СҮЙІНБАЙ АҚЫН МЕН ТЕЗЕК ТӨРЕ

Уақыты: 05.07.2021
Оқылды: 2176
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміздің тәуелсіздігі арқасында әбден мешеуленіп, басқа бағытқа бет алып кеткен рухани санамызға  оң  көзбен қарап,  өткен тарихи тұлғаларымыздың  өмірі мен өнегелі  ісін бұрмаламай нақты,  өз дәрежесінде жазып, көрсетуге  қол жеткізудеміз. 

Тіпті,  Сүйінбай ақынның  өзін кеңестік кезеңде кедей,  мал-жаны болмаған деп жазды. Негізінде Сүйінбай Аронұлы дәулетті де сәулетті, қазақ-қырғызда алдына жан  салмаған,  аспандағы құсты  аузымен тістеген өте ірі аруақты да ардақты ақын болған. 

Ал Сүйінбайдың Тезек Төремен айтысы, оған айтқан өлеңдері  ертеден белгілі. 

Тезек төре  Нұралыұлы Абылайханов (1821-1879) жайлы  да зерттеу, зерделеу жаңа-жаңа  басталды. Өйткені,  ол Шыңғыс хан тұқымы, Абылайханнан тараған Нұралы ханның баласы. Жетісуда сұлтан, хан болған атақты, өз дәуірінің ірі тұлғасы. Ел-жұртына  қайырымды, шапағатты, айтулы көсем, қырғыз-қазаққа билік  айтып, дау-жанжалдарды шешендігімен  кесіп,  шешкен  ел тұтқасы. Ол жайлы Ш. Уәлиханов, П. Семенов, Ә. Диваев жазбаларында, орыстардың  мұрағаттарында оң деректер бар. 

Тезек төреге патша өкіметі полковник шенін беріп, орден,  медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ал Қытай  мемлекеті үшінші дәрежелі «Тайджи» атағын  берді, бұл «кіші хан» деген арнайы белгісі болатын. 

Міне, сол аумалы-төкпелі, найзаның ұшы, қылыштың  жүзінде  тұрған сол заман өтінде қарамағындағы елі мен жері үшін  жанкештілік, қаһармандық көрсеткен оның игілікті ісін Сүйінбай, Түбек, Бақтыбай, Құланаян Құлмамбет, Егізбай және тағы басқа ақындар  жырына қосты, арнауларын арнады. 

Осы орайда ерекше атап өтер  жайт, Сүйінбай ақын мен  Тезек төренің бір-бірімен өте сыйлас, сырлас, дос-жегжат болғандығын біреу білер, біреу білмес. Тіпті, 1868 жылы патша  өкіметімен келіспеушілігі үшін Тезек төрені алты ай қамауға  алғанда  Сүйінбай  ақын Жетісудің  марқасқа, сөзін өткізе  алатын ел жақсыларын жинап, өзі бас болып, арызданып жүріп төрені  абақтыдан босатып алады. 

Сүйінбай  мен Тезек төре  арасындағы  қарым-қатынас, өлең-айтыстары жайлы кешенді, көлемді зерттеу жүргізу – өмір талабы. 

Биыл Тезек төре Абылайхановтың туғанына 200 жыл толып отыр. Осыған байланысты біршама игі шаралар өткізуді жоспарлаудамыз. 

Ал мына Сүйінбайдың бұрынғы жинақтарына енбеген, елге  белгісіздеу болып келген, Тезек төре 1879 жылы шілде айында қайтыс болғанда жан досы замандасын сағынып, жоқтаған жоқтауының екі нұсқасын жариялауды жөн көрдік. 

Бұл жоқтаудың бірінші нұсқасын Сүйінбай Тезек төре  шаңырағында  қаза үстінде  көңіл айтып,  атақты  да  аруақты,  абзал  ел төресінің  өнегелі  ғұмырын жан-жақты кестелі тіл,  кемел оймен жеткізе  жырласа, екінші  нұсқасын төрені жерлеп, молда құран оқып  біткен соң  бейіті басында дұға ретінде дін-ислам әдет-ғұрпымен жоқтаған. 

Сүйінбай мен Тезек төре екеуінің  арасындағы  достық қарым-қатынас, ақындық дәстүр, сол замандағы әлеуметтік жағдайлар жайлы болашақта талдап, таразылап, кеңінен  жазармыз. 

Соның алғашқысы ретінде  еліміздің  екі  алып,  ардақтысының  арақатынасын дәлелдейтін құнды жәдігерді «Жетісу» газеті  оқырманына  ұсынуды  жөн көрдік.

Тезек төреге арналған бірінші жоқтау

Сүйінбайдың Тезек төрені жоқтауының осы нұсқасы филология ғылымының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы құрастырған
«Тезек төре – ерек төре»
кітабынан алынды. 

Бісміллә деп бастайын, 
Әлхам сөре басынан.
Кәләм шәриф ішінде,
Әлиф ләм тұрар қасынан.
Хасиетлі сөре жоқ, 
Хазіретлі кісіңнен.
Мен жыламай кім жылар, 
Айырылдым теңдер асылдан.
Көкірегі гауһарым, 
Сөйлесе меруерт шашылған.
Үш қазақтың баласы 
Алдыңа келіп бас ұрған. 
Бірауыз сөз бұзбаған
Кәпір менен мұсылман.
Сыртынан ғайбат қылғандар,
Сөйлесе сасып қысылған.
Жүзін көрсе дұшпаны,
Жығылып мойнын ұсынған.
Ел шетіне жау келсе,
Ерлігін жаннан асырған.
Көрмесе бекер дер еді,
Кім жалған табар осымнан.

Жетім қалып жасында, 
Қайратымен ел алған.
Кәпірменен сөйлессе, 
Дін мұсылман бел алған.
Ақылын жаннан асырып, 
Патшадан үлкен шен алған.
Бір кісінің ерлігі 
Батырдан асып не болған.
Жердей басып дұшпанын, 
Әр алуан жол салған.

Ерсіз қалған ел-жұртың, 
Ақыл таппай қамалған.
Аруақтар жар болып, 
Болмаса медет бабаңнан.

Бес жасында хан әкем, 
Жетім қалған атадан.
Қызыр Ілияс жар болып, 
Қабыл болған батадан.
Алты жасқа келгенде, 
Тілін тартқан қатадан.
Жеті жасқа келгенде, 
Дамиын деп бата алған.
Сегіз жасқа келгенде, 
Ақ патшадан хат алған.
Тоғыз жасқа келгенде, 
Өз аузынан дат алған.
Он екі – он үш жасында, 
Бала жолбарыс атанған.

Он бес жасқа келген соң, 
Топқа барды тіл безеп.
Киім киді, бой түзеп.
Ат жалын тартып мінген соң,
Атанып еді хан Тезек.
Жұмыр басты адамға
Келедүр өлім бір кезек.

Жиырмаға келген соң, 
Аға сұлтан хан болған.
Ерлігі мен хандығы 
Есіткен жанға таң болған.
Жиырма бес жасында, 
Аты Алашқа даң болған.
Ауыздыға сөз бермей, 
Көз құтайды паң болған.

Отыз жасқа келген соң, 
Дабысын білді тірі жан.
Естімеген жоқ шығар, 
Кәпір менен мұсылман.
Алатаудай айбаттым, 
Сендей-ақ болар бір адам!
Тілеп пе едік біз мұны, 
Әр нәрсе болар Алладан.
Әулие еткен әнбие, 
Қай пенде қалды алмаған?

Отыз беске келген соң, 
Ұлы жүзді билеген.
Менменсіген адамды, 
Қамырдай басып илеген.
Кітаптан шыққан мағынадай, 
Топ ішінде сөйлеген.
Сүйегі қызған тұлпардай, 
Сөйлеген сайын өрлеген.
Қайыспас қара болатым, 
Дұшпанға теңдік бермеген.
Ердің құны болса да, 
Бір тиындай көрмеген.

Қырық жасқа келгенде, 
Аузына жанды қаратқан.
Шариғат жолын тәрік қылмай, 
Мұсылманға таратқан.
Төлеңгітінің біреуін, 
Мың кісіге балатқан.
Кім қалады жамағат, 
Өлім деген санаттан.
Қырық беске келгенде 
Ұлы жүзді билеген.
Елу жасқа келген соң, 
Залалы жанға тимеген.
Елу бес жасқа келген соң, 
Жамандық істі сүймеген,
Естіген елде жоқ шығар, 
Хан әкеме күймеген!
Елу тоғыз жасында, 
Сапар шекті дүниеден.

Жас күнінде биледі,
Албан менен Суанды.
Жарлығына көндірді,
Алматы, Қапал дуанды.
Теңдікке басы жеткен соң,
Бейшаралар қуанды.
Қоңыр қаз ұшып қу қонған
Дария көлім суалды.
Арыстаннан айырылып,
Артындағы ел қуарды.

Ақылымен биледі, 
Он екі ата Тарақты,
Айдаһарым, жолбарысым, 
Арыстандай талапты.
Ұлы жүздің баласын, 
Өзіне тегіс қаратты.
Жұрт иесі хан қылып, 
Құдайым абзал жаратты.
Қайратымен биледі, 
Шапырашты, Дулатты.
Сәрсенбінің түнінде, 
Жүректі құдай сұлатты.
Қыран менің хан атам, 
Артынан терек орнатты.
Не қылса да еркі бар, 
Асылмен жонып қырлатты.
Күмістен табақ жасатып, 
Неше алуан сырлатты.
Жоқты асырап тоқ қылып, 
Төңірегін қорлатты.
Арыстаннан айырып, 
Артында құдай шулатты.

Құдайым қалап бақ беріп, 
Есепсіз малды айдатқан.
Күрең белдің сазына, 
Биесін қатар байлатқан.
Жоқты асырап тоқ қылып, 
Өз алдына жайлатқан.
Қайсы бірін айтайын, 
Дұшпанның сорын қайнатқан.
Болмаймын деген қорқаудың, 
Артына қолын байлатқан.
Қаһары қатты хан әкем, 
Талайды ұрып жайратқан.

Аузын буып бураны, 
Буыршынға жаз қылған.
Іштен артық туғызып, 
Дәулетін шалқар көл қылған.
Ұлы жүздің баласы, 
Қысылғанда бел қылған.
Ел шабысқан іс болса, 
Бірауыз сөзін ем қылған.
Наушаруан Әділге, 
Әділетін тең қылған.
Түлкі асырап бөрі қып, 
Арыстанды жем қылған.

Айтқан сөзі кітапқа,
Мағына болған үлгілім.
Абақ-Тарақ баласы,
Артынан ерген дүлдүлім.
Көкірегі – ақыл, көңлі – хат,
Сайрап тұрған бұлбұлым.
Сүйенішім, мәдәрім,
Келер ме қайтып, бір күнің?!

Ерлігі асқан хан әкем,
Ұлықты кісі демеген.
Байлығының белгісі,
Күміспен суды бөгеген.
Ырысы асқан ер еді,
Тоқтысын қасқыр жемеген.
Арыстаным, жолбарысым,
Жалғызды көпке теңеген.

Қатарлы нарға жүк артып,
Серулеп жамбы теңдеген.
Айдаһардай айбаттым,
Шетіне дұшпан келмеген.
Өз райы болмаса,
Дұшпанға досын бермеген.
Мың қат шүкір қазаға,
Адамзат бар ма өлмеген.?

Емінханмен достасып,
Жаңжұңнан үлкен тас алған.
Қытайдың торғын, маңлұғын,
Есебі жоқ бос алған.
Жарығым патша жандарал,
Айтқан сөзін қош алған.
Кедейі байға теңеліп,
Жанындағы жасарған.
Қорқағы ерге теңеліп,
Ерегессе бас алған.
Қайыспас қара болатым,
Дұшпанға болмай қасарған.

Орыс пен Қытай ұрысқанда,
Ерлігі асқан қолбасым.
Колпаковский жандарал,
Бірге жүрген жолдасың.
Қос мұрынды соғыста,
Кезек тігіп ордасын.
Жігіттерге үлесті,
Қытайдың жүйрік, жорғасын.
Қытайды жеңіп қашырды,
Аруақты болғасын.
Ғафу қылған қатасын,
Асылық сөзім болмасын.
Сүйенішім, мәдәрім,
Артыңды құдай оңдасын.

Әулиеата, Шымкентке,
Орыстың қолын бастаған.
Қаптап келген көп жаудың,
Алдын бөгеп қашпаған.
Аһаласып келгенде,
Біріне-бірін қоспаған.
Қолынан сүйіп жандарал,
Алтыннан берген тостаған.
Арыстан туған хан еді,
Ерлігі жанның аспаған.

Арғы атасы хан Шыңғыс,
Сағымнан болған хан еді.
Ерлігі жанға таң еді.
Дәулетінде әкемнің,
Күң-құтаны паң еді.
Дұшпандарға айбыны,
Алатаудай бар еді.

Беріпті атасы Абылай!
Үш жүздің ұғлын билеген.
Әділетпен ел сұрап,
Жамандықты сүймеген.
Торғыннан басқа нәрсені,
Тон екен деп кимеген.
Қарсылық қылған адамды,
Қамырдай басып илеген.

Ұлы жүзге хан болған,
Әділ еді бабасы.
Құдайым артық жаратқан,
Нәсілді ханның баласы.
Қайран менің хан әкем,
Ақылдының данасы.
Дәулеті толып кернеген,
Текті елдің баласы.
Бетіне таңлақ тимеген,
Адамның артық сарасы.
Осындай абзал туғызған,
Құдіретін хақтың қарашы.
Қос өкпемнен тиген оқ,
Өлгенше бітпес жарасы.
Жесір қатын, жетім ұл,
Құдайым болғай панасы.

Бекер демес бұл сөзді
Көзі көрген мұсылман.
Осы күнде біз болдық,
Әр нәрседен қысылған.
Неткен сорлы маңдаймыз,
Дәулет құсын қашырған.
Байлар да өтті дүниеден,
Жердің жүзін жасырған,
Батырлар өтті дүниеден,
Ерлігін жаннан асырған.
Патшалар өлмей қалған жоқ,
Жанның бәрі бас ұрған.
Не боларым белгісіз,
Айырылдым гауһар тасымнан.
Үмметім деп Мұхаммед,
Орын бергей қасынан.
Ел иесі хан қылып,
Жаратқан құдай басынан.
Абақ пенен Тараққа,
Аузынан жарлық шашылған.

Тезек төреге арналған екінші жоқтау
Әбубәкір Диваевтың «Тарту» атты кітабынан.
(Құрастырған Флора Оразаева) Алматы: Ана тілі, 1992

Бастайын ағузы билләдән,
Қиіңіз киім хұлләдән.
Хақ сардары Мұхаммед,
О дағы өткен дүниеден.
Минәл шайтан иражим,
Аулақ қашсын шайтан - жын.
Сүйенішімнен айырылып,
Зығырданым болды құм.
Җаңылмай сөйле тіл мен жақ,
Қыз - келінге келді сын.
Бісміллә дейді сөз басын,
Қайғымен аққан көз жасым.
Жерге де қияр ер ме еді,
Қайран да басын хан басын.
Рахман рахим бір құдай,
Батты толып туған ай.
Хан әкемнен айырылдық,
Қайтерміз жұртым ойпырмай.
Қалимай шаһадат,
Ғаріпке қылған сахауат.
Зал патшадай көп жасап,
Кім өлмейді жамағат.
Лә илаһа илла алла,
Адасып қалдық біз мұнда.

Несіп болса көрерміз,
Мақшардың күні болғанда.
Құдайдың үлкен әр ісі,
Мұхаммед хақтың нәбисі.
Сабырлық қылып отырған,
Солардың қалып бабасы.
Хасан менен Хұсайын,
Жылауға сізді қосайын.
Шәһәрбану күйінген,
Мен соларға ұқсайын.
Құранның отыз парасы,
Қөзімнің ақ пен қарасы.
Иманды өткен хан әкем,
Адамның еді сарасы.
Сөзің теріс демеді,
Үш қазақтың баласы.
Аспаннан түскен төрт кітап
Айтайын жұртым енді атап.
Ғафу етіп күнәсін
Рахым қылғай жалғыз хақ.
Көздің жасы көл болар,
Хан әкемді ойласақ.
Асқар тауым басылып,
Ағын дариям су алып,
Басымнан ұшты берген бақ.
Мұсаға түскен Тауратты
Оқыған ерте ауратты,
Ағайын ел-жұртын аямай,
Тәңірім өзі зарлатты.

Дауытқа түскен Забурды,
Қасіретпен халқың сабылды.
Тәрбиесіздей кем қылар,
Қараң қалған ауылды.
Бір күніне зар қылдың,
Ағайын туған бауырды.
Інжілді Гайса оқыған,
Көңіліне жаз деп тоқыған.
Мың қат шүкір аллаға
Мансабы асты халқынан.
Құранды алған Мұхаммед,
Сиынар оған барша үммәт,
Қөпірінен сираттың,
Өткізгәй тәңірім саламат.
Халық бұзылмай тұра ма,
Патшадан кетті әдәләт.
Пірлерден кетті карамат.
Хүкім келсе алладан
Бендесі бар ма алмаған.
Нәмруд отқа салғанда,
Ибраһим Жәлил жанбаған,
От ішінде сәжде қып,
Достығынан танбаған.
Тахыт Сүләймен патша өтті,
Тахтымен ұшып парлаған.
Зұлқарнайын ол да өтті,
Хандыққа іштен арнаған.
Нұрмұхаммед Мұстафа
Баршаға үммәтін қолдаған.

Ата-анасын тілемей,
Үммәтім деп зарлаған.
Қаһарман өтті дүниеден,
Дәу періні қармаған.
Ан хазіретім Хабиби
Махшар күні зорлаған.
Ғаси Жыфи біздерді,
Жанған оттан қорғаған.
Баяны жоқ сұм жалған.
Соларға жолдас болмаған.
Тумақ - сүннәт, өлім - хақ,
Тірі жан өлмей қалмаған.
Үш мың үш жүз жыл жасаған,
Лұқпан хакім де өткен.
Мәрсил нәби пайғамбар
Бұл дүниеден бәрі өткен.
Мың кәпірді бір шапқан,
Хазіреті Ғали де өткен.
Шүкір тәубе қылайық,
Өткенді қуып кім жеткен?

 

Нағашыбек Қапалбекұлы, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері