ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАҚЫРҒА ОТЫРҒАН БІР ТОП ТҰРҒЫН НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚТЫ

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 1429
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"QNET" компаниясына алданып, тақырға отырған Алматы облысының тұрғындары көмек сұрап, көшеге шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорған қаласынның орталығына жиналған жандар алданғандарын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына арыз-шағымдарын жеткізді. "Қаржылық пирамида" арқылы салған ақшалары еселеп қайтатынына сенген олар банктен несие алып, тіпті, дүние-мүлкін сатуға дейін барған.

- Мен таңқалам. Кредит шықпайтындарды өздері "Технодом" дүкеніне алып барып, зат алғызу арқылы ақша тапқан. Осы үшін күйеуіммен ажырасуға дейін бардық. Мына жиналғандарың бәрі менің күйімді кешкендер, - дейді Альмира есімді алданып қалған келіншек.

Алаяқтарға алданған тұрғындардың наразылығына Алматы облыстық полиция департаменті мен Талдықорған қаласының әкімдігі назар аударып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Қазір олар Алматы облысының полиция департаментіне арыз түсіреміз, халықты алдаған алаяқтар заң аясында жазасын алсын деген талап қойып отыр.

Еске сала кетейік, "QNET" халықаралық компаниясына қатысты дау бірінші рет шығып отырған жоқ. Көпдеңгейлі маркетингпен айналысатын компанияның орталығы Гонконг қаласында орналасқан. Олар құрған қаржылық жүйеге көбіне жастар, студенттер тартылып, еселеп табыс табуға қатысты жоспар құрады. Оның ішінде, белгісіз бір бұйым сатып алу, қарамағыңа тағы да адамдарды жинау арқылы табыс көзін өсіру секілді талаптар қойылады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы