БЕСЖЫЛЫДЫҚ МЕЖЕ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1308
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуші ретінде жауапкершілігі мол мамандықты игерген ұстаздар қауымына Елбасы рух беріп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын қарауды ұсынды. Бұл Жолдау білім саласының қызметкерлеріне қуаныш сыйлап, серпілтіп тастады.

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы өзге бастамалардан ерекшеленіп, ұстаздар қауымының бүгінгі болмысына назар аударды. 
Ұлттың ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» – деген еді. Бүгінгі білім ошағының жүрегі де, тірегі де бола білген мыңдаған жанның тілегі орындалуға жақын. 
Тарихи құжат жарияланысымен бұқара арасында кең талқыланып, қолдау тапты. Елбасы ұстаз тағдырына алаңдаушылығын білдіріп, білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғау жолында жұмыс істейтін қоғамдық бірлесіктерге мұғалім мерейін өсіру үшін қажетті ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік берді. 
Көрсетілген бағыт бойынша білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы және аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері бірлесіп, өңір ұстаздарының ұсыныстарын жинақтап, заң жобасын дайындап жатқан жұмыс тобының қарауына жолдады.
Сондай-ақ, Елбасы жастарға сенім артып, 2019 жылды – «Жастар жылы» деп жариялады. Құжат күшіне енісімен, аумақтық ұйымның жанынан құрылған жастар к еңесі «Ұстаз мерейін өсірген Жолдау» атты форум өткізді.
Жолдауды насихаттау мақсатында кәсіподақтың ұйытқы болуымен 320 кездесу ұйымдастырылып, оған 16 583 адам қатысты. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 162 мақала жарық көрді.
Бұдан өзге, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысы негізінде Талдықорған аумақтық ұйымы 2014-2018 жылдар аралығында бірқатар жұмыс атқарды. 
Атап айтсақ, конференция аралығында 8 пленум, 16 атқару комитетінің отырысы өтті. Аумақтық ұйымның пленумында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен өзге де бастамалары талқыланып, Комитет мүшелерінің үлкен қызығушылығын туғызды. Ал маңызды жиынның бірі – атқару комитетінің отырыстарында кәсіподақтың тұрақты назарында және бақылауында болған кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсету, оларды сауықтыру орындарына жіберу және мәдени-көпшілік шаралар өткізу сынды мәселелері кеңінен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды. 
Сонымен қатар, атқару комитетінің отырыстарын көшпелі түрде өткізу дәстүрге айналған. Осындай шаралар барысында әріптестер тек жиналысқа қатысып қоймай, сол аудандық, қалалық комитеттің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. 
Білім және ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында ағымдағы жылдың 18 наурызында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымы, облыстық білім басқармасы және Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты келісімге қол қойды. Бүгінгі күні комиссия тұрақты түрде отырыстарын өткізіп келеді. 
Кәсіподақ қыруар әлеуметтік мәселенің түйінін шешу жолында «ҚР Кәсіподақтар туралы» Заңына, салалық кәсіподақтың Жарғысына сүйеніп, мүшелерінің құқығын қорғауда. Есеп беру-сайлау мерзімі аралығында кәсіподақ мүшелерінен 221 өтініш түсіп, оның 156-сы оң шешімін тапты. Түскен өтініштердің дені еңбек қатынастарын рәсімдеу, еңбекақыны төлеу, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, аттестация және біліктілік мәселеріне қатысты болды. Ұстаздардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында аудан, қалаларда семинарлар өткізілді.
Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің және олардың балаларының денсаулығын нығайтуға көңіл бөліп, жыл сайын аумақтық ұйым және аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің есебінен қомақты қаржы бөліп келеді. Мәселен, төрт жыл ішінде 3055 кәсіподақ мүшесіне «Жаркент- Арасан», «Сарыағаш», «Ақжанел», «Қаратал», «Текелі», «Арыс» шипажайларына жолдама берілсе, 1127 бала «Көктал Арасан», «Алтын Шажа», «Шағала», «Қарлығаш» сауықтыру орындарында демалды. 
Мұғалімдер арасында спорттың 10 түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Биылғы маусым айында алғаш рет Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күніне орай сала қызметкерлері арасында «Туризм-2018» спорттық жарысы өтті. 
2017 жылдың тамыз айынан бастап Талдықорған аумақтық ұйымы және аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін желілік кестені тоқсан сайын жаңартып, қоғамдық бірлестіктерге жіберуде. Мұнда кәсіподаққа қатысты бағыттар қамтылып, шаралардың тізбегі жасақталды. Нәтижесінде 965 ірілі-ұсақты шаралар ұйымдастырылып, 1050 мақала бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. 
Талдықорған аумақтық ұйымы сала ардагерлері мен жас ұстаздарға көңіл бөліп, ұйым жанынан арнайы Кеңестер құрды. Кеңес бүгінде жүйелі жұмыс жүргізіп, бекітілген жоспарын жүзеге асыруда. 
Біздер үшін маңызды кезең аяқталды.   Соңғы бес жылда атқарған жұмысын аумақтық ұйымы да қорытындылап, конференциясын өткізіп, алға қойған мақсаттар мен міндеттерін айқындап алды. Ендеше, келесі бес жылдыққа құрылған межені бірлесе бағындырғанда ғана мол жетістікке қол жеткіземіз. 

С. Әбдіқадыров,
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы