АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КӨШІ-ҚОН ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1601
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Алматы облысы Іле ауданында Миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын ашты. Енді осы орталық арқылы еңбек мигранттары қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Салтанатты іс-шараға «Азаматтарға арналған үкіметтің» облыстық филиалы директорының орынбасары Ілияс Талғатұлы, облыстық көші-қон қызметінің басшысы Ержан Алтаев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев қатысты.

- Орталықтың басты міндеті - көші-қон саласындағы қызметтерді алуды барынша жеңілдету. Бұрын мигранттарға еңбек етуге берілетін рұқсат құжаттарын беру мен оны ұзарту үшін 3-5 күндей уақыт кететін еді, енді бұл үрдіс 2 сағат ішінде жүзеге асады. Тағы бір тиімділігін атап өтер болсақ, осы жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады, - деді  Ілияс Талғатұлы.

Іле ауданы Өтеген батыр кенті, Заманбек Батталханов көшесі, №30 мекенжайында орналасқан ғимараттың бірінші қабатында мемлекеттік корпорацияның фронт-офисі орналасса, екінші қабатында Көші-қон орталығы жұмыс істейді. Миграциялық ХҚО таңғы 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін үзіліссіз қызмет етеді.

Айта кетсек, 2018 жылғы 11 айда өңірде көші-қон бағыты бойынша 325 512 мемлекеттік қызмет ұсынылды. Бұған дейін еңбек мигранттарына қызмет көрсететін орталықтар Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында ашылған болатын.

Гүлден Жылкелдінова,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының
Алматы облысы бойынша баспасөз қызметінің жетекшісі