«БӘЙШЕШЕК» АТТЫ ТАҒДЫРЛЫ ТУЫНДЫСЫН ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

Уақыты: 04.07.2021
Оқылды: 1922
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бас-аяғы жинақы шығарманы көз аудармастан бір демде оқып шығасыз. Өйтпеуге лажыңыз да жоқ. Себебі хикаяттың бас кейіпкері Жәмиләнің өзі, бар оқиға қаршадайынан күрделі кеселге душар болған өзінің атынан баяндалады. Бір бөлімнен екіншісіне ауысқан сайын сырқаты енді қашан жеңілдейді екен, айығады екен, қарғам-ау, қашан шыбын жаның жай тауып, ұйқың тынышталар деген ақ тілеудің үстінде отырып, соңғы жадыраған, жайнаған жеңісті сөйлемге қалай жеткеніңізді аңғармай да қаласыз. У-у-ух, дейсіз! Төрт құбылаңыз мыңсайрам гүлге, әсіресе өзі айрықша жақсы көретін бәйшешекке толып шыға келеді! Сол жүрек тербер гүлдердің ортасында киелі сөз құдіретімен нұрлана құшағы гүлге толған, жүзінен гүлді ғұмыр ескен Бәйшешек-қыз, төтенше дерттен құлантаза айыққан қыз – Жәмилә Бақтиярқызын көрер едіңіз!

Шығармада да атап өтілген, Талдықорған Жәмиләнің отбасы үшін ыстық мекен. Бұл ара нағашы ата-апасының, анасының қара жұрты. Оның үстіне автордың әкесі – елімізге кеңінен мәшһүр Өнербаевтар әулетінің бел баласы Бақтияр Өнербаев Алматы облысы әкімінің орынбасары, бұдан соң Текелі қаласы әкімі жауапты қызметтерін абыройлы атқарды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, Бақтияр Әлтайұлын бұл өлкеде жақсы көрмейтін жан баласы жоққа тән. Бәкеңнен қызымыздың сырқаттанып жүргендігін естігенбіз, кейін сауыға бастағанын білгенде жұртшылық болып қуанған едік. Бүгінде Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін көңілдегідей тәмамдап отырған Жәмиләның тырнақалды өлеңдері мен мөлдір мақалаларын ғасырдан асқан облыстық «Жетісу» газетінде жарастыра жариялағанбыз. Сол себепті де, осынау отбасы мерейінің өсуі, Жәмиләнің сауығып, арман қанатында самғауы – жалпы Жетісу жұртшылығы үшін де абырой деп ұғамыз! 

Енді «Бәйшешек» деп аталар шығармаға ден қоялық. Жәмилә достық пен адалдықтың, сенім мен тазалықтың, жақсылық пен үміттің символына айналған бәйшешек гүлінің пайда болу тарихына тән әдемі аңызды тілге тиек етіп алады алдымен. Бұдан кейін кішкентай қарғамыздың он жыл көлемінде басынан өткерген ұйқысыз-күлкісіз, азапты күндеріне дендей бересіз, дендей бересіз. Жалпы, әлем әдебиетінде, оның ішінде қазақ әдебиетінде де өзінің ауыр сырқатынан қалай айыққанын арқау еткен қаламгерлер еңбектері баршылық. Бірақ, солардың бәрі дерлік ересек адамдар басынан өткен оқиғалар негізінен. Ал енді шынашақтай балғынның сол емделіп жүрген шақтың өзінде бозторғайдай шырылдай ақ қағазға түсірген ілкімді ой, салмақты пікірлерін оқығанда терең толғаныс толқындарымен алысып, бірге қиналып, алғы күндерге бірге талпынасыз. Ботақанның күйіне түсіп, деміңізді ішке тарта шипа тілейсіз. Көз жасыңызды көп шылай отырып, соңында аяғынан тік тұрғызған Алланың құдіреті мен ақ желеңді абзал жандарға мың қайтара алғыс айтасыз! 
Сонымен тағдырлы туынды былайша бастау алады:

«Әкешім, анашым, неге мен? Не үшін?... Қараңғылық. Жалғызбын. Жадымда сақталғаны осы ғана. Біраз уақыт өтіп, қайта ояндым. Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ашытқан дерт бір сәтте ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейтін, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміттердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдардың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жүректер: “Өмір сүргім келеді” деп баяу болса да, үзіліссіз соқты. Бұл жер – жансақтау бөлімі еді».

Оқиғаның бірте-бірте шиеленісе берерін көңіл терезесінен көріп тұрсыз. Оқырман ретінде қайткенде де, бір жағынан шығысып, жаныңызды сала жәрдемдескіңіз-ақ келеді. Амалыңыз жоқ. Автордың дегеніне көнесіз. Ал автор болса, сырқаттың дегеніне неге көнуім керек, деп қараңғы бөлмеде арпалысып жатыр! Ботам-ай, дейсіз іштей күбірлеп. Балапан жолдарға қайта үңілесіз. Сіздің ойыңызды сезіп қойғандай, Жәмилә Бақтиярқызы былайша сабақтайды хикаят желісін. «Осындай күйде жатқанда уақыт баяу жылжиды ғой. Ойланып та, жылап та, күрсініп те, тіпті күліп те үлгересің. Сондағы ойым: осындай жағдайға қалай түстім, ақ-қарасы таласқан ғаламат әлемнен хабары жоқ ойын баласы едім ғой. Қалайша? Санамда елес болып қалқыған ойларды жинақтап, өткен-кеткеннің бәрін еске түсіре бастаппын...».

Мынау жайнаған әлем, бір сәттік ақ сәуле үшін күреске түсер балапан-жүрек баянының бастауында тұрсыз. Авторға құлақ асалық. «2010 жыл. Қыстың ызғары сүйегімізден өтіп барады. Қара жер көз аштырмайтын аппақ қармен жамылып алыпты. Менің туған күніме дәл осындай мамық әрі мақтаға ұқсас қардың жауғаны әкемнің тілегі еді. Жаңа жылдың қарсаңында дүниеге келген мен, әр туған күнімді тебірене қарсы алатынмын. Қос мейрам сыйлайтын қуаныш жүрегімді толқытып, шынайы бақытқа бөлендіретін. Ал биылғы туған күнімді өткен жылдардан ерек, тағатсыздана күттім. Себебі ата-анасының көз қарашығы – Жәмилә он жасқа толады. ...Бірақ дәл бір жылдан кейін менің мүлдем басқа адамға айналып кететінімді кім біліпті».

Ауыз әдебиеті ежелден бай біздің халқымызда ертегінің небір түрі бар. Басты кейіпкерлері әдепкіде сыртқы күштердің салдарынан қандай ауыртпалықтарға, қыспақты шақтарға душар болса да, түбінде жамандық атаулыны жеңіп, күндей жарқырап ел-жұртымен қауышып жатады. Жәмиләнің арпалысты жылдары да тура сондай жолды қайталайды. Бірақ, бұл ертегі емес, мынау бейбіт заманның ақиқаты еді. Сондықтан да, береке-бірлігі жарасқан отбасындағы үлкен сынақ соңының сәтті аяқталғандығын жан-тәніңізбен жүрегіңіз дүрсілдей қалайсыз! Келесі бір үзіктегі: «Айналамдағы заттардың барлығы екеу болып көрінетін, басым оң жаққа қисайып, көзімнің қарашығы жоғары қарай көтеріліп кетті. ...Ойым шатасып кетті. Иә, мектеп баяғыда ұмытылған әңгіме. Қазір маған бір күндік өмірден артық ешнәрсенің де керегі жоқ. Өлім жайлы ойлағым келмесе де, ойлаймын» деген баяндауға жеткенде тіптен дегбіріңіз кете бастайды! Өмір мектебінен асқан данагөй жоқтығына қайталай бас иесіз.

Осындай әрі-сәрі күйден бас көтере алмай тұрғаныңызда автордың өзінің көмекке келмесі бар емес пе! Әркім өмір қиындықтарын өзі жеңуге тиіс. Өмірдің мәні де тура осы арада. Адамшылығың, тәлім-тәрбие, тіпті тектілігіңнің де тайталасқа түсер мезгілі бұл, деген ауанда оқырманды бір желпіндіріп тастайды.«Өміріме деген ынта менде де бар еді. Өйткені мен бала едім. Бала жаста біз өмірге өзгеше қараймыз. Сенім, үміт деген үкіленген сезімдер бізді алға қарай жетелейді. Ал есейе келе олардан алыстап кетеміз. Мен ауруыма жеңіл қарадым, оны қабылдадым, жақсы көрдім және күрестім. Осыдан болар, кішкентай бөбектер мен жастар үлкендерге қарағанда дертті тезірек жеңеді. Себебі біз бала жаста жанымыз қиналса да уайымға салынбаймыз».

Дұрыс айтасың, Жәмилә! Өмір жолы – төзім жолы.Ұтқаныңнан ұққаныңның көп болғандығы қандай ғанибет мынау жалғанда! Өмір сені ерте есейтті, көлденең сырқат барысында. Алайда сен жарық дүние үшін табандылықпен күресіп қана қойған жоқсың, бастан кешкеніңнің бәрін үлкен адамдардай саралап, әр күрделі сәттің тиімді мүмкіндігін қарастыра білдің, әрі оны ерлікпен пайдалана да білдің! Өзің ауызыңа жиі алатын Жаратқанымызға сендің, әке-шеше, ет жақын, барша жұртшылықтың ақ тілеуінің қайтарымына, ең бастысы, өзіңе сендің! Иә, өзіне сенген жан өзгелерді де сендіре біледі. Сен соның жарқын үлгісісің, қалқам!

Жәмилә, қарғам, байқайсың ба, сен осы арпалысты кезеңде тұлға ретінде жан-жақты толысып қана қойған жоқсың, әуелі философ болып кеткендейсің! Мәселен, кітаптың бір тұсында: «Қарап отырсақ, кейбір адамдар өмір бойы осы қу ақшаның ізін қуып, байлықтың басқа түрін ұмытады. Құдайдың адамға берген барлық несібесі байлыққа жатады. Дүниеде жаман адамдар жоқ, тек қара ниеттер мен арам мінездер бар. Әр адамның жүрегінде бір сұлулық бар деп ойлаймын. Себебі ол жүректі Алла жаратады» деп терең иірімдерге тартасың бәрімізді.

Осы арада өз тұжырымыңды қалайша жатық жет-  кізгенсің. Алланың адамды ерекше махаббатпен жарататындығы шындық. Отбасы, мектеп жасына дейінгі мекемелер мен орта мектеп, орта және жоғары оқу орындары, жүрген ортасы, еңбек орыны, міне, осылардың барлығын тәрбие ошақтары десек, сол жүйенің бір буынынан кінәрат кетіп тұрғаны хақ қой. Дұрыс аңғарып отырсың, әр пенденің бойында бір сұлулық бар. Бастысы, соны көре білу керек-ау, өзің секілді. Мұндайда Абай хакім: «Жүректе айна жоқ болса, сөз болмайды өңгесі» демеуші ме еді! Әрине, жүректің айнасына жарық әлемдегі ақ та түседі, қара да түседі. Мәселе – соны ажырата білер, ақты ақ деп, қараны қара деп бағалай алар көкірек көзінің ояулығында болса керек! 

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дамытуға, өте-мөте отандық патриотизмді күшейтуге басты мән беріп отыр. Осы тұрғыда мың-сан лекция оқығанша жастарға сенің «Бәйшешек» кітабыңды мұқият оқытып, талқыласа жетіп жатыр, дер едім. Құдай-ау, өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатып, елі мен жерін, туған халқын ауызынан тастамайды біздің Жәмилә! Тағы да сол ұлы Абайдың: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек» деген мәңгілік қағидасы көңілде көктем атады. Мүбәда, Абай атасы мына өмірімізге қайта оралып жатса, біздің Жәмиләмыздың түйсік-танымына қандай шат-шадыман болар еді, маңдайынан сүйіп! Себебі ауруханада шыдамды қызымыздың кішкентай жүрегі әлсіз соғып жатқанымен асқақ сезімі аспандап тұрды! Әйтпесе, былайша толғанбас еді ғой. «Менің қаным да, жаным да Қазақ. Бойымда тағдырдың талай сын-соқпағына төтеп берген, көрген қайғы мен қасіретін құрсағындағы сәбиге рух етіп аманаттаған халықтың қаны бар. Ал кіндік қаным тамған қасиетті топырақта аты мәңгі өлмес ұлы халқымның зары бар. Басыма түскен сынақта ұлы далам да, қайғы араласқан қан жұтқан кең даламды шуағымен әлдилеген алтын күнім де, көз жасын көл-көсір етуден шаршаған алып аспаным да көмектесті.“Не болса да, бұл ауруды жеңемін де, халқыма пайдам тиетін азамат боламын” деп, әлсіз денемді көтеруге тура келді. Бойыма осындай мықты рух қондырған қаныма да, жаныма да, қазағыма да ризамын!».

Және бір арман қанатында қалықтаған сәулелі шағыңда былайша ағыңнан жарылыпсың. «Сол кезде төсекке таңылып жатсам да, елімнің игілігі үшін еңбек етуді армандаушы едім. Болашақ мамандығымды да осы оймен байланыстырып, журналист боламын деп бала кезімнен-ақ кесіп айттым. Бала қиялыммен журналистерді басқаша елестететінмін. Менің ойымша журналист – қиналған адамдарға медеу болатын маман иесі еді. Ал бұл мамандықтың тізгінін ұстау өте жауапты іс екенін, тұңғиығын қанша көздесең де жете алмайтыныңды кейін білдім». Ал енді бұл сырың біздерге, журналистерге, әсіресе өзіңнің жауқазын жырларың мен тырнақалды мақалаларыңды қалың оқырманға алғаш ұсынған «Жетісу» газеті қызметкерлеріне аса қымбат. Журналист болу – өзің түйсінгендей жауапты міндет, биік абырой! Өмірлік мамандық – өміріңе айналады! Ұзақ жылдарғы бай тәжірибемнен ұққаным, жақсы журналистен бұрын сен сияқты елін, жерін сүйетін, ағынан жарылып сөз ұстар ақдидар азаматты қалыптастыру шарт. Ал мұндай туған қоғамының алып ғимаратына кірпіш боп қаланар тұлғаны отбасында алдымен ата-анасы қалыптастырар еді. Кәсіпке баулу екінші кезектегі шаруа. Өйтпейінше дипломнан қайыр жоқ.

Өзің қабырғасында оқыған әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте мен де оқығанмын.Тәмамдаған кезімде:

Тілшімін мен – үнімін тіршіліктің,
Мақпал бетке тігілген бір шыбықпын.
Ақиқатты айта алдым, арға балап,
Көп түтінге жүрсем де тұншығып мың
, – деп басталар өлең өргенім бар. Ақиқатты тура айтып, кесіп тастау қай заманда да оңайлыққа соқпаған. Ал енді сол асқақ арман ала қашқан албырт шақта от боп жанып, жалын боп лаулай алмасақ, нендей күй кешкеніміз. Мұндайда атамыз қазақ «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмассың» демей ме? Журналистке, жалпы шығармашылық адамына аса қажетті басты қасиет – ақ сөйлеу, ар-ұятыңның алдында адал болу. Көптеген кәсіби білікті әріптестеріміздің аққан жұдыздай жалт етіп, өше беретіндігінің басты себебі осында деп білгейсің. Бұл биіктіктен келгенде, Жәмилә, алған тәлім-тәрбиең де, асыл арналы ата-бабаларыңның үлгісі де тоғысып тұр. Ешкімге дес бере қоймассың. Шығармашылықтың шырайлануына келсек, тырнақалды дүниесін осындай бітімі бөлек, жүрек қылын тербер туындыдан бастаған жанның келешегі кемел шығары арғы-бергі тарихта талай бедерленген.
Және бір назарыңа алар қағидат. Өмір жолыңда, әсіресе кәсіби қызметің барысында өз кінәсін өзгеден көріп, жақсылықты көре алмай, оңды сөзге көне алмай жүретіндерді біраз ұшыратасың. Мұндайларды елемей, елдігімізді мүсіндей бергеніміз абзал. «Бірдің үлгісі – мыңға» деген, тәуелсіз еліміз Көк байрағының көкте самғауын өз ғұмырының басты мәніне балап, келешек үшін бойындағы барын салып жүрген маңдайы жарқыраған жасампаз жандар жетерлік! Соларды бейбіт күн айдынындағы тыныс-тіршілігі үстінде асқақтата насихаттай білсек, ұтқанымыз. Сүйенеріміз де солар! Және өзіңнің оларды жаңылмай табарыңа бек сенеміз!

Аурухана мен үйдің арасында өткен он жыл ішіндегі тауқыметтеріңді көркем тілмен қаз-қалпында суреттеп бергеніңді орынды деп есептейміз. Біріншіден, іштегі шер сыртқа шықса сейілер. Екіншіден және ең бастысы, бұл замандастырың ғана емес, үлкендерге де өмір сабағы, асқан төзімділік пен адамшылық белгісі. Уайымсыз-қайғысыз, мектепте үздік оқып қана қоймай, домбыра шертіп, термелерді тебіренте орындап жүрген талдырмаштың осындай тағдыр сынағына тап болуы, барлық жасалған ем-домды көріп-біліп отыруы, тіпті жансақтау бөліміндегі аянышты көріністердің де жас жүректе жатталып қалуы айтуға ғана оңай дүние. Өте сирек кездесетін сырқаттың диагнозын қоюдың өзі қиямет-қайым. Астаналық өз ісінің білгірі Алма Сейдуалиқызы Жүсіпованың он минуттың ішінде екі жылға жуық созылған сырқаттың нақтылы диагнозын иммунитеттің кері жұмыс жасауынан бұлшық етті әлсіретіп жіберетін “миастения” деген неврологиялық ауру деп қойып беруі ғажап оқиға! Мұны енді қол бұлғаған жеңістің алғашқы баспалдағы десе де болғандай. Дүниеде ең қиыны нендей кеселмен күресіп жатқандығыңды біле алмау азаптың-азабы ғой. Бір жақсы жері, тұқым қуаламайды екен, алайда адам ағзасында ойламаған жерде, кез келген уақытта орын тебетін дүние көрінеді. Бетін әрі қылсын, әрине.

Ақтық операцияға Астанадағы қолында жоғары билігі бар жақсы адамдардың арқасында Оңтүстік Кореядан бір топ дәрігердің арнайы ұшып келуі, оның сәтті өтуі, Талдықорған шаһарында орта мектепті алтын белгімен аяқтап, университетке түсіп, ойдағыдай аяқтауы, 2020 жылғы қараша айының соңында дәрігердің «Сен толық жазылдың!” деп қуантуы, өзі бейнелегендей «Ертесіне Жаңа таң. Алаңсыз таң. Ақ таң. Жеңіс таңының» атуы – бәрі-бәрінің де Жәмиләнің қиялымен салған суретіндегідей өрістеуі кездейсоқтық деп айта алмайсыз. Алланың қалауымен жүзеге асқан айтып жеткізгісіз бақыт! Қарап тұрсақ, бақыт дегеніміздің өзі бар мен жоқтың арасы ғой! Мұны басқа-басқа, біздің Жәмилә жүрегінің ішіндегі жүрегімен түйсінеді. Сол түйсігінен туған мына бір жолдарға ден қойыңыздар. «Ота күрделі болғанымен, өте сәтті болды. Біраздан соң көзімді тағы бір ашқанда терезенің арғы жағынан ай көрінді. Қадыр түннен басталған менің жаңа өмірімнің жаңа айы... Аспан әлеміне сән келтірген нұрлы ай мен сансыз жұлдыз маған қарап күлімсіреді сол түні. Жиырма үшінші маусым – менің екінші туған күнім. Иманға, бақытқа, махаббатқа, нұрға толы өмірімнің алғашқы түні...».

Жәмилә, сен хикаятыңда Талдықорғанды ыстық сезіммен еске аласың. Иә, өмірге осы киелі мекенде қанаттанып ұштың. Ауырғаныңа қарамастан қатарларыңнан қалмай білім нәрімен сусындадың, әрі айтулы нәтижеге қол жеткіздің. «Талдықорғандағы мектепке екі жыл бойы үзіліссіз бардым. Он жеті жасым мен үшін ең керемет сәттерден тұрды. Бақыттан жүзім бал-бұл жанатын. Уыстап дәрі ішсем де, үнемі системаның астында жатсам да, әлі де әлсіреп қалсам да, мұның ешбірі бақытыма кедергі бола алмады. 

Сағат кешкі тоғыз. Бірер минуттан соң менің аты-жөнім аталып, Алматы облысының әкімі – Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қолынан “Алтын белгімді” аламын. Сахнаға қарай шығып барамын. Қанша жадырайын десем де, дәл сол сәтте көз жасымды ұстай алмадым. Жеті жылдың ішінде жүрегіме жинала берген жасым ағыл-тегіл төгілді. Дірілдеп әрең дегенде сахнаға көтерілдім. Жеттім. Алдым. Түстім. Амандық Ғаббасұлы да сезген болар, мені барынша қолдап, суретке түскенде де құшағына басып, ілтипатын көрсетті». 

Ерлік дегеніміз осы! Жастардың бар борышы, терең білім, саналы тәрбие алу десек, әр минут, сағаты салмақты дертпен тайталас үстінде өтіп жатқан Жәмиләның білімнің шырағданын жарқырата “Алтын белгіге” ие болуы үлгі атаулының төресі, жасампаздық көрінісі!

Жәмилә, айналайын, сенің ата-анаңа деген шексіз махаббатың жайлы ерекше тоқталғым келеді. Кітабыңда өзіңнің қасыңда күндіз-түні қолды-аяққа тұрмай құрақ ұшып, шарқ ұрған әкең Бақтияр Әлтайұлы мен анаң Ғалия Әбіләзісқызы туралы сондай тебірене, зор сүйіспеншілік, бөлекше құрметпен жазасың. Расында да, «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман» деп Қорқыт бабамыз айтпақшы, әке-шешең тәлімді де өнегелі жандар. Барға аспаған, жоққа жасымаған. Құстың ұясындай жылы отбасы иелері. Мейірімді де қайырымды. Сондай отбасынан ғана өзіңдей өрелі де тағылымды перзенттер шықса керек. Біз екеуін де жақсы білетіндіктен ақ лебіздеріңе шек келтірмедік, сенімен бірге оларға амандық тіледік, алғыс жаудырдық. Өздерімен тезірек жүздесіп, бар сәттіліктерімен құттықтағымыз келді. Балапанын қорғап, сақтап қалу үшін шыр-шыр ете қанат қаққан қос қарлығашты көз алдымызға елестеттік. Шындық қой, қай ата-ананың болмасын бауыр еті балаларының жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай тырбана жүріп төгер мейірімінде шек жоқ, өмір сапарында осы орайда тартар теперішін көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Қалай десек те, бұл жолғы сенің ата-анаңның күрескерлігі мен табандылығы өзгелерге үлгі дер едім. «Маған ілесіп әкем мен анам кірді. Сол сәтте олардың дірілдеген үнмен айтқан сөздерін де, суық жүздерінен білінген сезімдерін де ұмытыппын. Жадымда сақталғаны – әкем мен анамның отаға менімен бірге кірген жүректері...». Бұл отаға дайындалып жатқан сәтіңнен алынған бір үзік қой, Жәмилә. Айтары не, екеуінің де шығарда жаны жүрді, сеземіз. «Менімен бірге жүректері кірді» деп дәл суреттегенсің. Керек етсе, екеуі де сол жүректерін сен үшін алып беруге де даяр еді ғой!

Ананың басқан жерінде пейіш бар көрінеді. Ақ жаулықты ананың баланың өсіп, өну жолындағы атқарар міндеті үлкен бір қағидатты мектеп. Оны аяулы да ардақты аналар ғана саналы түрде ұғынса керек. Сол ана жүрегінің жылуын балдырғанның кішкене кезінен сезініп өсуі үшін қаншалықты зор махаббат, адами көркем қалып керек десеңізші?! Бұл ақиқатты, Жәмилә, сендей-ақ сезінсін дер едік, бүгінгі өскелең балалар. Хикаятыңнан дәлелімізді алдыға тарталық. «Ана – неткен ұлы сөз. Әсіресе қыз баланың өмірінде ананың орны айрықша. Өмір анадан басталып, анамен жалғасады. Әлсіздік он екі мүшемді басып, қатты қиналған кездеріме ең көп куә болған анам еді. Жиырма төрт сағат жанымда. Қасымнан бір адым аттаса перзенті үзіліп қалардай күй кешеді. Әлсіздігімді, жанымды удай ашытқан дертті анама көрсеткім келмеді». Ауырып жатқан бала туған анасын бұдан аса қалайша түсініп, қалайша бағалай алар деген ақ самал ой оралады осындайда.

Жәмилә, үлкендер көбіне жақсы бала ойлағыш, жаман ойнағыш, деп жатады. Менің пайымдауымша, мұның бәрі адамның тегі, генімен келетін секілді. Үлгілі отбасында тәрбиеленіп, жақсы тәлім алған қаншама балалар теріс жолға түсіп, отбасына да, мемлекетімізге де қыруар зиянын тигізіп жатыр. Кейбірінің екі-үштен дипломы да бар. Ертеде де, қазір де көптеген жандардың текті әулеттермен құдандалы болып жатуының түпкі мәні де осында, әрине. Мұнымен айтайын дегенім, қалқам, сен бүкіл қазақ елінің төбе биі атанған Төле бидің ұрпағысың! Ендеше, хикаятыңа ден қоялық. «Өз жұртым да, нағашыларым да мені қатты жақсы көреді. Біздің әулет тамыры тереңге тартқан үлкен бәйтерек іспеттес. Қаншама бауырларым бар, шүкір. Сол күні мен үшін барлығы дұғада болды. Осы күресте көмек болған қасиетті жерімнен, отбасымда түлеген жылулықтан бөлек тағы бір күш бар. Бұл күш бойымдағы қан еді. Ғылымда ген, яки тектің адам тағдырына әсері баяғыда дәлелденген. Сегізінші бабам – қазақтың Төле биінің және барлық ата-бабаларымның қолдауымен осы сынақтан құламадым деп сеніммен айта аламын». 

Өзің рухтана есімін атаған Төле би бабамыздың жетінші ұрпағы – әкең Бақтияр Әлтайұлы Талдықорғанда қызмет еткенде ел-жұртымыз тектінің ұрпағы қаншалықты өрелі де  қарапайым, ақылды да парасатты болатындығына әбден көз жеткізді. Сол әкешің туралы жүрек толқынысыңа зейін қоялықшы енді. «Маған нәсіп болған өмірдегі ең бір үлкен бақ – әке махаббаты.Мұндай сезімді ешкімнен көрген емеспін. Арамызда он сегіз мың ғаламға сыймайтын үлкен байланыс бар, әкем бұл тылсымды махаббат деп атайды. Мені еркелеткеніне, шексіз сүйгеніне, маңдайымнан иіскегеніне, күн сайын айтудан жалықпайтын тәтті сөздеріне қанып өстім. Әлі күнге дейін шашымды кептіріп беретін де, кейде әдемі әңгімесімен ұйықтататын да, аяғымды уқалап, ханшайымға балап, маған қызмет ететін де осы кісі. Әлемдегі барлық әкелер менің әкемдей болса – қоғамдағы әйелдерге түсетін салмақ та, кемсіту де, басқа әділетсіздіктер мен жат қылықтар да жойылып кетер ме еді?». Біз де бұл балалық үніңе қол шапалақтай қосыламыз! Тал бесіктен тәрбие тағанын берік бекітіп, тіні мықты, рухы асқақ бүлдіршін баптаған әкең мен анаңның еңбегі теңдессіз! Мынау жарық дүниеде бала үшін ең қымбат жан да – ана мен әке! Ана мен әкені Алла тағаланың өзі жоғары дәріптеген. Баса мән берген.

Жанымызға шуақ боп құйылары, Жәмилә Бақтиярқызы туындысының мазмұны соншалықты ауыр бола тұра жеңіл оқылып, көкейге бірден қонақтай қалатындығы. Тек қиялдың жемісіндей тізіле салған дүние болмағандықтан солай шығуы да заңды. Әйткенмен, автордың баяндауындағы бүкпесіз ашықтық пен стиль жатықтығы, алғы күнге жетелеген ақжарма сәуле мен алғаусыз көңіл төрінде көмкерілген балдырған көркемдік, өзіне ғана тән қолтаңбасын тайға таңба басқандай айшықтайды. Ертең кітап күйінде басылып, интернет желісіне тарала қалса, ақын ағасы Ақберен Елгезектің жастық шағында жазған “Болмаған балалық шақ” повесіндей бестселлерге айналары сөзсіз. Бұл повесте де автордың тағдыркешті балалық шағы айна-қатесіз суреттеледі. Түбінде Ақберен ағасы бар кедергілерді жеңіп шығады! Таланты мен түйсігі қос қанатындай жұптасқан Жәмиләмызға өмірде де, қазақ әдебиеті көгінде де ақ жол тілейміз!

Жәмилә! Шығармаңның бәйге төрін: «Жарығыңыз, іштегі шырағыңыз сөнбесін, аяулы оқырман!» деген аса қымбат тілекті сөйлеммен кестелеген екенсің. Осы ақ ниетіңді өзіңе де арнаймын, әрі мақаламды «Шырағың сөнбесін!» деп атадым, келісесің ғой?

Әміре ӘРІН