КӨП КІТАП ОҚИТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ЖҮЛДЕ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 11.07.2021
Оқылды: 997
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы мәресіне жетті. Жүлдегерлерге марапат табыс етілді.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметкерлерді кітап оқуға ынталандыру мақсатында өткен байқаудың марапаттау салтанатында сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек игі шараның мәні мен мазмұнына тоқталып өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерді мерекесімен құттықтады.

«Парасаттың ең биік ғимараты – кітапхана» деп сөз зергері Әбіш Кекілбаев айтпақшы, бүгінде кітап оқу, парасат биігіне көтерер шығармалармен танысу, руханият бұлағынан шөл қандыру өзекті мәселеге айналды. Әдебиет ауылына ат шалдырған кез келген адамның қоғамдағы орны салмақты, жолы сара болары дәлелденген дүние.

Осы орайда мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен байқауда оза шапқандар ақшалай сыйлықпен, жүлделі орындармен марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің Алматы облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы Бағдат Тараков және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы Мақпал Бекқұлова жарыс жеңімпазы деп танылды.

Өз кезеңінде жүлделі орынға ие болған өзге де мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы