттай отырып алға нық қадам басамыз.
Сарқан ауданының білім беру саласында 2 мыңнан астам адам қызмет етсе, осының 1067-сі ұстаз. Еліміздің гүлденуі, туымыздың көкте мәңгі желбіреуі, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының іске асуы жолында ұстаздар қауымының атқарар еңбегі зор. Балаларымыз өркениеті дамыған, бейбіт, әділ қоғамда өмір сүруі үшін бүгіннен еңбектеніп, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз керек. 

Е. Алинов,
Білім және ғылым қызметкерлері 
 Сарқан аудандық кәсіподақ 
 комитетінің төрағасы