ШАЛКӨДЕНІ ЖЕЛПІНТКЕН ҚУАНЫШ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 975
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы Тәуелсіздік күні мерекесі Райымбек ауданындағы Шалкөде ауылдық округі тұрғындары үшін ұмытылмастай болып есте қалды. Атап айтқанда, аймаққа қарасты Шалкөде, Талас ауылдарынан мереке күні қос спорт кешені ашылып, пайдалануға берілді. Шалкөде ауылында Райымбек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі филиалының спорт ғимараты есігін ашты. Талас ауылында спорт кешені игілікке айналды. Шалғайдағы ауыл спортын дамытуды, осы өңірде күнге қарай бой түзеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасауды ойластырып, қамдастырған азаматтар қандай мақтауға болсын лайық. 

Екі ауылдың әр жылдары қанаттанған түлектері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, өз қаражаттарымен спорт ғимараттарын ашуға күш жұмсапты. Талас ауылында ашылған спорт кешені бір кездегі мектептің жылыту қазандығы екен. Мектеп электр жүйесі арқылы жылытуға көшкендіктен ғимарат бос қалған. Осыны көре білген ауыл жастары ақылдаса келіп, ұрпақтың игілігіне асатын спорт кешеніне айналдыруды қолға алып, айналасы алты айда спортсүйер жас өркендерге тарту етті. Ал округ орталығы Шалкөде ауылындағы спорт кешені сол ауылдағы және өмір ағысымен жырақта жүрген перзенттерінің қолдауымен іргетасынан бастап заманауи үлгіде бой көтерген. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, қымбат та қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен тамаша жарасым таба астасқан қос қуанышқа, қос бірдей спорт кешенінің ашылуына Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев ортақтасып, ел мен жұртқа, өңір жастарына жылы лебіздерін жеткізді. «Қуаныш ұзағынан сүйіндіре берсін! Алдағы жылдары Шалкөде ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтетін болады. Ауылдық әкімдіктің жаңа ғимараты, Талас ауылынан фельдшерлік-акушерлік пунктін салу жоспарда тұр. Қос ауылға келетін жол толықтай жасалмақшы. Осынау Шалкөдедей киелі топырақтан болашақта олимпиада чемпиондары шықсын!» – деген аудан әкімі Жолан Омаров қайтадан шаңырағын көтеріп, бой түзеген Райымбек ауданында көптеген игілікті істің қолға алынып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Аудандық мәслихаттың хатшысы, өңірдің бір перзенті Ерлан Құдабаев, аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев ауыл тұрғындарына қуаныш құтты болсын десті. Ауылдардағы ақсақалдар алқасының төрағалары Нұрлан Әкімбаев пен Баудынбай Айтақынов ақ баталарын берді.
Жақсылыққа не жетсін?! Бүгінгі қуаныштың жөні бөлек! Тәуелсіз мемлекетіміздің тілеуі, тірегі, жүрегі болар жас ұрпақ үшін жасалып отырған қолайлы жағдайға қалайша қуанбассың?! Бір ғана Шалкөде ауылындағы спорт мектебінің филиалында екі жүзге тарта бала еркін күреспен, бокспен, дзюдомен алаңсыз айналысатын болды. Оларға Қуаныш Әбдірақыманов, Қайрат Үшқұлақов, Еңлік Сатыбалды, Медет Шалабаев секілді білікті, тәжірибелі жаттықтырушылар тәлім бермек. Қуанышқа ортақтасқан көпшілік Тәуелсіз Отанымыз ғұмырлы да тұғырлы болсын, балаларымыз спортпен айналыссын, олардың болашақтары баянды болсын деп тарқасты.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы