ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1087
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының  кітапханасында «Біздің Президент» атты тәрбие сағаты өтті. Мектеп кітапханашысы Ләйлә Қосаумасованың ұйымдастыруымен, 1 «г» сынып оқушыларының қатысуымен өткен шараның мақсаты – жас ұрпаққа Елбасының өмірін, еңбек жолын үлгі-өнеге ете отырып,  патриоттық  сезімдерін арттыру.

Тәрбие сағатын сынып жетекшісі Л. Салтакова ашып, тарихтан сыр шерте отырып, мемлекетіміздің Тәуелсіздік алып, оның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланғаны, содан бері елімізді жарқын болашаққа бастап келе жатқандығы туралы толғамды әңгіме өрбітті. 
Мектеп кітапханашысы Ләйлә Қосаумасова Елбасының өмірі және еңбек жолымен таныстырды. Ол Мемлекет басшысы, сарабдал саясаткер, білімді, көреген, терең ойлы тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1940 жылы 6 шілдеде Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келгенін, 5 жасында жыр алыбы Жамбыл атаның ақ батасын алғанын, үлгілі оқушы болып, ата-анасының, ұстаздарының үмітін ақтағанын тебірене айтты. Жасынан зерек, алғыр азамат өскенде металлург мамандығын алып, еңбек жолын Теміртау қаласында темір балқытушы болып бастағанын, еселі еңбегінің арқасында еліне танылғанын тілге тиек етті. 1991 жылы      1 желтоқсанда біздің Отанымыздың Тұңғыш Президенті болып сайланып, 2010 жылы 15 маусымнан бастап заңды түрде «Елбасы» мәртебесіне ие болғанын жеткізді. 
Бұдан соң мектеп кітапханашысы Сандуғаш Баймулдинова оқушыларды «Менің Президентім!» тақырыбындағы виртуалды кітап көрмесімен таныстырды. Онда оқушылар Нұрсұлтан Әбішұлының сыныптан-сыныпқа көшірілу куәлігін көріп, Елбасының озат оқушы болғанына көз жеткізді.
«Қазақстан», «Туған жер», «Астана» деп үш топқа бөлінген оқушылар жаттаған өлең, тақпақтарын айтып жарысты. Өнерлі өрен Айзада Тұрғанбай «Тәуелсіздік» термесін нақышына келтіріп орындаса, Нұрай Сайын «Көк тудың желбірегені» әнімен балалардың Отанға деген ыстық сезімін арттыра түсті.
Музыка пәні мұғалімі С. Амантайдың үлес қосуымен хордың орындауында «Туған жер» әні әуелеп, тәрбие сағаты сәтті түйінделді.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ